«Айран ішкен құтылып...»
Прокуратура қызметкерлері хабарлағандай, жіберілген кемшіліктер үшін және 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде станса жабдықтарының апаттары мен істен шығуы санының артуы себепті директорлар кеңесінің шешімімен «Севказэнерго» АҚ-ның жауапты басшыларына қатысты тәртіптік жаза қолданылыпты. Атап айтқанда, «Севказэнерго» мен жылу-электр орталығының директорлары қызметінен босатылса, стансаның бас инженерінің лауазымы төмендетілген. Мұны облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов та растады. Бірақ бұл қаншалықты әділ жаза екені көпшіліктің күмәнін туғызып отыр. Себебі жазаланған адамдар қызметке апат қарсаңында ғана тағайындалған. Шын мәнісінде, «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, станса қожайыны Александр Клебановтың өзін жауапкершілікке тарту керек деушілер көп. Себебі 2007 жылдан бері кәсіпорынды басқарған ол ондаған жылдар бойы жөндеу және қайта құруға көк тиын бөлмеген. Шындап келгенде, орталықта апат үшін директорлар кеңесінің төрағасы емес, кешеннің өзге басшылары жауапкершілікке тартылуы да мүмкін. Айта кету керек, ол бұл қызметте апатқа дейін бір жылдай ғана жұмыс істеген.Қыстан қысылмай шыға ала ма?
Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша осындай технологиялық кемшіліктерге жол бермеу жөніндегі негізгі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар әзірленді. «Севказэнерго» АҚ алдағы жылыту маусымына сапалы дайындау және қысты қамсыз өткізу мақсатында Петропавл №2 жылу электр орталығының жұмысын қалыпқа келтіру бойынша Жол картасы әзірленіп, іске асырылып жатыр. Оның аясында стансаның қираған мұржасы бұзылып, қазандықтары қалпына келтірілуде. Энергетика министрлігі орталық жағдайына апта сайын мониторинг жүргізеді. Солтүстік Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов хабарлағандай, бүгінгі күні 6 қазандық агрегарты мен 2 мұржа және 1 турбоагрегат жөнделіп жатыр. Бұл жұмысқа 10 мердігер ұйым мен 400-ге жуық адам, 35 техника тартылыпты. «Біздің негізгі міндетіміз – жылу-электр стансасының алдағы жылыту мерзіміне дайындығын қамтамасыз ету. Жоспарланған шаралардың барлығы кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс облыстық әкімдіктің ұдайы бақылауында», – деп сендірді басқарма басшысы. Бұл жекеменшік кәсіпорын болғандықтан, оның қызметіне араласу мүмкін емес. Сондықтан жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінбейді. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Оның айтуынша, акционерлер жөндеу жұмыстарына 18 миллиард теңге бөлген. «1 қыркүйекке дейін 6 қазандықты, 1 қарашаға дейін қосымша 3 қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталады. Яғни, 1 қарашаға дейін 9 қазандық жөнделеді. Жалпы, жылу-электр орталығында 12 қазандық бар. Биылғы жылыту маусымында соның 11-і жұмыс істейтін болады», – деп сендірді өңір басшысы. Сондай-ақ құлаған және 1962 жылы салынған ескі мұржа алынып тасталып, келесі жылы екі мұржаның орнына бір мұржа салынбақ. Алайда қарапайым халық биылғы қыстан қысылмай шығатынына сенімсіз. Қазірдің өзінде олар «кәрі құданың» келуіне қамдана бастаған. Бұрындары жаз бойы сатылатын жүз вагон көмір бүгінде он күннің ішінде сарқылатын болған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Айболат Әубәкіров түсіндіргеніндей, жоспар бойынша айына 100 вагон көмір жеткізілуі тиіс. Бірақ қазір бұл жеткіліксіз болғандықтан, депутаттар жоспарды ұлғайту туралы кеңес беріп жатыр. Тұрғындар жылу-электр орталығы биыл тиісті қуатында жұмыс істей алмайды деген пікірде. Сондықтан қызылжарлықтар қыста қысылып қалмас үшін қазірден бастап әзірленіп жатыр.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы