Қымбатшылық қарқыны тіптен үдеп барады. Соңғы бір жыл ішінде елімізде сүт бағасы 21 пайызға өскен. «Қайбір зат қымбаттамай жатыр еді» деп елемеуге болатын. Бірақ сүт өнімдерінің қымбаттағаны бір төбе, қант секілді қат бола ма деген қорқыныш бар. Өйткені отандық өндіріс тұралаған. Себебі не, зардабы қандай болуы мүмкін?
Дағдарыстың дауылы құлатқандар
Тапшылық жайлы бекер сөз қозғамадық. Өйткені елде сүт өндірісі аяқасты тұралап жатыр. Мәселен, биыл қаңтар-мамыр аралығында сұйық сүт пен кілегей өндірісі былтырғымен салыстырғанда 7 пайызға төмендеп, 235,3 мың тонна болған. Соңғы алты жылда өндіріс бірінші рет осылай құлдырады. Негізі сүт пен кілегейге деген ішкі сұраныстың 95,9 пайызын өзіміздің отандық зауыттар қамтамасыз ететін. Шетелден әкелінетін сүт пен кілегей үлесі бар болғаны 3,7 пайыз еді. Отандық өндіріс тоқырады дегенше болған жоқ, импорт үлесі лезде 4,1 пайызға өсті. Бағаның жайы онсыз да белгілі. Маусымның қорытындысы бойынша сүт бағасы бірден 2,4 пайызға, ал жыл басынан бері 17,2 пайызға қымбаттаған. Ал былтырғымен салыстырғанда, 21,5 пайызға өсіпті. Қазақстанда қант тапшы болғалы оның бағасы қалай өскенін ел жақсы біледі. Егер отандық өндірісті дағдарыстан алып шыға алмасақ, сүт құны да сол сценариймен өршуі мүмкін. Өткен аптада елде сүт өңдеп, оны қаптаумен, сүттен түрлі өнімдер жасаумен айналысатын кәсіпорындар тығырыққа тірелгенін хабарлады. Соның бірі – «Солнечный» сүт зауыты. Қазір зауыт басшылығы қиындықтан шығарға жол іздеп, билік өкілдерінен көмек қажет екенін айтып, жиі бұқаралық ақпарат құралдарына шығып жүр. Мұндай қиын жағдайға тап болған осы зауыт қана емес, басқалары да бар. «Зауытымыз қызметін уақытша тоқтатты. Өйткені қарызға баттық. Банктер есепшоттарымызды бұғаттап, қарызды өндіру амалдарына кірісті. Біз әлденеше рет банкке жүгініп, борышты қайта құрылымдауды сұрадық. Осының арқасында кәсіпорынды дағдарысты жағдайдан алып шығып, қайтадан даму жолына түсіруге болатын. Алайда, банктер жағдайды түсінгісі келмейді. Компанияның өндірісті толыққанды жандандыру, сүт өнімдерінің экспортын дамыту жоспары бар еді. Өнімдеріміз көрші Ресейде кең сұранысқа ие болатын», – деген «Солнечный» сүт зауытының басшысы Л.Магай. Кәсіпорындардың хәлі шынымен нашар. Мысалы, жаңағы айтқан компания бірнеше банктердегі қарызын қайта құрылымдауға зәру. Ол іске аспайтын болса, зауыттың 933 жұмысшысы «екі қолға бір күрек таппай» қалады. Тіпті, соңғы деректерде қызметкерлер жұмысқа шығудан бас тартып, шенділерге шағым айтып, наразылық бастапты. Салықты төлеуде де қиындық туындаған. Зауыт төлейтін салық көлемі 2018 жылғы 223,3 млн теңгеден 2021 жылы 335,1 миллионға дейін артқан. Егер қалыпты жұмыс істегенде, 2022 жылы бюджетке 480 миллион теңге салық аудармақ болған. Дегенмен кәсіпорынның хәлі одан әрі қиындай түсті. Қарыздың бір бөлігін өтеуге бағытталған 800 миллион теңге де жұғым болмаған. Осыған дейін ірі бизнес саналған кәсіпорындар осылайша тығырыққа тірелуде. Олардың бұлай кері кетуіне себеп те жоқ емес. 2020 жылы басталған пандемия, карантин салдары, соңғы қаңтар оқиғасы да біршама зиянын тигізді. Украина мен Ресей арасындағы соғыстан кейін батыстық сансыз санкция да әсер еткені даусыз. Сарапшылар өндіріске қатысты келеңсіз құбылыстардың көбейерін көктемнің басында-ақ болжаған. Сонда да көп кәсіпорындар соққыға дайын болмай шықты.Қаржы түгілі қаптама да қат
