Алматы қаласын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған «Алматы Су» мекемесінің бұрынғы қызметкерлері жаңа басшылықтың әрекетіне қарсылық білдірді. Олар өздерінің жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтады. Тіпті арасында қудалауға ұшырап, өз еркімен жұмыстан шыққандары бар. Наразы топпен, олардың заңды өкілдерімен кездесіп, айналасы 2-3 айдың ішінде «Алматы Су» мекемесін ала тайдай бүлдіргендердің әрекетіне қатысты көптеген мәліметпен таныстық.
Жаңа директор – жаңа мәселе
Олардың айтуынша, бәрі басшылықтың ауысуынан басталған. Сәуір айында бұрынғы бас директор Қайрат Әбдірәсіловтің орнына Ілияс Қазиев келген. Осы сәттен бастап қызметкерлерді қысқарту мен негізсіз қудалау басталған. «Алматы Су» компаниясының кәріздік тазарту басқармасының бұрынғы басшысы Марат Досымов та қуғындалғандардың қатарында. «Мен осы компанияда басқарма басшысы болып 20 маусымға дейін жұмыс істедім. Маған Қауіпсіздік қызметі департаментінің директоры Марат Тұрсынов деген азамат жала жауып, қысым көрсетіп, жұмыстан шығаруға мәжбүрледі. Мен ертеңіне заңгермен ақылдасып, жұмыстан өз еркіммен кету туралы арызымды қайтып алдым. Соған қарамастан бас директоры Ілияс Қазиев заң бұзушылыққа жол беріп, жалған құжат жасап, мені жұмыстан босатып отыр», – дейді ол. «Алматы Судың» бұрынғы басқарма басшысы Марат Досымов өзіне басшылық тарапынан қысым жасалғанын айтып отыр. Оны маусым айының басында компанияның департамент басшысы Дастан Биманов шақырып, басқарма маңына тұрғындардың арыз-шығымы бойынша Экология департаментінен тексеріс келетінін айтқан. Соған «ауызбастырық» ретінде қарамағындағы қызметкерлерден 500 мың теңге жинап алып келуді тапсырған. Досымов бұл «бұйрықты» сол күні ың-шыңсыз орындап, басқармаға қарасты бөлімдердің басшыларынан 300 мың теңге ақша жинаған. Оны басқарманың қызметкері Ернұр Дүнгенов арқылы мекеменің экология бөлімінің басшысы Айдынның есепшотына аударып жіберген. Басқарма басшысын қудалау мұнымен тоқтамаған. Арада бірнеше күн өткен соң Досымовты мекеменің Қауіпсіздік қызметі департаментінің директоры Марат Тұрсынов шақырып алып, «басқарма жұмыс істеп тұрған аумақта арпа, бидай егіп, мал асырап отыр екенсің. Бұл заңсыз. Сол үшін сенің үстіңнен қылмыстық іс қозғалғалы жатыр. Сондықтан өз еркіңмен жұмыстан кетіп қал» дегенді айтады. Осыдан кейін Марат Досымов амалсыз 16 маусым күні жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазады. Осы кезде оған Тұрсынов арызын келесі күнмен яғни 17 маусыммен жазуды бұйырады. Оның себебін арызға қол қоятын мекеме басшысы Қазиевтің сол күндері Нұр-Сұлтан қаласында іссапарда жүргенімен түсіндіреді. Артынша Марат Досымов заңгерлермен ақылдаса келе, Қауіпсіздік қызметі департаментінің директорының сөзі жай ғана қорқыту үшін айтылғанын біледі. Осыдан кейін 20 маусым күні таңертең барып өзін жұмыстан босату туралы жазған арызын қайта алатындығы туралы арыз тастап, жұмысқа келеді. Бірақ, басшылық мұның соңғы жазған арызын көзге ілмеген.Басқарма басшыларының орнына қызыққан ба?
