Жаңажолдағы музей қашан ашылды?
Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жаңажол ауылында Мәшһүр Жүсіптің мавзолейі бар. Мавзолейді тамашалап, баба басына зиярат етуге келетіндер жыл он екі ай ағылып жатады. Біздің де бұл мавзолейге екі рет жолымыз түсті. Бірінде – Баянауыл ауданында іс-сапарға шыққанымызда арнайы соғып, бата жасаған едік. Екінші рет – ақынның тұңғыш ұлынан тараған ұрпағы, шөбересі Абай Шарапиевпен сұхбаттасу үшін атаның қара шаңырағына арнайы бардық. Әуелі мавзолей басына соғып, атаға құран бағыштадық. Музейін аралап көрдік. Біз келгенде шөбересі қара шаңырақтағы бұлақ басында жүр екен. Мұнда бұлақтың басын жаңарту үшін құрылыс жұмыстары қызып жатқан. Соның өзінде қара шаңырақты көруге келген қонақтардың қарасы қалың. Бұлақтың суынан дәм татып, ішке кірдік. Ол бізге Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі туралы мағлұматтарды кеңінен таратып айтып берді. Арғы-бергі тарихтан да сөз қозғады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұмырында үш ұл сүйген. Оның тұңғышы Мұхаммед Шарапи, екінші ұлы Мұхаммед Әбен болса, кенжесі – Мұхаммед Фазыл. «Бабамыздан өрген шөбере-немерелері бар. Біз тұңғыш ұлынан тарадық. Ортаншы ұлы өмірден ерте кетті. Ол 1921 жылы Ташкентте мектепте мұғалім болып жүргенінде кісі қолынан қаза тапты. Артында ұрпағы қалмады. Кенже ұлынан да ұрпағы бар. Бабамыздың айтқан сөзі бар екен: «Бір балам бар өзіме жете туған, бір балам бар өзімнен өте туған, бір балам бар артымнан кете туған», – дейді Абай Шарапиев. Ескелді ауылындағы ғалымның қара шаңырағын қайта тұрғызған да шөберелері. Ал музей 1976 жылы Көпейұлының шығармаларын, өмірін зерттеумен айналысқан зерттеуші Нағи Ахметов пен ақынның ұрпақтары бастамашы болуымен ашылған. Алайда үй ішінен музей ашу да оларға оңай соқпаған сияқты. Діни кісі болды деп, басшылық тарапынан қарсылық көп болған секілді. «Алғаш 1965 жылдан бастап қана музей ашу туралы бастама көтеріле бастады. Нағи Ахметов Орталық партия комитетіне, Жазушылар одағы съезіне хат жазды. Қазақстан компартиясына да хат жолдады. Олар Көпейұлы діни адам деп қорқып, ат-тонын ала қашты. 1976 жылы бірінші мамырда Төлеубай Шарапиұлының үйінде Мәшекеңнің қолданған заттары қойылып, Жаңажол ауылында музейі ашылды» дейді шөбересі.«Қара мес»-тің тарихы
«Баба қолжазбаларының бәрі тұңғышы Шарапи атамызда сақталды. Ол кісі осы үйде тұрған. Ол туралы жазушы Дихан Әбіловтің «Естелік» атты әңгімесінде жан-жақты жазылған. 1931 жылдың желтоқсан айы қарсаңында Ғабит Мүсірепов Баянауыл аудандық газетінің тілшісі Ғалым Малдыбаевқа хабарласады. «Мәшһүр Жүсіп қайтыс болды деп естідік. Қолжазбаларын халық тәбәрік деп, жұлмалап алып кетіп жүрмесін. Тезірек оны бізге жеткізулеріңізді сұраймыз» дейді Ғабең. Онда Дихан Әбіловтің Баянауылда аудандық газетте жұмыс істеп жүрген кезі екен. Газеттің бас редакторы: «Ғабең хабарласып жатыр. Дихан, сенің әкең ол кісінің ұлымен дос қой. Қолжазбаларын алып келе аласың ба?» деп, оған тапсырма береді. Дихан үйге кеп, әкесімен ақылдасады. «Әке, Мәшекең қайтыс болыпты. Ол кісінің мұрасын Ғылым академиясы сұратып жатыр. Бұл тапсырманы маған тапсырды. Шәкең ағатайым маған бермеуі мүмкін. Сіз арнайы хат жазып беріңізші» дейді. Әкесі арабша төте жазумен хат жазып, қолына ұстатады. Қыстың күні екен. Қалың қар. Пар ат жегіп, Ескелдіге әзер жетеді. Бабамның «Қара мес» деген кітабын екі апта бойы көшіреді. Сөйтіп көшірме нұсқаны Ғабеңе жібереді. Арада үш жыл өткен соң, 1934 жылы Шарапи атам бүкіл мұрасын алып, Ғылым академиясына апарып тапсырады. Сол кітап егемендік алғанға дейін Ғылым академиясының Сирек қолжазбалар қорында шаң басып қалады. Біреулер тонаған деп те айтады. Тіпті кей беттерін жыртып алып кетіпті» дейді. Дихан Әбілов көшіріп жазған кітапты кейін аударып, екі томдық кітап қылып шығарған ғалым Сәрсенбі Дәуітов екен. 1970 жылы елеусіз қалып қойған кітапқа зерттеуші Нағи Ахметов пен Хамза Абдуллин іздеу сала бастаған. Хамза Абдуллин деген мықты кісі болды. Ол Түркістан легионында болған адам. Ол да бабамыздың мұрасын жинақтауға себепкер болған адамдардың бірі. Сол кісіге Мәшһүр Жүсіптің кітаптарын бермей қойған. «Халық жауы» санаған. «Қара мес» әлі күнге сирек қолжазбалар қорында жатыр. Фазыл атамыздың ғалым балалары 2000 жылдан бастап, аударып, көп томдықты шығарды. Оған сол кездегі облыс әкімі Ерлан Арын көмектескен.Көпейұлының киесі ұрды
Ол кісінің аманаты бойынша қайтыс болғаннан кейін жылдар бойы жерленбей, беті ашық жатқан. Шөбересінің айтуы бойынша ол кісінің қасиеті бөлек болған. Тіпті сол кісінің ерекше қасиетін көрген, сезген адамдардың естеліктері де бар. Ол кісі 1931 жылдың 27 қарашасында қайтыс болған. Өмірінен өтерінен бұрын өзіне жер таңдап, қабірін қаздырған. Қазіргі музей тұрған жерге екі құрылысшыны жалдап, екі бөлмелі зират салдыртады. Бір бөлмесіне өзі пайдаланған ат-арбасын, ертоқымын, киім-кешегі мен кітаптарын әкеліп, ыдыс-аяғы мен насыбайына дейін қойдырады. «Өз үйін мола болмасын, қонақ үй болсын» деп айтып кетіпті. Басына зиярат етуге келген кісілер осы бөлмеге қонып, бабамызға «Құдай рақметіне алсын» деп үш рет айтса жеткілікті. Одан басқа ештеңе керек емес. Тіпті ол кісі өз заттарын қолдануға рұқсат берген. «Тек орнына қайта әкеліп қойса болды» деп айтыпты» дейді шөбересі. Ол кісі өзінің қай уақытта дүниеден өтетінін сезген. «Денем қырық жылға дейін шірімейді, оған кепілдік беремін. Қырық жылдан кейін тағы көрерсіңдер деп айтыпты. Шынында да, оның денесі 1931 жылдан 1952 жылға дейін ашық жатты. Бұл хабар Мәскеуге жетеді. «Айдалада Ленинге ұқсап, қазақтың бір шалы жатыр, алып тастаңдар» деп бұйырады. Сол кездегі Баянауыл ауданының бірінші хатшысы Кенжебай Макин деген кісі марқұмның қасиетін білген соң, біраз уақыт зиратты бұзғызбайды. Алайда, жоғарыдағылар «бұзбасаң, партиядан шығасың» дегенге дейін барады. Қорыққанынан аудандағы біраз белсенді кісіні жинап алып, басына барады. Іштерінде шенге қызығатын бір кісі қолына қайла алып, зиратты бұзады. Сол кісі кейін бір ай өтпей, бүйірінен суық тиіп, қиналып қайтыс болады. Аудандық ішкі істер халық комиссариатының шендісі де жынданып, қырық градус аязда жалаңаяқ көше кезіп кеткен. Бірінші хатшы да суға кетіп өлді. Зиратты бұзуға қатысқандардың бірі аң аулап жүріп, өзіне оқ атады. Енді бірі ат жарыста аттың астына түсіп, мойны бұралып өлді» дейді шөбересі.Бабаның болжамы тура келді ме?
Ол кісі өзінің өлімін болжаған адам. Одан кейін ашаршылықтың боларын да күні бұрын сезген. Сосын кеңестік өкіметтің уақытша екенін де айтып кеткен. «Қазір елдер Мәшһүр Жүсіптің «Жетпіс жыл құдайсыздар билейді, отыз жыл ұры-қарылар басқарады, сосын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болады» деген сөзін жиі айтып жүр. Бұл сөз қайдан шықты? Соның тарихын айтып берейін. Баянауылда Төлепберген Алдабергенов деген ақсақал болды. Бертінде қайтыс болды. Сол кісі ұзақ жыл милицияда қызмет істеді. Зейнетке шыққаннан кейін басына суық тигізіп алады. Менингиттің ең ауыр түрімен ауырған ғой. Кейде есі кіресілі-шығасылы болып кетеді. Содан бірге қызметтес болған досы Рафик ақсақал Павлодарға апарып, облыстық ауруханаға жатқызады. Онда да көтеріліп, дәрігерлерді ұрып тастапты. Сосын амалсыз оның қол-аяғын байлап, жеке палатаға жатқызады. Бір есі кіргенінде, «осындай өмірдің маған керегі бар ма?» деп ойлап, одан да өлейін деп, үйіне хат жазып қалдырады. Ол хатты баласынан беріп жібермек болыпты. Құдай сақтап, сол күні баласы келмей қалады. Ақсақал ұйықтап кетсе, түсінде өмірі көрмеген Мәшһүр Жүсіп атаны көреді ғой. «Орталық мешітте атама ұқсайтын бір ақсақал тұр екен. «Мәшһүр ата» деп жүгіре жөнелдім. Мешіттің ауласынан үш ит қарсы атып шықты. «Ата» деп айғай салдым. «Әй, Төлепберген, қорықпа. Мешіттен қазір үш ақсақал шығады. Үшеуі де жас кезінде қасқыр соққан аңшы адамдар, үшеуін де өлтіреді» деді. Айтқанындай, үш ақсақал шықты да, үш итті қолдарындағы таяқпен атып ұрды. Сөйтіп шошып оянып кеттім» дейді. Содан Төлепберген ақсақал ауруынан айығып, тәуір бола бастайды. Дәрігерден сұранып, үйіне қайтады» дейді Абай Шарапиев. Төлепберген ақсақал ауруханадан шыққаннан кейін Мәшһүр Жүсіптің атқосшысы болған Иманғали ақсақалдың қолында жазбалары бар дегенді естіп, сол кісінің үйіне барады. Имекең одан «арабша білесің бе?» деп сұрайды. Бір қағазды әкеліп оқытады. Бір дәптерін беріп, «осыны бір аптада аударасың, сосын екінші дәптерін беремін» деп айтқан екен. Ол аудармалар көп томдықтың соңғы томдарына енді. «Имекеңнің Төлепберген ақсақалға айтқаны бар екен. Ол: «Атаның айтқан бір сөзі бар. Мен оны ешкімге айтпай жүр едім. Қызыл үкіметтің қауқарын білесің ғой. Соттап, атып жібереді. Мәшһүр Жүсіп атам бірде: «Мынау қызыл үкімет – уақытша үкімет. Бұл жетпіс жылда бір шіріп құлайды. Бұл – құдайсыздар үкіметі. Тағы бір қоғам келеді, ол ұры-қарылардың заманы. Отыз жылдан соң ол да құлайды. Сосын барып заман түзеледі» деп айтқан екен. Мұны Төкең жиі айтып жүретін. Осы сөз елге таралып кеткен. P.S.Бала сұрайтындар да, науқас жандар да атаға келеді екен. Батасын беріп, дертіне шипа сыйлаған сәті аз болмаған. Мәшһүр атаның қара қылышы болған. Ол қазір музейде сақтаулы тұр. Келіні Ақзейнеп сол қылышпен ұшықтап, әйелдерді босандырады екен. Әжеміз 1984 жылы 94 жасында қайтыс болған. Ол кісі Мәшһүр Жүсіптің ақтық демі біткенше келіндік міндетін атқарып, бар жағдайын жасаған. 1931 жылы баба қайтыс болғаннан кейін коллективтендіру басталғанда бәрін бір орталыққа көшіреді. Сөйтіп қара шаңырақ қараусыз қалады. Кейін бұл үй малшылардың қонысына айналыпты. 1951 жылы зиратты қайта жөндегенде осы үйдің жабдықтарын пайдаланған. Іргетасы қана қалған шаңырақты Абай Шарапиев Қастек дейтін інісі екеуі қайта көтереді. Содан бері бұл шаңыраққа бас сұғатындар өте көп. «Әлі де ауласын жайқалтып, Лев Толстойдың «Ясная Полянасы» секілді ғажайып шаңыраққа айналдырғым келеді» дейді шөбересі. Ол кісі қазір бабасы атындағы қорды басқарады. Сол қор арқылы қара шаңырақтың туын жықпай, ұстап отыр. Нұр-Сұлтан – Баянауыл – Нұр-Сұлтан