Отындық өндіріс деген аты болғанымен, онда да шетелден алдыртатын өндіріске қажетті қосымша заттар өте көп. Мысалы, қарапайым сүт өнімдерінің қорабын да көрші Ресейден алдыртып отырғандар аз емес. Міне, мәселенің түпкі мәні қайда жатқанын аңғару қиын емес. Айтпақшы, сүт өндірушілердің базынасынан кейін көп ұзамай Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» аясында биыл бірінші тоқсанда «Солнечный» сүт зауытына 1,4 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілгенін хабарлады. Бірақ 800 млн теңгемен түйткілі тарқамаған зауытқа бұл сома не болады? Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесіне түзетулер әзірлеп шыққан. Бүгінде ведомство ұсыныстарын құжатты бизнес талқысына салып жатыр. Сүт одағы жаңа сүт зауыттарын субсидиялауға қарсы шығып отыр. Бір жағынан ол субсидиялау нормативтерін қайта қарап, қаржыны арттыруды сұрайды. Екінші жағынан қауымдастық жаңа өңдеуші зауыттарды қолдауды орынсыз санайды, себебі қолданыстағы кәсіпорындардың үлкен бөлігі жартылай ғана жүктеліпті. Одақтың дерегінше, Қазақстанда сүт өңдейтін 130-дан астам кәсіпорын тіркелген. Бірақ қазіргі кезде кейбірі мүлдем жұмыс істемейді. Қалғанының айтарлықтай бөлігі 50 пайызға да жүктелмеген. Республикада сүт өңдеуде басы артық қуаттылық бар. Сүт өңдеушілер бағдарламадағы бұл бағытты қаржыландыруды қысқартып, босаған қаражатты құрал-жабдық сатып алуға арналған субсидияны арттыруға бағдарлау керек деп есептейді. Ол қымбаттады. Жабдықты субсидиялау сомасын валюта бағамын және инфляцияны ескере отырып, 50 пайызға ұлғайтқан жөн екенін айтады мамандар. Ауыл шаруашылығы министрлігі сүтті субсидиялау тетігін республикалық деңгейден өңірлерге беруді ұсынып отыр. Меморган жобасында механикалық сиыр сауу құрылғысы бар барлық өңдеушілерге 1 литр сүт үшін 20 теңгеден, ал кем дегенде 600 бас сиыры бар сүт кешеніне ие өңдеушілерге 1 литрі үшін 45 теңгеден қайтарымсыз субсидия беру ұсынылған. Ведомство қосымша 100 миллиард теңге бөліп, оның 30 пайызын инвестициялық субсидиялауға, қалған 70 пайызын Аграрлық несие корпорациясының жарғылық капиталын толықтыруға жұмсауды жоспарлады. Бұл қаражат сүт тапсыратын фермерлерге жаңа бағдарлама аясында 15 жылға, жылдық 3 пайыздық сыйақы ставкасымен арзан кредит ретінде таратылады деп ойластырылған. Үкіметтің ұсыныстары және жаңа қағида жобасы өндірушілердің сын-ескертпелері негізінде пысықталмақ. Дегенмен қаржы сарапшысы Бауыржан Ысқақов қаншама іс-шараларға қарамастан оң өзгерістің болуы қиын екенін айтады. «Импортқа тәуелді ел ретінде қиындыққа кез боларымыз анық еді. Толығымен отандық өндірісті қолға алмайынша, бұл мәселе алдымыздан шыға береді», – деді ол. Қорыта айтар болсақ, отандық сүт өндірісіне қатысты жағдайдың әрі қарай қалай болары беймәлім. Санкцияның сарсаңы өндірістегі шикілікті ашып көрсеткендей. Енді осыған дейін азық-түлік мәселесінде импортқа сенген шенеуніктер мен отандық өндіріс атауын алып, бірақ шетелдік тауарларға тәуелді болған кәсіпорын басшылары қандай қадамға барарын бақылаймыз.