Соңғы уақытта сауда орындарында азық-түлік бағасының тұрақсыздығы белең алып отыр. Бүгін алған өнім бағасы ертең қымбат бағада саудаланып жатқанын көреміз. Әр сауда орындарында бағаның ала-құла болып тұрғаны тағы бар. Оған халық игілігі үшін ашылған әлеуметтік дүкендердегі азық-түлік тапшылығын қосыңыз. Негізі еліміз өнімдерді сырттан тасымалдаушы мемлекеттер қатарында екен. Оның ішінде Сыр өңірінде күріш пен тұз өнімі тұрақты түрде ғана өзімізде өндіріледі. Қалған өнімдер сырттан тасымалданады. Жергілікті өнімдердің бағасының өзі қалтаға айтарлықтай салмақ салып тұрғанда, өзге азық-түлік бағасының аспандап тұрғанын айту артық сияқты. Десек те бұған дейін қымбатшылықтың болуын доллар бағамының шарықтауымен байланыстыратын мамандар бұл жолы сырттан тасымалдау кезіндегі кететін шығындарды алға тарта бастады. Түрлі өнімдердің кезең-кезеңімен қымбаттауын бастан өткерген халықты бұл жолы қант тапшылығы мен оның негізсіз қымбаттауы қажытып отырғанын күнделікті әлеуметтік дүкендердегі ұзынсонар кезектер пен айқай-шудан аңғаруға болады. Өңіріміздегі тұтыну нарығында саудаланып жатқан 19 азық-түлік тауарларының ішінде тұз бен күріштің өзімізде өндірілетінін айтып өттік. Бұл жұмыстарды үйлестіруде «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының маңызы үлкен рөл атқарады. Солай десек те, бүгінгі қымбатшылықпен қоса азық-түлік өнімдерінің сапасына халық тарапынан айтылып жатқан сын аз емес. Бағаны тұрақтандыру бағытында аймақта түрлі жиындар өткізілуде. Алайда, одан шыққан нәтиже жоқ. Сайып келгенде, бағаның аспандап бара жатқаны өзімізге байланысты болмай тұрғаны айтылады. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері де осы мәселе төңірегінде жиі бас ауыртып келеді. Азық-түлік тауарлары бағасының бүгінгі ахуалы жайында талай талқыланып жүрсе де нәтиже көңіл құлазытады. Бағаны тұрақтандыруға байланысты облыстық қоғамдық кеңестің жиынында бүгінде «Байқоңыр» ӘКК-нің қорында 3 млрд 988 млн теңге қаржы болса, оның 1 млрд 474 млн теңгесі тұрақтандыру қорынан өнім сатып алуға жұмсалғаны мәлім болды. Қазіргі уақытта ӘКК-нің қорында 576 млн теңгені құрайтын 1 695 тонна өнім қоры сақтаулы екен. Алайда, өңірдегі әлеуметтік дүкендерде күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің тапшылығы сезіледі. Сатушылар мұны тұтынушылар тарапынан сұраныстың көптігі мен өнімдердің тым аз келетіндігімен байланыстырады. «Бағаны тұрақтандыруға байланысты өткен жиын қорытындысымен облыс әкіміне өнімдерді өзімізде өндіруге ұсыныс бердік. Яғни, шаруалар бақша дақылдары мен көкөніс өнімдерін егу арқылы қыспаққа алған қымбатшылықты еңсеруге жол ашылар еді. Аталмыш жұмыстар келер жылдың еншісінде тұр. Нақты айтқанда, келесі жылдың егін науқанында көкөніс өнімдері өзімізде өндіріліп, баға тұрақсыздығына тосқауыл боламыз деп үміттенеміз. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде осы ұсыныс негізінде игі бастама өз нәтижесін беруде деп айтуға болады. Егістік алқабын бау-бақша, көкөніс дақылдарын егуге бағыттап жатқан шаруалар бар. Мәселен, былтырдан бері қант қызылшасын егуді бастаған шаруалар бой көрсетуде. Сондай-ақ, былтырғы шөп тапшылығын қаперге алып, жоңышқа етуге бетбұрыс жасап отырған шаруалар қатары артқан», – деп мәлімдеді бұл жайында бізге Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев. Қоғамдық кеңестің мәліметінше, «Байқоңыр» ӘКК тарапынан әлеуметтік дүкендерде күнделікті тұтынатын 19 азық-түлік тауарларымен де түгел қамтылмай отыр. Бұл да халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салып тұр. Негізі бұдан сәл ертеректе халықты арзан өніммен қамтамасыз ету бағытында Қызылорда қаласында «Арзан базар» сауда орны жұмыс істеген болатын. Жарнамасы жер жарған сауда орнында алғашында халықтың қарасы аз емес. Әсіресе, демалыс күндері бұл орында түрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, ел игілігіне қызмет атқарып келді. Алайда, бұл жоба өз үдесінен шыға алмаса керек. Уақыт өте келе, халықты арзан өніммен қамтамасыз ету мақсатында ашылған сауда орнының жұмысы тоқырады. Артынша арзан өнімдердің дәурені келмеске кетті. Кейіннен құзырлы орындар тарапынан бұл сауда орны жекенің қолына өтіп кеткені мәлім болды. Президент тапсырмасына орай, халықтың табысын арттыру бағытында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен жиын өтті. Осы жиында халықтың орташа табысы республикалық деңгейге жетпейтін өңірлер қатарында Қызылорда облысының жағдайы тіпті төмен екені мәлім болды. Белгілі болғандай, өңірде соңғы екі жылда халықтың табысы күрт төмендеп кеткені байқалады. Мәліметке сәйкес, 2019 жылы өткен кезеңмен салыстырғанда халықтың нақты қаржылық табысы 109,4 пайыз болса, 2020 жылы өсу динамикасы біршама төмендеп, 103,8 пайызды құраған. Ал өткен 2021 жылы бұл көрсеткіш тіпті құлдырап 99,9 пайызды көрсеткен. Қалай десек те, жүгенсіз кеткен қымбатшылық халықты қажытып барады. Мұндай қиындықты еңсеру үшін баға тұрақтылығын бақылауда ұстап, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың табысын арттыру қажеттілігі өздігінен сұранып тұр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы