БАЛДЫРДЫҢ КӨМЕГІ
Түрлі әдістерді қарастыра келіп, кәсіпорын биотоғанды биологиялық жолмен тазарту әдісін таңдапты. Бұл тәсіл қолданылмас бұрын Ресей, Жапония, АҚШ елдерінің тәжірибесі зерделенген. Бағымызға қарай, Петропавл қаласында жұмыстың осы түрімен айналысатын «Су ғылыми-технологиялық орталығы» бар екен. Кәсіпорын осы орталықпен келісімшарт жасасып, биотоғанды тазалау жұмысын қолға алды. Үш жылға шақталған жобаның құны – 123 миллион теңге. Бүгінде бұл қаржы кезең-кезеңімен игерілуде. «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС директоры Александр Рейбанд түсіндіргеніндей, бұл тәсіл бойынша суға хлорелла балдырлары жіберіледі. «Нәтижесінде, дафния деп аталатын микроорганизмдер бөлініп, суды тәулігіне екі рет сүзеді. Биотоғанға хлорелланың өте көп мөлшері қажет болды – 6 миллион литр шамасында. Себебі жоба басталған кезде биоматериалдың қажетті көлемімен қамтамасыз ету қажет болды. 1 миллилитр суға 10-12 миллион жасуша бөлінген кезде, оны төгіп, қайтадан құйдық. Жұмыс қыстыгүні де тоқтаған жоқ. Қардың үстімен жүретін көліктерге бөшкелерді тіркеп, мұзды ойып, хлорелла жібердік. Мұздың астына 19 тоннадай балдыр кетті», – деп түсіндірді кәсіпорын директоры Александр Рейбанд. Келісімшарт бойынша жоба аяқталған соң «Су ғылыми-технологиялық орталығы» бұл технологияны «Қызылжар су» кәсіпорнына тапсырмақ. Ол үшін қазірдің өзінде кәсіпорын мамандары үшін арнайы оқу курстары ұйымдастырылыпты. Кейін «Қызылжар су» ЖШС-ның аумағына фотобиореактор орнатылып, кәсіпорын мамандары өз қажеттіліктері үшін хлорелла балдырын өндіре алатын болады.ҚАЙРАН ҚАРЖЫ
Кәріздік тазарту құрылғыларын қайта құру жұмыстары 2019 жылы тоқтап қалған себепті «Қызылжар су» кәсіпорны осындай амалдарды қолдануға мәжбүр. 2013 жылы басталған қайта құру жұмыстары ең соңғы – 4-ші кезеңге жетіп, шорт тыйылды. Солтүстік Қазақстан облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов түсіндіргеніндей, жоба түзетуге жіберілген. «Алайда жобалау-сметалық құжаттама сараптамадан өтпей қалды. Одан соң республика бойынша реконструкциялау жұмыстарына мораторий жарияланды. Бүгінгі күні еліміздің 56 қаласы үшін мораторий алынып тасталды. Енді жоба сараптамадан өтуі тиіс. Одан соң қаржы бөлінуі қажет. Алайда облыстық бюджеттің қауқары жетпейтін сияқты, барлығы республикалық бюджетке келіп тіреледі», – деп түсіндірді Азамат Бектасов. Жалпы, бұл жұмыстың бірінші кезегі 2005 жылы басталған болатын. 2012 жылы үшінші кезеңі аяқталды. Ал 2013 жылы басталған соңғы төртінші кезеңі аяқсыз қалды. Айта кету керек, бұл мақсатқа 2 миллиард 65 миллион теңге бөлініпті. Тапсырыс беруші – «Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Осы бөлімнің жұмысына қатысты соңғы кезде көп сұрақ туындап жүр. Тіпті, облыс басшылығы оны жауып тынуға дейін бар. Бұл мекеменің қолға алған шаруасының көбі аяқсыз қалып, қаржыға келіп тірелуде. Қала тұрғындарының кейбіреулері сол реконструкцияның қажеті де жоқ деген пікірде. Мәселен, «Біздің шенеуніктер көп қаржыны қажет ететін қымбат жобаларға әуес. Шын мәнінде, миллиардтаған қаржыны үнемдеп қалуға болушы еді. Хлорелла қолданылатын тәсілді неге жүзеге асырмасқа? Әрі арзан, әрі тиімді», – дейді Петропавл тұрғыны Роман Чудинов. Бір әттеген-айы – биологиялық тазарту бірден нәтиже бермейді. Оның «қызығын» петропавлдықтар келер жылы ғана көре бастамақ. Әзірге күлімсі иіске мойынсұнып, шыдай тұруға тура келеді.