Жаттығып жатырмыз!

Жаттығып жатырмыз!

Түн ортасында түлен түрткен жоқ, итіміздің абалап үргенінен, адамдардың сақылдап күлгенінен оянып кеттік. Әйелім терезеден қарады, мен далаға шықтым. – Түн жарық, біз өрт сөндірушілерміз, – деді жуан дауысты. – Жәйша жүрсіздер ме? –деп сұрадым мен. – Үйіңіз өртенген жоқ па? –деп қарсы сұрады ол. – Жоқ. – Неге өртенбеген? – Құдай сақтасын! – Өртенбесе, қазір өртейміз. Рұхсат па? – Түсінбедім? – Жаттығып жүрміз. – Жаттықсаңыздар, біздің үйді өртейсіздер ме? – Мына миллионер көршіңіз рұхсат бермей қойды. Қорықпаңыз, өртті тез сөндіреміз. Атыңыз шығады, үкімет рахмет айтады, шығыныңыз бола қалса, өтейді. – Өртей салсыншы? – деп қалды әйелім қолтығыма басын тығып жатып, –жаттығу екен ғой. Жәпірейген, жаман үйіме қарадым. Небір базарлар, сауда үйлері өртеніп жатқанда, менің үйім үйіндіге айналатын шығар? Өрт сөндіретін машиналары да дайын тұр екен. Әйелім айтса, келісіп көрейін. Тышқандар қырылып қалсын. Үйімнің шатырына өрт қойылды. Сценарий бойынша дереу өрт сөндірушілерге хабарластым. – Өрт! Өрт! – Қандай өрт? – Қып-қызыл! – Көкпеңбек емес қой? – Ойбай, тез келіңдер, өрт, өрт! – деп төбеге қарасам, қызыл жалын үйді толық шарпып үлгеріпті. Өрт сөндірушілер лаваш жеп тұр. «Неге сөндірмейсіздер?» –дедім дегбірім Дубайға кетіп қалып. «Біз жолда келе жатырмыз!» –дейді. «Сіздер қуанып жүрсіздер ғой? Жылап-еңіреп, талып қалмайсыздар ма? Жаттығуда солай көрсетілген,» – дейді жуан дауысты бастығы. Сол екен, әйелім талып қалды. Бетіне топырақ шашып, тірілтіп алдым. Көршілер жетті улап-шулап. Бәрі шелекпен су тасып жатса, өрт сөндірушілер кетіп барады. «Ойбай, қайда барасыздар?» – деп сұрадым мен. «Су соруды ұмытып кетіппіз ғой!» Үйім жанып жатыр. Жанымыз қалмастан, көршілер болып, әрең сөндірдік. Су тасып үлгермегендер түкіріп, қақырып сөндіріп жатты. Рахмет, көршілеріме. Бір кезде, өрт сөндірушілер келді. Сөніп бара жатқан соңғы жалынға көбік бүркіп өшірді. «Жаттығу жынды өтті!» – деп қояды жуан дауысты бастығы. «Сәл ғана өртеніп келе жатқаннан сөндіреміз дегеніңіз қайда? Енді үйсіз қаламын ба?» – дедім жыламсырап. «Үкімет өлтірмейді, –деп қояды ол, – жаттығып жатырмыз, мына жерге қол қойыңыз.» Иректетіп қол қойдым. – Өрт неден шықты? – деп сұрады ол. – Өздеріңізден. – Олай демеңіз, тоқ тұйықталғаннан. – Бізде сібет жоқ. Өшіріп кеткен. Төлей алмаған соң. – Газлан шықты дейміз. – Газды да өшіріп кеткен. – Судан дейміз. – Су өртенбейді... – Қалауын тапса, қар жанады. Біз жаттығып жүрміз! – деген олар кетіп қалды. Бүйтіп жаттық­қандары құрысын! Келісе кеткен әйелімді бір ұрып құлаттым. «Неге ұрасың, и?» – деп сұрады ол. «Жаттығып жатырмын!» Ойыннан өрт шығады деген осы. Әзілдесек те, елімізде өрт мәселесі ушығып тұр. Алматының базарлары бірінен соң бірі өртеніп жатты. Шымкент базарлары да. Біреу қасақана өртей ме? Әлде, тоқ кінәлі ме? Әлде, өрт сөндірушілер өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізіп, арнайы тексерулерден өткізбейді ме? Жақында Абай облысының Үржар ауданында, Алакөл жағасында алапат өрт болды. Үш мың шаршы метр жанып кеткен. Ашығын ашынып айтсақ, 17 ғимараттың күлі қалды. 7 адам зардап шеккен. «Әлихан» демалыс орнының иесі Мәриям Сейіткәрімқызы: «Өрт «Керуен» демалыс орнынан басталып, жел әсерімен бізге қарай ауысты да, нысан толық жанып кетті. Өрт сөндірушілер 150 шақырымнан келгенше солай болды». Ал, төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, демалыс орнындағы өрт қауіпсіздігін тексеруге мароторий қол байлау болыпты. Әй, бірі кем дүние-ай! Осылай жайбарақат отырған төтеншеліктерге не деуге болады? Қауқары қауыр­сындай қызметтен не пайда? Озық технологиялар мен осы саланы цифрландыруды тез арада қолға алмасақ, бәрі кеш. Қызыл кеңірдек болып, босқа сайрағанды ұмытайық. Бізде тіл бар, өртте тіл жоқ.

Ратхұм Міреш