Өндірістік альпинизм: хобби емес кәсіп

Өндірістік альпинизм: хобби емес кәсіп

Өндірістік альпинизм – ең қауіпті саланың бірі. Осыдан үш ай бұрын Алматыдағы «Атамекен» тұрғын үй кешенінде жұмыс істеп жатқан альпинист көз жұмды. Ол небәрі 27 жаста еді. Осы қаладағы ең биік ғимарат – «Есентай Тауерстің» терезесін жуып жатып, кенеттен соққан желдің салдарынан мерт болған төрт альпинистің қайғылы оқиғасы да әлі есімізде. Айта берсек, мұндай оқыс оқиғалар көп. Соған қарамастан, қиындығы мен қаупі қатар жүретін ерекше кәсіпке қызығатындар бар. Солардың бірі – өндірістегі альпинист Серік Сқақов. Серік – 30 жаста, екі баланың әкесі, ма­ман­дығы – заңгер. Шығыс Қазақстан заң колледжін «Құқықтану» мамандығы бойын­ша тәмамдаған. Оқу бітірген соң Семейде 8 жыл келісімшарт негізінде әскери қызметші болған. Отбасы жағдайымен елордаға көшіп келгеннен кейін өндірістік альпинист бо­лып жұмыс істей бастаған. Бұл салада жүр­ге­ніне 1,5 жылдан асыпты. «Жұбайым – фармацевт, Нұр-Сұлтан қаласына оқуға түскен соң отбасы жағдайы­мен еліміздің астанасына көшуіміз керек болды. Содан бас қалада жұмыс іздедім. Бала күнімнен адамға адреналин сыйлайтын істерді жақсы көремін. Сондықтан болар, әскери қызметте үш жыл барлаушы болдым, үнемі спортпен айналысамын. Қаладағы биік ғимараттың қасбетін жуатын альпинис­терді жиі көріп жүрдім де, осы салаға қы­зық­тым. Өндірістегі альпинист болу үшін арнайы дайындық курсынан өтесің, маманданған сертификатың болуы керек. Онсыз жұмысқа қабылдамайды. Алматыда өндірістік альпинизмге оқытатын мекемеде білім алдым, тәжірибеден өттім. Содан соң, осы салада қызмет көрсететін компанияға жұмысқа тұрдым», – дейді ол. Альпинистер биік ғимараттардың қасбетін тазалап, терезе жуумен ғана айна­лыс­пайды. Бұл қызмет көрсету саласының ауқымы кең. Олар тұрғын үйдің сыртын жылылап, терезе, кондиционер орнатады, шатырды қардан тазалайды, ғимараттың қасбетін сырлап-әсемдейді. «Альпиниспін десең, көбі «терезе жуасыңдар ғой» деп жатады. Біз 12 ай бойы жұмыс істейміз. Жазда терезе жуамыз, қыста қар тазалаймыз, биіктікте дәнекерлеу жұмыстарымен де айналысамыз. Мәселен, биыл қыста Highvill тұрғын үй кешенінің сыртын жылыладық, жақында ғана «Мәс­кеу» бизнес орталығының терезесін жудық. Өз тәжірибемдегі ең биік ғимараттар – осылар», – дейді Серік. Қиындығы мен қаупі қатар жүретін сала мамандарының жалақысы көпшілікке қызық. Серіктің айтуынша, альпинистердің жалақысы әр маусымға байланысты құбылып тұрады. Мәселен, жазда жалақы жоғары болады екен. Өйткені терезе жууға, кондиционер орнатуға тапсырыс көп түседі. Ал қыстың уақытында нәпақа азаяды. Тұрғын үйлердің сыртын жылылаумен, шатырды қардан тазалаумен айналысады. Алайда астанада бұл маусымда күн суық, аяз, күні-түні жел соғады, ал қолайсыз ауа райы өндірістік альпинистің жұмысын қиындатады, тіпті өміріне қауіпті. Мәселен, қыста ауа температурасы 20 градустан төмендегенде далада, оның үстіне, биіктікте 30-40 минуттан артық жұмыс істеу мүмкін емес. «Орта есеппен альпинистер 300 мың теңгеден бастап, тапсырыс көп болса 700 мың теңгеге дейін табыс табады. Бұл салада бәсеке жоғары. Бір қарағанда, қиын әрі қауіпті жұмыс, көпшілік тәуекел ете бермейтіндей көрінгенімен, альпинистер көп. Өкінішке қарай, сертификатсыз ма­ман­дар да бар. Олар ешқандай компанияға тіркелмей, жеке өздері жұмыс істейді. Жеке қауіпсіздігіне, жұмыс сапасына көп бас қатырмайды. Әрі нарықтағы бағадан төмен қаражатқа қызмет көрсетеді. Сәйкесінше, оларға сұраныс жоғары. Алайда көбінің арнайы білімі болмаған соң қызмет сапасы талапқа сай бола бермейді. Ал біз көбіне сондай сапасыз жұмысты қайта түзетіп жүреміз», – дейді альпинист. Бұл салада кісі өлімі жиі тіркелмейді, алайда жеңіл және ауыр жарақат алатындар көп. Оның негізгі себебі – қауіпсіздік шарасын сақтамау. «Кейде альпинистің жібі үзіліп кетеді, кейде қатты желдің салдарынан ғимаратқа соғылып мерт болып жатады. Алматыда бір оқиға болған, қатты жел тұрып, альпинисті ары-бері ұшырып, ғимараттың қабырғасына соққан. Ауыр соққыға шыдай алмай, альпи­нист өзі жібін қиып жіберіп, биіктен құлап, көз жұмды. Оқыс оқиға өндірісте қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан болады. Мәселен, күн райының қолайсыз­дығын ескермеу, бүйірі өткір, қырлы баға­наға жіп байлау, қосымша арқансыз, яки қолғапсыз жұмыс істеу, құлдилау алдында барлық құрал-жабдықты тексермеу және тағысын тағылары», – дейді Серік. Кез келген жұмыс беруші компания альпи­нисті негізгі құрал-сайманмен қам­тама­сыз етуі керек. Олар жұмысшының өмі­рі мен қауіпсіздігіне тікелей жауапты. Алайда Серік жұмыс барысын жеңілдететін қосымша жабдықтарды өзі сатып алады екен. «Мәселен, компания берген жіптің сапасы нашар болса, өз қауіпсіздігім үшін дұрыстауын сатып аламын. «Сақтықта қорлық жоқ» дейміз, өндіріске, яки оқыс жағ­дай бола қалса қажет болар деп, қо­сымша жіптер алуға тырысамын. Бекіт­кіштің бағасы 60-70 мыңнан басталып, сапасына қарай қымбаттай береді. Ал жіптің метр 400 теңге тұрады, өндіріске кемінде 200 метрлік арқан қажет. Құрал-сайман­дарды маусым сайын ауыстыру шарт», –деп атап өтті ол. Оқыс оқиға Серіктің өз басында да бол­ған. Жұмыс барысында оның негізгі жібі үзіліп кетіп, бір өлімнен қалған. «Бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 1,5 жылдан асты. Қиындығы мен қызығы қатар мамандық деп айтар едім. Күн ұзаққа далада жұмыс істейсің, кез келген маусымда күн райы қолайсыз, жаздыгүні күн ыстық, қыста – аяз, көктемде – жауын-шашын, күз­де жел және солай жалғаса береді. Өнді­ріс кезінде ауыр-жеңіл жарақат аласың, шаршайсың. Бірде жұмыс барысында ғимараттың қасбетімен төмендей бастағанда үш-төрт үшкір темір болды, қанша жерден абай болсам да, сол темірдің бірі негізгі арқанды қиып кетті. Жібім үзіліп, 3-4 қабаттай төменге құлдилай бергенімде, қосымша арқан ұстап қалды. Жарақат алдым, алайда қауіпсіздік шарасына мұқият болғаным үшін тірі қалдым. Өндірісте осыған ұқсас жағдайлар болып тұрады. Соған қарамастан, жұмысым өзіме ұнайды. Жұбайым жұмысқа кеткенімде уайымдап отыратынын айтады, бірақ осы салаға деген қызығушылығымды көрген соң қолдайды. Қызықты жағдайлар да көп болады. Мәсе­лен, қыста жұмыс істеп жатқан кезде «жылы­нып алыңыз» деп шай беретін тұрғындар көп. Терезесінен альпинист көргендер бірден суретке түсіріп жатады, балалар бізді көріп, аң-таң болады. Көп жағдайда тұрғындарға жақсы көңіл күй сыйлаймыз деп ойлаймын. Өзің абай болма­саң, кез келген салада қауіп бар. Оның үсті­не, жаяу жүргіншілер жолағын кесіп өтіп бара жатқанда да көлік қағып, мерт болуың да мүмкін. Оқыс оқиға деген кез келген жағдайда аяқасты болады», – дейді альпинист. Серік жұмыстан бос уақытында достарымен балыққа барғанды, пинбол ойнағанды, кітап оқығанды ұнатады. Өзі: «жұмысым кеңістікте болған соң, хоббиім жерде», – деп әзілдеп қояды.

Айдана НҰРМҰХАН