Сәлемің түзу болсын!
Сәлемің түзу болсын!
1,195
оқылды
Сәлемдесу, амандасу адамның бір-біріне ізет, сый-құрмет көрсетуі болып  есептеледі. Күнделікті өмірде біз қанша адаммен кездесіп, қанша жұртпен ұшырасамыз. Солардың бәрінде де бірінші кезекте арамызда сәлемдесу, амандасу жүреді. Адам баласы қашаннан бейбіт, тыныш өмір сүруді аңсап, арман­даған. Сол арманның негізінде қолы жеткен зор игілігі – сәлемдесу әдебінің қалыптасуы. Сәлемдесудің кереметі сонда – адамдардың бір-біріне жылы мейі­рім мен кең пейіл көрсетуінде, достықты, жақын­дық­ты бейнелеуінде. Осы орайда әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталы­ғында «Қайырымды қала – Шымкент» концепциясына сәйкес жаңа қалалық ізгілікті мәдениетті қалыптастыруға арналған «Қайырымды қала мәдениеті» жобасы ая­сын­да халқымыздың сәлем беру дәстүрі үлгісін наси­хат­тауда «Сәлемің түзу болсын!» атты этнотаным­дық шара өтті. Бұл күнді орта­лық қыз­меткерлері кел­ген қо­нақ­тармен емен-жар­қын сәлемдесу әдебімен бастады. Шараға Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер бас­қар­масының басшысы Рашид Мамытұлы қатысып, сәлем беру дәстүрі үлгісі арқы­лы ізгілік мәдениетінің қа­лып­тасатынын, ТМД ел­де­рі­нің мәдени астанасы болып бекітілген қала тұр­ғындары үшін мұндай бастама күнделікті әдетке айналса, бұл да қайырымды қала мәдениетіне қосылатын үлес екенін айтып өтті.  Қыз­мет­керлердің қатысуы­мен сәлемдесу үлгілеріне арналған бір отбасы төңіре­гін­дегі әр қилы жастағы отбасы мүшелерінің күн­де­­лікті сәлемдесу тәртібі көп­шілік назарына ұсыны­лып, қызу талқыға түсті. Арнайы шақырылған сарап­шылар әрбір сәлем үлгісін жіті қада­ға­лап, дұрыс-бұрыс­ты­ғын жете талқылады. «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем түзелмей, әлем түзел­мей­ді» дейді дана қазақ. Ен­де­ше әлемді түзегіңіз келсе, асыл сөздің анасы – «сәле­­міңіз» қашанда түзу болсын!   Кәмила ҒАЛЫМҚЫЗЫ