28 шілдеде Денис Теннің сценарийіне түсірілген «Соқыр махаббат» фильмі прокатқа шықты. Оқиға желісі Лос-Анджелесте өрбиді. Қос ғашықтың махаббат хикаясын, сезім үшін күресін баяндайтын фильм. Зағип жігіт пен есту қабілетінен айырылған бойжеткеннің желіде басталған таныстығының соңы ұлы сезімге ұласқанына сендіре алған туынды. Денистің өзі «Бұл – екі жастың қарапайым махаббаты туралы фильм. Бірі – зағип, бірі – есту қабілетінен айырылған. Екеуі заманауи технологияның көмегімен танысып-білісіп жүреді. Күн өте қарапайым таныстықтың сезімге ұласып бара жатқанын байқаған екі жастың көңілі толқи бастайды. Өйткені бір-бірінен жасырған құпиясы бар. Бұл махаббаттың баянды болуына кедергі болар ма екен?» дейтіні бар. Кино әлеміне енді қадам басқан жас дебютант ол уақытта фильмнің бар құпиясын жайып салмайын десе керек, шынайы махаббаттың қалайда баянды боларын, туынды тәтті сезіммен аяқталатынын «жасырып» қалған еді. Кейін білдік, махаббат – көруді, естуді талап етпейтін, тек сүюді, сезінуді сұрайтын сезім екен. Кино кейіпкерлерінің кемтарлығы олардың тәтті махаббатына кедергі болған жоқ, тағдырдың өзі екі жасты табыстырады. Сол есімді жігіт – музыкант. Ол жертөледе ән айтады, одан босаған уақытында әуен жазады, ақындығы да бар. Ал Луна есімді бойжеткен – суретші. Жұмыс бабымен кездесуге асығып бара жатқан Луна метроны бетке алған жолда Солдың ән айтып отырғанын көреді. Біраз уақыт оған қарап тұрып, әлеуметтік желідегі парақшасына «Мына әуенді естіп тұрғандаймын» деген сториз салады. Бұл кездейсоқ кездесу емес еді. Луна метроға жүгіремін деп телефонын түсіріп алуы, оны бейтаныс ағаның Солға табыстауы – тағдырдың екі жасты табыстыруға деген ұмтылысы еді. Сол Лунаның телефонын курьер арқылы үйіне жолдайды. Жеткізу қорабының сыртында Солдың телефон номері жазылғанын көріп, Луна алғысын білдіру үшін оған жазады. Таныстық осылай басталады. Екі жас сезім туралы түн ұзаққа сырласады. Бірде Лунаның «не істеп жатырсың?» деген сұрағына Сол: «Түннің дауысын тыңдап» деп жауап береді және ол қандай болатынын өлеңмен жазып жібереді. Луна өлеңді оқыған соң, оның өз қиялындағы интерпретациясын сурет қылып салады да, Солға жолдайды. Ал Сол телефондағы Siri-дің көмегімен суретті тануға тырысады. Екеуінің қарапайым таныстығы сезімге ұласады. Луна бірінші болып ақ қағазға сезімін жазып, оны суретке түсіріп, «Қолмен жазылған хат сезімді жақсы сөйлететіндей» деп түсіндірмесін қыстырып, Солға жолдайды. Siri робот болған соң, бұл хатты Солға оқып бере алмайды. Ол өз сезімін білдіру үшін Лунаға арнап, ән жазып, онысын видеоға түсіріп жібереді. Ал Луна тек алты ішегі дірілдеп тұрған гитараның бейнесін көреді, ал ән мен әуенді еститін мүмкіндігі жоқ. Сол суретті көре алмағанын, ал Луна сезім балладасын тыңдай алмағанын бір-біріне айта алмайды. Екеуінде де бір сезім мен бір қорқыныш бар еді. Ол – кемтарлығын айтып, көңілін суытып алу. Осы сәтте тағдыр тағы бір тосынсый ұсынады. Сол Лунаға арнаған әнін концертте орындайтын болып, сол жерге сүйіктісін шақырады. Луна ол жерге барса, өзінің құпиясы ашылатынына уайымдап, ойланып көретінін айтады. Алайда көңілін алабұртқан сезім, Солды көруге деген ынтықтығы маза бермей, Луна концертке асығады. Жолда ойға батып, бағдаршамның қызыл жарығын көрмей, жолақтан өте бергенде көлік қағып кетеді. Лунаның телефонын тауып алған полицей Солға хабар береді. Хабарды ала сала Сол ауруханаға асығады. Луна жарақат алғаны болмаса, дін аман екен. Екеуі ауруханада кездесіп, бір-біріне бар құпиясын һәм қорқыныштарын айтады. Фильм кейіпкерлердің тәтті сезімімен аяқталады. Сол сүйіктісіне арнаған әнін аурухананың палатасында орындап береді, ал Луна оның күретамырына нәзік саусақтарын тигізіп, әнін тыңдайды. Осы жолы «бұл – әннен биік туынды» деген баға береді. Денис 2018 жылы бұл сценарийді режиссер Тимур Бекмамбетовтың кинокомпаниясы ұсынған Screenlife Contest конкурсына қатысу үшін жазған. Ол ешкімге айтпай байқауға өтінім жіберіп, жеңімпаз атанған. «Дениске осы питчингке қатысу туралы ұсыныс айтқанымда, ол ойланып көретінін айтты. Кейін ешкімге айтпай байқауға өтінім жіберіп, Мәскеуде өткен халықаралық конкурста жеңімпаз болды. Ол байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 250 өтінім түскен. Денистің сценарийі үздік шыққанын білген соң, бірден Лос-Анджелеске барып, түсірілім бастауды жоспарлап жүрген едік. Бір айдан кейін қас-қағым сәтте Денис бақұл болды. Кейін Денистің анасымен ақылдасып, бұл сценарий бойынша фильм түсіруді қолға алдық, ештеңе өзгерткен жоқпыз», – дейді Денистің досы, атқарушы продюсер Игорь Цай. Түсірілім 2019 жылы басталып, үш айға созылған. Фильмді корей режиссері, Венециан фестивалінің жеңімпазы Чак Че түсірді. Туындыда ірі план жоқ. Барлық кадрды телефонның алдыңғы камерасы арқылы бақылайсың, яғни телефонның ішінде отырғандай сезім қалдырады, әйтсе де жалықтырмайды. Продюсерлері – Тимур Бекмамбетов пен Денистің анасы Оксана Тен. Пост-продакшн жұмысы Алматыда жүзеге асқан, оған SXSW фестивалінің «Үздік монтаж» премиясын жеңіп алған Роберт Кун жетекшілік етіп, отандық дизайнерлер мен аниматорлар жұмылдырылған. Фильмде Денистің өзі жазған әуендер орындалды. Фильм 28 шілдеден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының Chaplin кинотеатрларынан көрсетілуде. Күзде Оңтүстік Кореяда прокатқа шығады. Денис бозбала кезінде берген бір сұхбатында: «Олимпиада чемпионы болуды армандаймын. Бұл мақсатыма қол жеткізген соң Голливудта танымал режиссер немесе актер болғым келеді» дейтіні бар. Фильм біткен бойда оның осы сөзі ойыма оралды. Көзі тірі болғанда, бұл белесті де сөзсіз бағындырар еді. Фильмнің трейлерін көргеннен-ақ, сондай нәзік сезімге куәлік ететініңді түсінгендей боласың. Ал өзін көрген соң, махаббат хикаясына жаңа бояу бере алған, ерекше жандардың жан тебіренісін сөйлете білген, екі бөлек адамға ортақ әлем сыйлаған сезімтал Денистің жүрек сырымен тілдескендейсің...
Айдана НҰРМҰХАН