Мемлекеттік қызметтің жаңа тынысы ашылмақ
Мемлекеттік қызметтің жаңа тынысы ашылмақ
1,392
оқылды
Өткен аптада Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінде Дархан Жазық­баевтың төрағалығымен 2022 жылдың бірінші жарты­жылдықтың жұмыс қорытындысы бойынша мәжіліс өтті. Жиынға Пре­зидент Әкімшілігінің өкілдері, агент­тіктің басшылығы мен қыз­меткерлері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталық, сондай-ақ агенттіктің аумақтық департаменттері бейне­конферен­ция байланысы арқылы қатысты. Мәжілісте Агенттік қызметінің барлық бағыттары бойынша жұмыс қорытын­дылары талқыланып, жылдың соңына дейінгі міндеттер айқындалды. «Агенттік ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лісінің отырысында Мемлекет бас­шы­сы белгілеген стратегиялық міндет­терді іске асыру бойынша жұмыстар жүргізді. Мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіру агенттік басымдықтарының бірі болып қала береді. Іріктеу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметтен «шығу» тәртібін жеңілдету жөніндегі жұмыс жалғасуда. Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу мен ілгерілетуде мери­тократия қағидаттарына негізделген ашық, ең бастысы әділ жүйені қалыптас­тыру маңызды міндет болып отыр», – деді агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев отырыс барысында. Сондай-ақ төраға Мемлекеттік ап­парат­­тың сапалық құрамын арттыруға қосымша жағдайлар жасау үшін халық­аралық тәжірибені зерделеу негізінде әкімшілік мемлекеттік қызметке іріктеу құралдарын дамыту жөнінде шаралар қабылдануда екендігін жеткізді. Сонымен қатар кейбір лауазымдарға мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жеңілдету қарас­тырылуда. Әрі мемлекеттік қызметтен «шығу» бойынша тәртіп те оңтайлан­дырыл­мақ. Тиісті заң жобасы Парламент­тің қарауына енгізілді. Сондай-ақ Пре­зиденттік жастар кадрлық резервінің өкілдерін мемлекеттік қызмет жүйесіне және квазимемлекеттік секторға тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмысты жүйелеу үшін мансаптық ілгерілеу, дағды­ларды дамыту және қызмет тиімділігін бағалау мәселелерін реттейтін мемлекеттік қызметке резервшілерді жалдау алгоритмі әзірленді. Айта кету керек, бүгінде резервтегі 350 қызметкердің 238-і жұмыс­қа орналастырылды. Дархан Медеғалиұлының айтуынша, мемлекеттік қызметшілерді бағалауды тоқсан сайынғы негізде жүзеге асыру жос­парлануда, оның нәтижелері мериток­ратия қағидаты бойынша мансаптық ілгерілету кезінде пайдаланылады. Осылайша, қатарынан 4 тоқсан бойы жоғары баға алған қызметшілерді тікелей қызметке тағайындау көзделуде. Белгілі бір қызметкерлерді жылжыту мақсатында бағалау кезінде формализмді болдырмау үшін мұндай тағайындау агенттікпен келісіледі. Сонымен бірге қатарынан 2 тоқсан қанағаттанарлықсыз баға алған қызметкер лауазымы төмендетіліп, ал бос орын болмаған жағдайда жұмыстан шығарылу мәселесі қарастырылуда. «Ал қызметкерлерді ротациялауға келер болсақ, міндетті ротация қолда­нылатын тұлғалардың тізбесі кеңейтілуде. Ротацияға жататындар қатарына «А» және «Б» санаттары тобының лауазымдары енгізілетін болады. Бұдан басқа, қызмет­шінің атқаратын лауазымында болу мерзімдері біріздендіріледі, сондай-ақ басқа жерге ротацияланатын қызметшілер үшін тұрғын үй төлемдері қарастырылады. Кәсібилендірудің, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алудың маңызды құралдарының бірі – мемлекет­тік қызметшілерді уақытылы ротациялау», – деді ол. Мәжіліс барысында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қыз­мет­тердің сапасын арттыру жөніндегі жұмыстың негізгі басымдықтары да айқындалды. «Мемлекет басшысының Жарлығымен агенттікке жаңа функциялар – мемле­кеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мониторинг пен талдау жүргізу, оның ішінде мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін зерделеу жүктелді. Бұл жұмыс арнайы әзірленген әдістемені ескере отырып, денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау салаларында жүргізілетін болады. Талдау жұмысының нәтижелері Президент Әкімшілігіне 2023 жылғы 20 қаңтарға дейін енгізіледі. