Былтыр Сыр бойында төрт түлігін түлетіп отырған шаруалар құрғақшылықтың зардабын тартып, жем-шөптен тапшылық көргені баршаға мәлім. Соның салдарынан аштықтан талай мал қырылған болатын. Биыл да қысқа мал азығын қамдау қызылордалық малшылардың бас ауруына айналғалы тұр. Көктен бір тамшы жауын жаумағанынан құрғақшылық дендеген өңірде бұл маусымда да жайылымның жағдайы мәз емес. Соңғы жылдары ақ маржанымен аты шыққан Сыр өңірінде мал шаруашылығына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей тұр. Дария суының төмендеуі атыз жағалаған ағайынға ғана емес, төрт-түлікпен күнелтіп отырған малшы қауымға да оңай тимеді. Жазғы жайылымнан қоң жинамаған малдың қысқы ызғарға шыдас бермесі анық. Көтерем малдың күйі айтпаса да белгілі. Оның үстіне облыста биылғы малдың жем-шөбіне субсидия берілмейтіні жайында айтылған хабарлар шаруаларды есеңгіреп отыр. Осындай мәселелерді алға тартқан малшылар қауымы Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында бас қосып, құзырлы орындардан малдың жем-шөбіне тиісті субсидия берілуін талап етіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Дөңгелек үстелде құрғақшылық қаупі басым Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Жалағаш өңірінен келген шаруашылық қожалық иелері биылғы жағдайлары мәз еместігін алға тартып, мұң-мұқтажын жеткізді. Мемлекет тарапынан берілуі тиіс субсидиядан қағылып отырғанын айтқан олар мал шаруашылығының күн санап мүшкіл тартып тұрғанын мәлімдеді. Малшы қауымның мұңын тыңдаған Қызылорда облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев өңірде қуаңшылықтың белең алып тұрғанын жоққа шығармады. Алайда, шаруаларға субсидия беруге әзірге қазынаның қалтасы көтермей тұрғанын жеткізді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жем-шөпке қаржы бөлуге бюджетте мүмкіншілік болмай тұрса керек. Былтыр өңірді жайлаған қуаңшылықтан Үкіметтен қыруар қаржы бөлініп, облыс бюджетінен де қосымша қаражат қарастырылған болатын. Соның өзінде былтырғы жем-шөпке 53 миллион қарыз болып тұр. Сонымен қатар облыста былтыр болған су тапшылығы биыл да болды. Су деңгейінің былтырғы көрсеткіштен де төмен болып тұрғаны байқалады. Соған орай Үкіметтен 3,6 млрд теңге қарастырылып, оған 162 канал тазартылса, 100-ден аса арнайы су сорғылар алынған. Осы су сорғыларды арнайы орындарға орнатып, тиісті жұмыстар жүргізілген. Күз мезгілінде дария деңгейінің бұдан да төмендеуі ықтимал. Әсіресе Шиелі, Жаңақорған аудандарында қиындықтар байқалуы мүмкін. Сол кездері қосымша су сорғылар іске қосу арқылы қиындықтарды еңсеру жоспарланған. «Жалпы биыл жем-шөпке субсидия бөлінбейді деп нақты айта алмаймыз. Бұл мәслихат сессиясында қаралып, соның негізінде бекітіледі. Негізінен ережеге сәйкес жем-шөпке қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Сондықтан да бұл бюджеттің мүмкіншілігіне қарай белгілі болады. Ал нақты уақытта бекітілген бюджетте жем-шөпке қаржы қаралмаған. Менің білуімше, бүгінде Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, шаруалар субсидия алып отыр. Бұл жерде осы өңірлердің бюджеттері оған мүмкіндік беріп тұр. Былтырғы қуаңшылықта қаржы қолбайлау болғаны белгілі. Сол кезде Үкімет резервінен 1 миллиард теңге көлемінде жем-шөпке қаржы бөлінген болатын. Ал биылғы субсидия мәселесі мәслихатта белгілі болады», – дейді басқарма басшысы. Наразы топ субсидия мәселесі шешімін таппаса, жағдайдың былтырғыдан да мүшкіл тартатынын алға тартып отыр. «Еліміздегі өзге облыстарда субсидия мәселесі шешімін тауып отыр. Ал біздің облыста оны төлемей отырғаны қиындық тудырып тұр. Осы мәселе бойынша алты айдан бері облыс әкіміне кіре алмай жүрміз. Арнайы кездесуге барғанымызбен сәті түсер емес. Алайда, жоғарыға шықпастан бұрын, алдымен жергілікті құзырлы орындардың алдынан өтсек деген мақсатта осындай дөңгелек үстел өткізуді ұйғардық. Егер жағдай бұлай жалғасып, мәселеміз шешілмейтін болса Президенттен көмек сұрауға мәжбүрміз», – деп мұңын шақты бізге Жалағаш ауданы Еңбек ауылынан келген шаруашылық өкілі Бейбітшілік Толыбаев. Шырылққан шаруалар мәселені тамыз айына дейін бір жақты ету туралы талап қойды. Бұл талаптары орындалмаса, Президентке шағымданбақ. Өйткені олар қыстан жем-шөптен тарықса төрт түлігі түгелдей қырылып, ата кәсібінен қол үзіп қалудан қорқады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы