«Негізінен өткен жылға қарағанда биыл конго-қырым геморрагиялық қызбасының қаупі күшейіп тұрғаны жасырын емес. Нақты айтқанда, биылғы жылы кене шағу фактісі үш есеге артқан. Бұл тұрғыда 2021 жылы 238 жағдай тіркелсе, биылғы жылдың нақты кезеңінде 601 дерек болып отыр. Сонымен қатар кенелердің арасында ауру қоздырғышының анықталуы да өткен жылдан жоғары. Оның ішінде былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарында болса, осы жылы олардың саны 116-ға артқан», - дейді Қызылорда облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанақаева.Жалпы динамикаға сәйкес, қауіпті аурудың өршу кезеңі жаз айларына сәйкес келеді. Осы уақытта дала жұмыстары жанданып, мал шаруашылығы, егін шаруашылығының белсенділігі артады. Негізінен биылғы науқанда қауіпті аурудың 38 күдікті жағдайы тіркелсе, оның ішінде 14 жағдай эпидемиологиялық, клиникалық және зертханалық жолмен нақтыланған. Департаменттің мәлімдеуінше, тұрғындар арасында кене шағу жағдайларында немқұрайлықпен қарау, үй жағдайында өздігінен емделу салдарынан ауруы асқынып, жансақтау бөліміне ауыр халге түсу фактілері жиі орын алуда. Әсіресе, үй жануарларынан сақтық шараларын жүргізбеуінен қауіптің беті қайтпай отыр. Биылдың өзінде осы ауруды жұқтырған 14 науқастың 1-еуі 11-сынып оқушысы болса, қалғандары 30 жастан асқан ересектер екен. Соның ішінде 4 адам қатерлі індеттен көз жұмған. Қайғылы жағдай Қызылорда қаласынан, Жалағаш ауданына қарасты Шәменов елді мекені мен Шиелі ауданы Бекежанов ауылынан тіркелген. Мамандар қауіптің алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты. Бұл тұрғыда эпидмаусымның басталуына орай қолайсыз елді мекендердегі санитарлық қорғаныс аймақтары, қора жайлар, буферлік аймақтар залалсыздандырылып жатқанын жеткізді.
Ербақыт Жалғасбаев
Қызылорда облысы