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңға соңғы түзетулер бойынша «қоғамдық маңызы бар қызмет» деген жаңа ұғым енгізілді. Ол үздіксіз негізде жүзеге асырылатын және қоғам өкілдері­нің заңды мүдделерін қанағаттандыруға бағытталатын болады. Бұдан былай мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалаудан бөлек, агенттік қоғамдық мониторинг шеңберінде қоғамдық маңызы бар қызметтерді бағалап, оларды ұсыну сапасын жақсарту бойынша ұсынымдар шығарады», – деп атап өтті агенттік төрағасы. Бүгінгі күні қызмет алушылар тарапы­нан шағымдарды күтпей, қызмет көрсету мерзімдерінің сақталуына және бас тарту негіздеріне қашықтықтан мониторинг жүргізу жұмысы оң нәтижесін көрсетуде. Бұл қызмет алушылардың шағымдарын күтпей-ақ, тиісті шараларды қабылдауда проактивтілік пен жеделдікті қамтамасыз етеді. Қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қорғау мәселесі және ол туралы ақпараттандыру ерекше маңызға ие болып отыр. Жыл басында 5 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары ұйымдас­тырылып, мемлекеттік қызметтерді көрсету орындарында 50 мыңға жуық түсіндіру плакаттары мен ақпараттық баннерлер орналастырылды. Нәтиже­сінде, 111 қызмет алушының құқықтары қорғалып, қалпына келтірілді. Бұл өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстыр­ғанда 18%-ға (91), ал 2020 жылмен салыс­тырғанда 42%-ға (64) артық көрсеткіш. «Күн тәртібіндегі маңызды мәселе – әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Қоғам мемлекеттік қызметшілерден олардың біліктілігімен қатар әдептілігін, ашықтығын, адалды­ғын, адамгершілік қасиетін және жоғары мәдениеттілігін талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында, кейін сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнін­дегі мәжілісте сөйлеген сөзінде «...мемле­кеттік қызмет жүйесін іс жүзінде сервистік және клиентке бағдарланған болуы үшін қайта жаңғырту» қажеттілігін атап өтті. Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жаңа сын-тегеуріндерді шешу жаңа редак­циядағы Әдеп кодексін қабылдауға себеп болды. Кодексте адал ниеттілік, адалдық, әділеттілік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану іспетті мемлекеттік қызметтің әдептілік қағидаттары айқындалды. Бұл ретте «клиентке бағдар­ланған» мемлекеттік аппаратты қалып­тастыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар қарастырылған», – деп атап өтті кеңес барысында агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев. Жиында Әдеп жөніндегі кеңестердің жұмыс қорытындылары айтылды. Аталған кезеңде кеңес 82 отырыс өткізіп, онда барлығы 542 мәселе қаралған. Оның ішінде, тәртіптік істер – 189, про­филактикалық бағыттағы мәселелер – 321 немесе шамамен 60%. Осылайша, Әдеп жөніндегі кеңестердің қызметі көбінесе этикалық нормаларды бұзудың алдын алуға және мемлекеттік қызметшілердің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Осы жұмыстың арқасында әдеп нормаларын бұзғаны үшін жазаланған адамдардың саны жыл сайын азайып келеді. Атап айтқанда, соңғы екі жылда олардың саны 2 есе азайған. Әдеп жөніндегі кеңестер 2393 ұсыным енгізіп, ол 96 пайызға орындалды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 1323 азаматтың құқы қалпына келтірілді. Әдеп жөніндегі кеңестердің ұсынымдары негізінде 32 мемлекеттік қызметшіге қолданылған тәртіптік жазалардың күші жойылды, 63 тәртіптік іс тоқтатылды. Жұмыс уақытын жүйелі түрде бұзуға жол бермеу жөніндегі жұмыс нәтижесінде 1047 қызметшіге қосымша демалыс сағаттары берілді. Үстеме жұмысқа заңсыз тартылған қызметкерлерге 38 млн. теңгеден астам ақшалай өтемақы төленді.