«Алмаймын» дедім ғой!

«Алмаймын» дедім ғой!

Жүрегі лүпілдеп, қолдары дірілдеп, кежегесі кейін тартып, ақыры мектеп директорының кабинетін тықыл­датты. – Кіруге рұхсат па? –деп сұрады ол. Директор кабинетінде кофе ішіп отыр екен, «Келе беріңіз!» дегендей, басын изеді. – Ия, жұмыс іздеп келдіңіз бе? – Қалай біліп қойдыңыз? – Көздерің айтып тұр. – Осы көздерім тегі сыр жасыра алмайды. Айтып қоя береді... – Мамандығың? – Қазақ тілі мен әдебиеті. Директор кофеден бір ұрттады да, орнынан тұрып сөйлеп кетті. – Бір орын бос. Осы пәннен беретін әйел декретке шығып кетіп еді. Сіз де декретке шығып кетпейсіз бе? – Мен... Мен еркекпін... – Еркектер декретке шықпайды деп кім айтты? Әйелі босанса, ері декретке шыға алатын заң бар. – Бойдақпын. – Мм.. Арызыңызды жазыңыз. Қуанып кетіп, бір парақ ақ қағазға өлеңдетіп арыз жаза бастады: Айларовтан, Арыз, Болмаймын сізге Қарыз... Келгенім жоқ, Тектен-текке, Мені жұмысқа алыңыз. Осы мектепке, Жаман сөз, Есітпеймін, Сабаққа кешікпеймін, Бар десеңіз, Бала болам, Сізді жақтап, Дана болам, Отырған жоқпын, Күйгектеп, Қол қоямын, Иректеп... Мектеп директоры өлеңмен жазылған арызды оқыды да, жымиды. Жымиғаны жақсы, оның басына жақсы ойлар қылтиды. – Ақынсың ба? – деп сұрады мектеп директоры. – Соған жақынмын. – Жұмысқа қабылдандыңыз! Қуанып кеткен Айдаров қипақтап, қалтасына қол салды, қол салғанда мол салды... Екі миллион теңге оралған конвертті сырып алып, мектеп директорының алдына қойды. – Бұл не? – деп сұрады директор. – Құрғақ қасық ауыз жыртады дегендей. Екі миллион теңге. – Алмаймын! Сол екен, Айдаровтың жүрегі суылдап, екі беті дуылдап, мүсәпір халге түскені. «Алмағаны, жұмысқа да алмайды», – деп ойлады ішінен. – Азырқанып тұрған болсаңыз... – Алмайтын директормын. – Өтірік айтып тұрсыз. Алыңыз. – Алмаймын дедім ғой! – Шын ба? – Шын! – Ойебай, апай, сізбен селфи жасап жіберейінші? – Болмайды! Бетім табақтай. – Негізі ставкаңыз қанша? – Алып көрген емеспін! – Таң қалып тұрмын! Сіздің қолыңыздан сүйсем бола ма? – Қолымды жумаған едім. – Не деген керемет! Пара алмайтын директор да бар екен ғой? Қуанышым қойныма сыймай кетті ше? Сізді биге шақырсам бола ма? – Болмайды! Белім жуан. – Сіз жаңа Қазақстанның жаңа директоры екенсіз! Сонда да алыңызшы. Көңілім тоқ жүрсін. – Алмаймын дедім ғой. Алмаймын. – Тошына? – Екі миллион алып көрген емеспін. Төрт миллион, бес миллион теңге болса мейлі, –дегенде, Айдаровтың ауызы ашылып, екпіні басылып, миы «шашылып», қан қысымы тасынып, желкесін қасынып, кабинеттен теңселіп шыға берді. Мұндай пара алмайтын директорлар бар шығар, мүмкін ғой, бірақ ҚР оқу–ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысында болып, тұрғындармен кездескенде, көп нәрсеге қанықты. Министр әлеуметтік желіде былай жазды: «Көптеген сұрақ облыстағы мұғалімдер мен мектеп директорларының қарым–қатынасына байланысты болды. Мұндай антирейтингте Түркістан облысы республика бойынша «көшбасшы» саналатынын атап өткім келеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру бөлігінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағымдар болды». Дегенмен, Түркістан облысында мектепке жұмысқа орналасу министр болудан да қиын екенін еске түсірейік. Парақорлық әлі де «жер жастанған» жоқ. Жоғарыда мысалға айтылғандай, алмайтын басшылар да бар, көпке топырақ шаша алмаймыз. Кезінде елбасы осы өңірдегі мектеп басшылары туралы: «Еден жуатындардың өзінен пара алғаны, не сұмдық?»–деп таңданған еді. Біз де таңдайымызды тақылдатумен әлі келеміз.

Жатыпатар ЖАНЫС