Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округінің әкімі балалар арасында ерекше байқау ұйымдастырды. Жазғы демалысын пайдалы өткізіп, көп кітап оқыған жеткіншектерге қозы үлестіруде. Маусымда Абай мектебінің 6-сынып оқушылары аталмыш байқауда жеңімпаз атанып, үйіне қозы жетектеп қайтқан. Бұл бастама тамыз айында да жалғасын табады, жүлде қоры – бес қозы.
Серғали Құрымбековтің Бөржар ауылдық округінің әкімі болғанына бір жылдан асыпты. Ол осы байқаудан кейін ауылда кітапқұмар балалардың қатары көбейгенін айтады.
«Ауылдағы әкімдік ғимаратының жанына wi-fi желісінің қондырғысы орнатылған. Осы маңда wi-fi жақсы жұмыс істейтінін әрі оның құпиясөзі жоқ екенін біліп алған ауыл балалары ғимараттың жанына топырлап жиналып алып, күн ұзаққа телефонға телміріп отырады. Бірнеше рет өздеріне де, ата-аналарына да ескертіп, үйіне қайтарып жіберіп жүрдім. Тура жанымызда кітапхана бар, балаларды бірнеше рет сол жаққа бағыттап та көрдім.
Бірақ бүгінгі ұялы телефон мен интернеттің дәуірінде кітап оқуға қызығатын бала аз. Осы олқылықтың орнын қалай толтырсақ екен деп жүрдік. Аудан орталығында әр аптаның дүйсенбісінде актив жиналысы өтеді. Сондай жиындардың бірінде аудан әкімі Бағлан Батыршаев ауыл әкімдеріне «Балалар жылына» орай балаларды кітап оқуға қызықтыру туралы бастамаларды қолға алсаңдар болады» деген ұсыныс айтты. Кітап оқуға ынталандыратын жүлделі байқау ұйымдастыру туралы ой келді. Ауылдастарыммен ақылдасып едім, қолдай кетті. Сөйтіп, «Кітап оқып, қозы ал» жобасын жүзеге асырдық», – дейді округ әкімі.
Яғни, байқаудың демеушілері – ауыл халқы. Ауыл азаматтары Нұрсұлтан Елтаев, Нұржан Базарбаев, Қайрат Биназаров әкімнің балаларды кітап оқуға баулу туралы идеясына қолдау білдіріп, жүлде қорына қозы қосқан.
«Маусым айында әкімдіктің қызметкерлері бар, кітапханашы Нұрсұлу апайымыз бар, кітапханаға белсенді келетін балаларды жинап, оларға оқыған шығармасы бойынша сұрақтар қойдық. Туындыны түсініп оқыған Абай мектебінің 6-сынып оқушылары Әлихан Шекербек, Бекзат Назаров және Әділет Өсербайды жеңімпаз деп танып, оларға үш қозы сыйладық. Мұны естіген ауыл балалары кітапханаға жиі әрі белсенді келе бастады. Ордабасы ауданы әкімі Бағлан Данибекұлының бастамасымен тамыз айында осы байқауды қайталап өткізбекпіз. Оған қатысуға ниеттенген бала қатары көп, бәрі бірдей белсенді, ешқайсының көңілін қимаймыз. Сондықтан келесі жолы аудандағы Орталық кітапханадан арнайы мамандар келіп, қазылық етеді. Сол уақытта шешім әділ болады», – деп атап өтті әкім.
10 жастағы Әлихан Шекербек – кітап оқып, қозы алған жеңімпаздардың бірі. Төртінші сыныптан бастап әдебиетке деген ықыласы ауған Әлиханға жарты сағатта кітап оқып, мазмұнын айту қиын емес. «Кітап оқығаным үшін қой береміз дегенде сенбедім. Бірақ кейін шынымен қозы сыйлады. Қазір оны өзім бағып жүрмін», – дейді Әлихан Шекербек.
Бөржар ауылдық округінде 8 елді мекен бар. 12 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде 2500-ге жуық мектеп жасындағы бала бар. Бүгінде кітапханадан кітап жаздырып алып, байқауға дайындалып жатқан балалардың саны 100-ге жуықтапты.
«Мектеп жасындағы 300-ге жуық оқырманымыз бар. Өткен жолы үш оқырманымыз ауыл әкімі тағайындаған сыйлық – марқа қозыны жеңіп алды. Олар биыл 6-сыныпты бітірді. Ауыл округінің әкімі тағы 5 үздік оқырманға қозы атап отыр. Осы жаңалықты естіп, олардың қатарына қосылуға талпынып жатқан қарадомалақтар қатары күн сайын өсуде. Әдетте тып-тыныш тұратын оқу залына қазір жан біткендей. Балалар: «Апай, жарысқа қатысып, қозы алу үшін қандай кітап оқуымыз керек?» деп сұрап қояды», – дейді кітапханашы Нұрсұлу Бегімбет.
Биыл «Балалар жылында» кітапхана қоры балаларға арналған әдебиеттермен толыға түсуде, ауылдық округке жасөспірімдерге арналған басылымдардың барлығы келеді екен.
«Ауыл балалары қазақ ертегілерін қызыға оқиды. Поэзияны ұнататын жастар Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы шығармаларын сұрайды. Бердібек Соқпақбаевтың әңгімелеріне сұраныс көп. Әзілхан Нұршайықовтың, Әкім Ысқақтың еңбектерін де қызыға оқиды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған газет-журналдарды жақсы көреді. Бір-бірінен естіп, белгілі бір кітапты іздеп жатады. Оқушылар сұрап келген, қызыққан шығармаларын тауып беруге тырысамын», – деп қосты кітапханашы.
Ауыл балаларын смартфонға деген тәуелділіктен арылту үшін кітапхананың жанына бассейн де қойылыпты. Олар алдымен бассейндегі салқын суға шомылып, үйіне қайтар жолда кітапханаға бас сұғып, кітап жаздырып алады екен.
«Кітап – қазына. Әдебиетке ерекше құмартып өстім. Мектепте тарих пәнін сүйіп оқыдым. Сұлтан деген сыныптасым екеуміз тарихи деректер айтудан жарысатынбыз. Аздап өлең де жазамын. Ал бүгінгі өскелең ұрпақты ұялы телефоннан ажырату, алыстату өте қиын. Бұл тәуелділік оларға кітап оқуға мұрша бермейді. Ауыл балаларының кітап оқуға деген ынта-ықыласын ояту үшін кітапхана жанына бассейн де орнаттық», – дейді Серғали Құрымбеков.