«Алматы Судағы» жұмысынан негізсіз босап қалған бірнеше азаматтың құқығын қорғап жүрген заңгер Шәмет Жайлаубай мекеме басшылары тарапынан заңды өрескел бұзу фактілері байқалғанына назар аударды. Қазиевтің басшылыққа келуімен «Алматы Су» мекемесінен 100-ге жуық адам жұмыстан босатылыпты. Заңгер олардың құқықтары аяқасты болғанын тілге тиек етті. «Бұл жердегі азаматтардың құқығы бұзылғандығы туралы мысал көп. Мәселен бұрынғы басқарма басшысы Марат Досымовты жұмыстан босату үшін мекеме басшылығы жалған құжат жасаған. Яғни, мекеменің бас директоры Ілияс Қазиев Досымовтың өзін жұмыстан босату туралы арызына қол қойылған 16-17 маусым күндері Нұр-Сұлтан қаласында іссапарда болған. Ол мінген ұшақ Алматы қаласына 17 маусымда сағат 19.00-ден кейін қонған. Ал 18-19 маусым демалыс күндерге сәйкес келіп тұр. Алайда, құжаттарға зер салып қарасақ, Досымовтың жұмыстан кету туралы арызына мекеменің бас директоры 17 маусым күні қол қойған. Біздің білуімізше, Қазиевтің бұйрыққа қол қоюға тек 20 маусым күні ғана мүмкіндігі болды. Ал Досымов заңгермен ақылдаса келе, өзінің жұмыстан кету себебі заңсыз екенін білген соң, 20 маусым күні сағат 08.15-те жұмыстан босату туралы арызын қайтып алатындығын жазған. Алайда, ол қанағаттандырылмаған, – дейді заңгер Ш.Жайлаубай. Жұмыстан босату кезіндегі тиісті заңнаманы өрескел бұзу фактілерін Досымовтан басқа да қызметкерлердің мысалынан кездестіруге болады. Мәселен Су бұру департаментіне қарасты кәріз желілері мен сорғы стансаларын пайдалану басқармасының бұрынғы басшысы Куаныш Дарибаев Еңбек кодексіне сай штат қысқартылатындықтан еңбек шартының бұзылуы туралы хабарлама алған. Алайда ол бұл хабарламаға келіспеген. Өйткені Дарибаев зейнет жасына жеткенімен жұмыс берушімен арадағы еңбек келісімшарты 2022 жылдың 14 қарашасына жасалған. «Бір қызығы бұл хабарламада жергілікті кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ж.Калиакпарованың да келісім берген қолы болған. Кейіннен Дарибаев арызданған соң кәсіподақ төрайымы өз келісімін қайтарып алды. Себебі, оған кадр департаментіндегілер толық мәлімет бермеген. Яғни, Дарибаевпен арадағы шарт 2022 жылдың 14 қарашасына дейін созылғандығын кәсіподақ төрайымынан жасырған. Тағы бір басқарма басшысы Думан Макеев те осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттің құрбаны болған», – дейді заңгер Ш.Жайлаубай. Айдың-күннің аманында «Алматы Судағы» жұмысынан айрылып қалған бас инженер Азамат Қоянбаевтың жағдайы тіптен қызық. «Бұл жерде заңды басқа емес, бас директор Қазиевтің өзі бұзған. Қоянбаев кезекті еңбек демалысына кеткен кезде, Бас директор оның орнына М.Батхан деген азаматты тағайындайды. Оған дейін Қоянбаев тарапынан ешқандай жұмыстан кету туралы арыз немесе ұсыныс болмаған. Қоянбаев қызметтік кабинетінің кілтін өзімен бірге алып кеткен. Сол мезетте комиссия құрылып, Қоянбаевтың кабинетінің есігін сындырып, орнына бас инженерді отырғызған. 30 маусым күні Қоянбаев еңбек демалысынан оралады. Екі тәулік бойы мекемеде екі бас инженер бір кабинетте отырып жұмыс істеген. Артынан Қоянбаевтың соңына түсіп, қызметінен қуып тынған», – дейді құқық қорғаушы.Бидай мен арпаны таптауға дейін жетті
Жұмыссыз қалған Марат Досымовтың жаңа басшылыққа тағы бір өкпесі бар. Қудалауға ұшырап жұмыссыз қалған Досымовтың 6 гектарға жуық жерге егілген бидайы мен арпасын мекеме басшыларының бұйрығымен әлдебіреулер трактормен таптап кеткен. «14 шілде күні менің бес гектардан аса жерге еккен арпамды трактормен таптап тастапты. Маған келген шығын көп. Мен бос жатқан жерге өз қаражатыма егін ексем, мемлекетке немесе мекемеге зиян келтірмесем, бұлардың менің еккен егінімде не ақысы бар. Обал емес пе? Ең болмаса пісіп тұрған астықтың обалына қалмай, егінді жинап алғанша шамалы күн шыдай тұрса болмас па еді?», – деп күйінді М.Досымов. Бұған қатысты суға жауапты мекеме өкілдерінің өз айтар уәжі бар екен. Журналистердің алдына шығып, мән-жайды түсіндірген «Алматы Су» кәсіпорнының өкілі, мемлекеттік мекеме меншігіндегі жерге егін салуға, басқа да қосалқы шаруашылықтар тыйым салынған. «Біздің мекемеге қарасты мұндай бірнеше аймақ бар. Ол аймақтардағы бос жатқан жерлерге егін егу, балық өсіру, мал ұстау секілді әрекеттерге заң бойынша рұқсат етілмейді. «Астық егілген алқапты сүріп тастады» деп Досымов бізде басқарма басшысы болды. Ол кісі өзі басқаратын басқармаға тиесілі жерге ешкімнің рұқсатынсыз егін егіп, мал ұстаған. Біз аталған ақпараттың анықтығына көз жеткізген соң егінді арнайы техникамен сүріп тастадық», – дейді «Алматы Су» компаниясының өкілі Серік Шағыров. Ал, заңгер Шәмет Жайлаубай болса мекеме басшылары бұл әрекетімен тағы да заң бұзушылыққа барып отырғанын айтады. «Біріншіден, Ата заңымызда жекенің мүлкіне қол сұғуға болмайтындығы тайға таңба басқандай жазылған. Бұлар болса ешқандай құжатсыз, негізсіз біреудің егінін барып таптап, іске жарамсыз етіп кеткен. Екіншіден, бұндай әрекетке бару үшін көп жағдайда соттың шешімі болуы керек. Не болмаса, комиссия құрылып, акт толтырылуы қажет. Үшіншіден, компанияның жарғысында мекемеге тиесілі бос жатқан аумақтарға егін егуге, басқа да әрекеттер жасауға болмайды деген бірде-бір сөз жоқ. Бұл жерде компанияның әрекеті барып тұрған бассыздық», – дейді заңгер Ш. Жайлаубай.Ақша жинағанын мойындамай отыр
Осы даулы мәселеде экологияны қадағалайтын мекемеден келген тексерушілерге деп жиналған қаржы төңірегіндегі түйткілді айналып өту мүмкін емес. Заңгер Шәмет Жайлаубай бұл мәселе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағым түсіргенін айтады. Оның айтуынша, қолдарында табиғат жанашырларына пара ретінде ақша жиналғандығын растайтын дәлел жеткілікті. Алайда, ақша жинауға тікелей тапсырма берген департаменттің басшысы бұған қатысты жалтарма жауап беріп мойындамай жүрген көрінеді. «Жақында ғана департамент басшысы болып жаңадан тағайындалған Дастан Бимановтың жоғарыда айтылғандай, Экология департаментінен тексеріс келді деген желеумен ақша жинағаны рас. Бұрынғы басқарма басшысы Марат Досымов 300 мың теңгені Бимановтың бұйрығымен экология бөлімінің басшысы Айдынның есепшотына аударған. Бұйрығының орындалғаны туралы Бимановқа мессенджер арқылы хабарлама жолдап, баяндаған. Оның жазған жауабы да бар. Осы арыз бойынша мекеме ішінен құрылған комиссиялық талқылауда ақша есепшотына түскен Айдын «мен ақшаны қарызға алдым десе, Биманов мен жай ғана кепіл болғанмын», – деп жалтарған. Олардың бұл қисынсыз уәждерін Энергетика басқармасынан келіп, талқылауға қатысқан мамандар қалыпты жағдай деп қабылдаған. Одан барып Досымовтың заңсыз ақша жиналды деген уәжі расталмады деген шешімге келген. Бір қызығы, комиссия отырысында Айдын басқа басқармалардан да ақша жиналғандығын мойындаған. Бірақ ол кімнен, қанша ақша жиналғандығын ашып айтпаған. Комиссия мүшелері де қосымша сұрақтар қойып мән-жайды анықтауға ниет таныта қоймаған. Бұл жерде де сіз бен бізге көрінбейтін бір шикілік бар сияқты», – дейді заңгер.Қанша адам жұмыстан босатылды?
Наразы жаңа басшылық келген екі-үш айдың ішінде жүзге тарта адам жұмыстан түрлі себептермен босатылғанын алға тартады. Ал «Алматы Су» кәсіпорнының су жаңа басшылығы бар болғаны 60 адамды жұмыстан босатып, үнемделген қаржы есебінен жалақыны көтердік деуден танбайды. «Сәуір айынан бастап, мекеменің стратегиялық бағыты өзгертіліп, жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Басшылықтың алдына жалақыны көтеру, «Алматы Су» қызметкерлері үшін қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайларын жасау міндеті қойылды. Осы міндеттің үдесінен шығу үшін кәсіпорындағы қайталанатын құрылымдық бөлімшелер мен басшылық лауазымдарды қысқарту арқылы оңтайландыру жүргізілді. Нәтижесінде 1 шілдеден бастап кәсіпорынның барлық қызметкерлерінің жалақысы өсіп отыр. Оның ішінде өндірістік жұмысшылардың жалақысы 30-49 пайыз аралығында, ал инженерлік-техникалық құрам мен кеңсе қызметкерлерінің жалақысы 15-20 пайызға өсті», – дейді мекеменің ресми өкілі Серік Шағыров. Ол жұмысшыларды қудалап, жұмыстан шығаруға қатысты да өз жауабын берді. Оның айтуынша, компанияның аты аталған қызметкерлерді жұмыстан босатуда ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеген. Есесіне, жаңа басшылықтың келуімен жұмыссыз қалғандар өздерінің кінәсіздігін сотқа шағымдану арқылы дәлелдеумен айналысып жатқан көрінеді. Іске қатысты барлық дәлелдерін жинастырған олар құқық қорғау орындарына арнайы арыз шағым түсіріп қойғандарын айтады. Аталған органдардан қайыр болмаған жағдайда бұрынғы сушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрауға белді бекем буып отыр. Біздіңше, тараптар арасындағы шиеленіскен дау жаңа басшылықтың компанияға өз адамдарын алып келіп, бұрынғы кадрларды тазарту жұмыстарын жүргізгісі келгені себеп болған сыңайлы. Жоғарыдағы жұмыстан негізсіз босатылғандардың жағдайына қарап, олардың бұл ойларын бірте-бірте жүзеге асырып жатқанын байқау қиын емес. Сонда да болса құқық қорғау органдары мәселенің ақ-қарасын анықтап, «Алматы Суда» әділдік салтанат құрар деп сенеміз.Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы қаласы