Кімнің бағы басым түседі?
Кімнің бағы басым түседі?
368
оқылды
Спорт жанкүйерлері назар аударып, қадағалап отырған доданың бірі – теннистен Австралия ашық чемпионаты. «Australian Open» деп атаудың да еш сөкеттігі жоқ. Әйгілі испан теннисшісі Рафаэль Надальдің ширек финал­да жеңіліс табуын мамандар «тур­нир­дің басты сенсациясы» деп бағалауда. 26 жастағы австриялық Доминик Тим 33 жастағы Надаль­дің алға шығуына еш мүмкіндік бер­ген жоқ. 4 сағат 10 минутқа созыл­ған матч әлемнің бесінші раке­ткасының жеңісімен аяқтал­ған. «Бірінші сетте есеп 5:3 болып тұрған кезде алға шығып кететін мүмкіндігім болды. Егер солай болған болса, әрі қарай жағдай басқаша өрбитін еді. Доминик жақсы шабуылдап, мені қолайсыз жағдайға қалдыра берді. Тай-брейк­те мүлде нашар ойнадым. Тим­нің ойынына ризамын. Онда бәрі бар – энергия да, еркін­дік те, мықтылық та. Оған басқа тур­нир­лерде де табыс тілей­мін» депті Надаль матчтан кейін. Бұл Надаль мен Тимнің алғашқы айқасы емес. Осыған дейін 13 рет ұшырасқан. Соның тоғызында испан спорт­шы­сы басым түссе, Тим 4 мәрте ғана жеңіске жеткен екен. Енді Доминик финалға шығу үшін бүгін (31 қаңтар) германиялық Александр Зверевпен кездеседі. Неміс теннис шебері осының алдында атақты швейцариялық Станислав Вавринканы же­ңіп кеткен. Сөйтіп, Зверев пен До­ми­никтің қай жеңгені фи­нал­да Новак Джоковичпен кортқа шығып, чемпиондыққа таласпақ. Australian Open-ді алты рет же­ңіп алған Роджер Федерер осы жолы да титулдан үмітті бол­ған. 38 жас­тағы спортшы жарақа­ты­на қарамастан сайыстың жар­ты­лай финалына дейін жетті. Ши­рек финалда ол 28 жастағы аме­рикалық Теннис Сандргенді қапы қалдырған. Жарақатына бай­ланысты өте ауыр қимылдап, бірнеше рет ойсырай жеңілуге шақ қалған Федерер ақыры жартылай финалға берілер жолдаманы иеле­ніп тынды. Жеті матчболды қатарынан жеңіп, бесінші сетте сайыс тағдырын қолына алған болатын. «Ғажайыпқа сену керек» дейді спортшының өзі. Аңызға айналған теннисші Australian Open турнирінің финалына 15-рет шыққан. Ал жартылай фи­нал­дағы бәсеке – оның Джоко­вич­пен 50-рет кездесуі еді. Осы кездесуден кейінгі екеуінің жеке статистикасы бойынша – 27 рет Новак, 23 рет Роджер жеңісті олжа­лаған. «Үлкен дулыға» сайыс­тарында Федерер Новакты 2012 жылдан бері жеңе алмай келе жатыр. Бұл жолы да жеңіске бас­тар жолды таба алған жоқ. Осы турнирдің жеті дүркін чемпионы Джокович алты дүркін чемпион Федерерден 7:6, 6:4, 6:3 есебімен басым түсті.
Жалпы, биылғы турнирдің басты сенсациясы – Надаль ғана десек қателесерміз. Сайыс бастала салысымен жапон Наоми Осака, америкалық Серена Уильямс, даниялық Каролин Возняцки, неміс Анжелика Керберлер де сәтсіздікке тап болды. «Ролан Гар­рос», «Wimbledon, US Open» сияқ­ты айтулы додалардан тро­фейді аямай жиған Серена қы­тай қызы Ван Цяннан ұты­лып қалды. Ал жапон қызы Наоми Осака 15 жастағы америкалық Кори Гауффтан жеңілді. «Көрер­мен­дерге ерекше алғыс айта­мын. Екі жыл бұрын жасөс­пі­­рім­дер арасындағы Australian Open турнирінің алғашқы айналы­мында-ақ жарыс жолынан шығып қалған едім. Ал қазір Наоми Оса­ка­ның өзін жеңіп кеттім. Бүкіл жарыс бойы сабыр сақта, күрес, әр ұпайға ойна, жеңесің деп айту­мен болдым» депті Гауфф матч біте салысымен.
Осы жарысқа қатысқан қа­зақ­стандық теннисшілердің еш­бі­рі жүлдеге қол жеткізе алма­ды. Жұптасып өнер көрсеткен Михаил Кукушкин мен Александр Бублик жартылай финалда Рад­жив Рам мен Джо Солсбери жұбы­нан ұтылып қалды (6:4, 3:6, 4;6). Алайда дәл осы кезеңге дейін Кукушкин мен Бублик жұбы төрт кезеңде жеңіске жеткен бола­­тын. Сөйтіп, олар әлемдік рейтинг­тегі ұпайларын жаңартып қана қой­май, әрбірі 100 мың АҚШ дол­­­лары көлемінде сыйақы да енші­леді. Зарина Диас та ұзаққа шаба алмады. Ол үшінші айналымда Ни­дерланды елінің өкілі Кики Бер­тенске есе жіберді. WTA рей­тин­гінде Диас 73-орында келе жат­са, Бертенс үздік ондықты түйіндеп тұр. Юлия Путинцева да үшінші айналымнан әрі аса алма­ды. Әлемнің 38-ракеткасы әлем­нің 3-ракеткасы румыния­лық Симон Халептен айласын асыра алған жоқ. Алайда қазақ­стандық теннисшілерді жеңген қыз­дардың екеуі де финалға дейін жете алмады. Симон Ха­леп жартылай финалда ис­пан спорт­шысы Гарбинье Мугуру­са­дан жеңілді. Екінші жартылай финалда әлемнің бірінші ракет­касы австралиялық Эшли Барти америкалық София Кениннен мықты болмай шықты. Турнирге қатысқан тағы бір отандасымыз Елена Рыбакина дәл осы Барти­ден жеңіліп, жарысты аяқтаған еді. Сөйтіп, әйелдер арасындағы жекелей өнер көрсету сайысының финалында София Кенин мен Гарбинье Мугуруса бақ сынайтын болды. Мугуруса өз карьерасында «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалына төртінші рет шы­ғып отыр. Соңғы рет 2017 жылы «Уимблдон» бәсекесінің фина­лына шығып, жеңімпаз атанған. Ал бұл жарысқа ол әлемдік рей­тинг­тің үздік отыздығына енбеген күйінде келді. Ерлер арасындағы жұптасып өнер көрсету сайысының фина­лын­да Раджив Рам\Джо Солсбери мен австралиялық Люк Сэфилл \Макс Перселл жұбы кездеседі. Әйелдер арасындағы финалда Барбора Стрыцова (Чехия)  \ Се Шувэй (қытайлық Тайпей) мен Тимея Бабош (Венгрия) \ Кристина Младенович (Фран­ция) жұбы шеберлік байқа­сады. Австралия ашық чемпио­наты­ның жалпы жүлде қоры – 71 мил­лион доллар.   Абай АЙМАҒАМБЕТ