Кәсіпкерді толғандырған мәселе көп
Кәсіпкерді толғандырған мәселе көп
Фото: rostovnadonu.bezformata.com
271
оқылды
Көкшетауда жергілікті ірі кәсіпкерлердің басын қосқан облыстық форум өтті. Кездесу барысында негізгі мәселе бизнес экожүйесін қорғау және өңірде қолайлы бизнес климатын қалыптастыру жайы талқыға түсті. Шараға Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Малғаждар Тәткеев, облыс прокуроры Айдос Майлыбаев, өңірдің әр аймағынан келген жүзден астам кәсіпкерлер, сондай-ақ облыстық басқармалардың құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Өңірде кәсіпкерлер мен мем­ле­кеттік органдар арасында қағаз­бастылықтан туындаған кикілжің мен дау-дамай жиі болады. Сондықтан да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қорғау тетіктерін жетілдіріп, бизнес қауымдастықтары мен мем­лекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты арттыруды қадап тапсырған еді. Шара Пре­зидент жүктеген осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталыпты. Форум барысында мемлекеттік органдар тарапынан кәсіп ие­леріне әкімшілік қысым жасалуы жайында бірқатар өткір мәселелер көтерілді. Кейбірі жиын бары­сында өзінің шешімін де тауып жатты. Мәселен Көкшетау қала­сында сақалды құрылысқа айнал­ған «Наследники» балаларға білім беру орталығы құрылысы қайта жанданатын болды. Нысанның басшысы Аида Сүлейменованың айтуынша, аталған мақсатқа жер телімдері сатып алынғанымен кейіннен бұл жерге толық жос­парлау жобасы болмағандықтан түрлі проблемалар туындаған. Бас жоспарға сәйкес, жер телімдері үй-жай салатын аймақта орна­ласыпты. Көкшетау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі түсіністік танытып, жер телімінің мақсатты тағайындауын өзгертуге келісім берген. Сөйтіп кәсіп иесі жобалауға архитектуралық тап­сырма алып, жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін жобалау­шыға жүгініп те қойған. Алайда, жобалау кезінде «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорны кәсіп­керге нысанды орталық­тандырыл­ған жылумен қосуға техникалық шарттарды беруден бас тартқан. Кәсіпорын қаланы жылумен қам­ту қазандығында жылу энергиясы­ның тапшылығын алға тартыпты. Кәсіпкер қала әкіміне арыз­данып, ақыры мәселе оң шешімін тапқандай болған. Алайда осы жылдың қаңтарында шырғалаң қайта басталыпты. Мемлекеттік органдар кәсіпкерді бір-біріне сілтеп, істің артын сиыр­құйым­шақтатып жіберген. Соңында жобалауға берілген өтінімге қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары қол қоймағаны анықталыпты. Олардың пікірін­ше, жобаланған телім үйлер салынатын аймақта орналасқан. Ал ол қаланың 2020 жылы аяқтал­ған бас жоспарына қарама-қайшы келеді. Дегенмен форум барысын­да қала әкімі Бауыржан Ғайса жоба қаралып, мақұлданып жақын арада бекітілетінін мә­лімдеді. Жиын барысында Бәсекелес­тікті қорғау және дамыту агент­тігінің облыстық департаментінің әрекетіне елдегі ең ірі кірпіш зауыттарының бірі «ENKI» ЖШС-нің директоры Мырзабай Әбді­халықов шағымданды. Оның айтуынша, өткен жылы аталған ведомство компанияға қатысты өнім­дерді нарықтың басқа қатысу­шыларымен бірге сату кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттерді сүйеніп тергеу баста­ған. Ал зауыт директоры Мырзабай Әбдіхалықов моно­полияға қарсы департаменттің ешқандай негіз­демесі жоқтығын айтып, тіпті департамент қызметкерлері жүргізген талдауға күмәнмен қарайтынын жеткізді. Аталған мәселе қазір соттың қарауында. Ұзаққа созылған даудың соңғы нүктесі де сотта қойылмақ. Бұл орайда, кәсіпкерлердің заңды мүддесі мен құқықтары зардап шеккені анық. Мәселе жөнінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек те өз пікірін білдірді. «Қазіргі уақытта кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілерін негізсіз қылмыстық процестерге тартудың себептері мен салдарына талдау жүргізіп жатыр. Оның ішінде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне қатысты сотқа түскен арыз-шағымдар көп. Бизнесті қорғаудың экожүйесін құру шең­берінде барлық мүдделі тараптар­дың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Ол жүргізілген талдау­лар­ды талқылап, одан әрі нәтиже­лерін қорытындылайды. Форумда көтерілген мәселелер өзінің лайықты шешімін тауып, кәсіп иелерінің жанайқайы биліктің құлағына жетеді деген сенімдеміз. Қойылған міндеттерді шешу үшін барлық тараптар яғни мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъек­тілерінің ықпалдаса әрекет етуі қажет», – деді Ерқанат Мұсыл­манбек. Форумда сондай-ақ еркін мик­рофон ұйымдастырылып, қатысу­шылар өздерін толғандырған сауалдары мен ұсыныстарын билік органдарына қоюға мүмкіндік алды. Жалпы жиын барысында жиырмаға жуық өзекті мәселелер талқыға түсіп, тиісті ведом­ство­лар бақылауға алатын болды. «Бүгінгі форумда бизнестің аса күрделі мәселелері айтылды. Жауап­ты мемлекеттік органдарға оларды жедел әрі жүйелі түрде шешуге тиісті тапсырмалар жүк­телді. Форум – өңірдегі кәсіпкер­лік саласын дамытуға тың серпін беретін аса маңызды шара. Биз­нестің тиімділігі негізінен мемле­кеттік органдар мен құқық қорғау органдарының жасаған әрекет­теріне байланысты. Осы жылдың шілдесінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы азық-түлік тауарларын шығару­шылар мен өндірушілер нары­ғының жұмыс тиімділігін арттыру­дың стратегиялық міндеттерін жүктеген еді. Әлемде болып жат­қан күрделі экономикалық жағ­дай­да отандық бизнесті дамытуға да мол мүмкіндік бар. Мұндай шара­ларды жүргізу бизнес қауым­дас­тықтар мен мемлекеттік орган­дардың арасында барлық бағытта ынты­мақ­тастықты арттыруға мүм­­кін­дік береді», – деді Малғаждар Тәткеев. Кәсіп иелерін толғандырған өзекті мәселелер мемлекеттік ор­гандар тарапынан оң шешімін тауып жатса, өткізілген форумның да нәтижесі мол болады деген ойдамыз.