ҚазҰУ зерттеу университеті атанды
ҚазҰУ зерттеу университеті атанды
Қазақстан Үкіметінің қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді. Айта кетейік, бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдегі ең үздік 150 университет қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. Бір жыл ішінде білім ордасы QS WUR жаһандық рейтингі бойынша Топ-200 ішінде 25 позицияға жоғарылап, 175-тен 150-орынға көтерілді. Осылайша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша да көшбасшы орнын дәлелдеді. Ұлттық университеттің білім беру бағдарламаларының шамамен 25 пайызы QS by Subject пәндік рейтингінде Топ-500 деңгейінде ұсынылған. Университет құрылымында 16 факультет пен 68 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты және 29 ғылыми орталық бар. Сонымен қатар 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханалары жұмыс істейді. қазұу Бүгінде білім алушылардың контингенті шамамен 26 мыңды құрайды. Жыл сайын шетелдік студенттер саны артып келеді – әлемнің 30 елінен 2,5 мыңнан астам шетелдік бакалавриатта, магистратурада және докторантурада білім алуда. Оқытушы-профессорлар құрамының саны 3 000-нан асады. Университет профессорларының арасында 10 академик, 7 Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 14 ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар. Биыл әлемнің 30 елінен 100-ден астам шетелдік профессорлар мен ғалымдар ҚазҰУ-да сабақ береді. Сондай-ақ білім ордасының 40-тан астам профессоры Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа шетелдердің университеттерінде дәріс оқыды. 2022 жылы университеттің 41 оқытушысы мен қызметкері Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының иегері атанды. Қазір олардың басым көпшілігі АҚШ, Еуропа, сондай-ақ Жапония және Түркия университеттерінде тағылымдамадан өтуде. Биыл мамыр айында Қазақстан Президентінің Түркия мен Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚазҰУ-дың Ыстамбұл және Бішкек қалаларында филиалдары ашылды.