Петропавлда есірткі зертханасын ашып, синтетикалық есірткіні өндіріп, сатып келген 20 жастағы жігітке қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 жастағы петропавлдық тұрғын мамыр айында ұсталған.
Оны тінту кезінде өсімдік тектес зат салынған 8 полимер түйіншек табылған.
Сондай-ақ 52 түйіншек пен сұйықтық құйылған екі ыдыс Халтурин көшесі бойындағы тұрғылықты мекенжайынан табылды.
Сараптамадан соң түйіншектердегі заттың синтетикалық есірткі «спайс»екені анықталған. Ал қалған құрылғылар соны дайындауға арналған прекурсорлар болып шықты.
«Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», – деді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.