Балқаш Тұран жолбарыстарының мекеніне айналады - министрлік
Балқаш Тұран жолбарыстарының мекеніне айналады - министрлік
436
оқылды
Жолбарыстар Қазақстанға 2025 жылы оралады. Ал бүгін 29 шілде – Халықаралық жолбарыстар күні. ХХ ғасырдың басында жер бетінде жолбарыстың 9 түрі мекендеген, саны 100 мыңнан асса, ХХІ ғасырдың басында шамамен 3,5 мыңы қалған. Тұран жолбарыстарының соңғы өкілдері 1970 жылдары жоғалып кеткен. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің жетекшісі Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
"Қазіргі таңда Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Балқаш маңында жолбарыс популяциясын қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасады. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды. 2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылды, онда биотехеникалық шаралар арқылы қабан, құлан, қарақұйрықтарды көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы аталған шаралар орындалғаннан кейін экожүйе жолбарыс популяциясын ұстап тұруға қабілетті болмақ", - деп жазды министрлік өкілі.
Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеген. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш маңы мен Іленің Дельта ауданында жолбарыстың реинстродукциясы Бағдарламасын жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойылды. Елімізге алғашқы жолбарыстар 2025 жылы әкелінбек.