Қант тапшылығы басқа-басқа 2 бірдей қант зауыты бар Жетісу облысындағы жұртшылықтың жанына батып тұр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бұл мәселені уақыт оздырмай оңтайлы шешуді тапсырғаны есте. Осы орайда жауаптыларға Панфилов ауданындағы Жаркент крахмал-сірне зауытының өндірістік әлеуетін бағамдау керек сияқты.
Бұл өндіріс ошағында жүгері шәрбаты шығарылады. Негізінен, дақылдың бұл түрінің 75 пайызы қанттан тұрады. Сондықтан оның шәрбаты тағам өнеркәсібінде қоюландырғыш және тәттілендіргіш ретінде кеңінен қолданылады.
Жалпы, Жетісудағы Жаркент өңірінің аты жүгерісімен шыққан. Дала аруын өсіру бүгінге дейін жаркенттіктер үшін тіршіліктің көзі саналады. Шекаралық аудан тұрғындары жүгеріні алысқа арбаламай, Жаркенттегі крахмал-сірне зауытына өткізеді.
Істің тетігін тапқандар дәл қазіргідей қант тапшылығында оны жүгері шәрбатымен алмастыруына болады. Әсіресе, қантты қажетсінетін өндіріс орындарында жүгері шәрбатын шекердің орнына пайдалануға болады.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, еліміздегі қант тұтыну көлемі 550 мың тонна құрайды екен. Сұраныстың тең жартысы өндірістік қажеттілікке тиесілі. Жаркенттегі крахмал-сірне зауыты осы сұраныстың жартысынан астамын жаба алады. Ол үшін кәсіпорынды одан ары кеңейтіп, жаңа желі ашу жоспарланған. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та бұл жобаның құптайтынын айтты.
Қазіргі кезде кәсіпорын жылына 75 мың тонна жүгері шәрбатын өңдеп, еліміздегі ірі деген кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етіп келеді. Алдағы кезде дәл осы бағыт бойынша өндірістік қуаттылықты екі есеге арттыру жоспарланған. Мұндағылар жылына 120 мың тонна жүгеріні тереңдете өңдеу арқылы өнімнің 28 түрін шығарады. Зауытты кеңейту арқасында жылына 200 мың тонна жүгері қабылдау ойластырылған.
Өз кезегінде жоба талай шаруаға дала аруы егілетін алқапты ұлғайтып, өндіріс ошағында жүздеген адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы