Биыл Ақтаудан 20 шақырым жерде бір мезгілде 1 мың адамды қабылдай алатын ірі курорттық кешен ашылады.
«Жылы жағажай» аумағында AKTAU RESORT HOTEL көпфункционалды туристік қонақ үй кешенінің құрылысы 2019 жылдың маусым айында басталған еді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 30% аяқталды. Құрылыс басында 750 адам еңбектенуде. Туристік нысанның 1-кезеңін 2020 жылдың маусым айында аяқтау жоспарлануда. Мұнда наурыздан бастап қазан айына дейін Каспийдің мөлдір суына түсіп, құмына қыздырынуға болады. Аквапарк пен ашық бассейндер арнайы құрылғының көмегімен жылынбақ. Қонақүй кешенінің жалпы аумағы 130 гектар. Курорттық орталық іске қосылған соң 750 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жобаны іске асырушылар туристік кешенде жұмыс істейтін мамандарды даярлау ісіне орай облыс әкімдігімен келісім жасады. Өткен жылдың желтоқсан айында Маңғыстау туризм колледжі базасында қонақ үй бизнесі және мейрамхана ісі мамандықтары бойынша Rixos Aktau Training Aсademy бағдарламасымен ақысыз негізде қысқа мерзімде кадрларды оқыту басталды. 400 маман 1 айлық курстан өтіп, сертификаттарға ие болды. Бүгінде кадрларды даярлау жұмыстары жалғасуда. 2020 жылдың мамыр айына дейін 1200-ден астам адамды оқыту жоспарда бар.
2019 жылдың күзінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында Ақтау қаласындағы «Самал» қонақ үйін Holiday INN қонақ үй кешені брендімен қайта құрылымдау жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, қонақ үй кешені 4 жұлдызды «Holiday Inn-Aktau-Seaside» атауымен ашылды. Инвестиция көлемі барлығы 2,5 млрд.теңгені құраған, аталған жоба 35 жұмыс орнын ашты. Сондай-ақ, қонақ үй аумағында аквапарк құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде.
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