Құдайбергеннің құйтырқы сөзі

Құдайбергеннің құйтырқы сөзі

Кезінде «Тамаша» әзіл-сықақ театры дүрілдеп тұрды. Осы театрға автор ретінде белсене араластым. Жұрт «Тамаша» десе, ішкен асын жерге қоятын. Қазір қаптаған театрларды көрсе, тамақтарын ішіп отыра береді. Первомаймен, (Әкесі Тәуекел осындай есім қоймақ болыпты. Автор.) Құдайберген Сұлтанбаев ағамен осы «Тамаша» арқылы таныстым. Бет–ауызы жыбырлаған комедия. Сөзі де, өзі де. Бір күні «Тамшаның» режиссері марқұм Лұқпан Есенов хабарласты: «Оу, Мұхтар, бізді құтқар! Жаңа жылға бір апта ғана қалды. Ал бізде бір де бір сценарий жоқ! Алматыға тез жет!» –деді. Ағамыз айтқан соң, айран ішіп отыра берейін бе? Алматыға қарай ұштым. «Үш күнде жазып бітсең еді!» –деді Лұқпан аға. «Қонақ үйде қасында Гүлбаушан отырсын!» –деді Құдайберген ағам. «Неге?» –деп сұрады Лұқпан. «Шабытын келтіру үшін, бетінен сүйіп отырады!» – деп қояды Құдайберген. Гүлбаушан да: –«Мақұл, Құдеке!» –деп басын изеп жатыр. Шынымен сеніппін. Бетімнен сүйе берсе, қызарып кететін шығар деп. Сөйтсем, әзілдері екен. Тоғыз интермедияны екі күнде жазып берген едім. Құдайберген көңілді кісі еді. Ақкөңіл, кішімен де, кәрімен де күліп–ойнап отыра береді. Құдекең біздің үйде қонақта болғанда, көршілердің бәрі көргісі келіп, үйге сыймай кетті. Тағы бірде мені арнайы іздеп келді. Шымкенттің ет комбинаты жағында бір үйде қонақта болып, таңға жуық менің ескі «жигулиіммен» зуылдап келе жатсақ, МАИ инспекторы тоқтатты. «Құжаттарыңыз?»–дейді. «Менің табақтай бетім–құжатым,»–деген Құдайберген ағам терезеден басын шығарып еді, МАИ инспекторы сасқалақтап қалды. «Ой, сіз Құдайберген Сұлтанбаевсыз ба? Тірідей көріп тұрмын ба?». «Ия, тірідей көріп тұрсыз.» «Ет комбинаты жағында неғып жүрсіз?» –деп не айтқанын да білмей қалды инспектор. «Әртіс ет жемейді деп кім айтты сізге?» Кейін Құдекең парламент мәжілісінің депутаты болғанда, елбасыға: «Парламентте әртіс жалғыз мен бе десем, мұнда менен де асқан әртістер бар екен ғой!» –деген жауабын жұрт ауыздан ауызға айтып жүр. Құдайберген мен жазған «Қайыршылар,», «Бақсы», тағы басқа интермедиялардағы рольдерін керемет сомдады. Көрермендерді күлкіге қарық етті. Брде маған: «Мұхтар–ау, атақты әртісті қайыршы да еттің ғой!» – дейтін «Қайыршы» интермедиясындағы қайыршы ролін меңзеп. Қай бір жылдары Жетісайда атақты кәсіпкер Батырхан Төлебаевтың ұйымдас­тыруымен «Мырзашөл жұлдыздары» атты гала концерт өтті. Соңынан бір үйде қонақта болдық. Құдайберген ағам мені түртті. «Жүр далаға, Өмірсерік шақырып жатыр. Сен оны танисың!» –деді. «Жоқ, танымадым». «Ойбай–ау, ол атақты ғой, Оны дүние жүзі таниды!»–деп жетеледі. Далаға шыққан соң: –« Әжетханаға барайын дегенім ғой, оны Өмірсерік деймін. Өмір бойғы серігіміз ғой!» – деп тұр. Күлмеске амалым қалмады. Ертеңіне Құдекеңді достары бір таксиге отырғызды. Шымкентке қарай. Жанында мен. Әңгімеден эрмитаж соғып келеміз. Ал, таксиші тек қырық деген жылдамдықпен келеді. «Жылдам айдасаңыз еді?» –деген Құдекеңнің сөзін құлағына қыстырмайды. Шымкентке жеткен соң, оны оңашалап: «Неге жәй келдіңіз?» – деп сұрадым. «Жәй жүріп, Құдайбергенді ұзақ көріп алайын дегенім ғой» – дегенде, не дерімді білмедім. Жетісайда Саймұзбек деген кәсіпкер болды. Құдайбергеннің кумирі. Сол Саймұзбек жолда келе жатып, Құдайбергеннің ішек– сілесін қатырды. Құдекең кез-келген сөз айтса, соған ұйқас таба қояды. «Волга!» деп еді, «Келесің зорға!» деді. «Тас» деп еді, «Пәледен қаш!» деді. «Есік» деп еді, «Колбаса жейміз, кесіп, кесіп!» – деді. Тоқтамайды. Құдекеңнен көп анекдот естідім. Ол кезде жындылар туралы анекдот жиі айтылатын. Дәрігер жындыларды суретке түсіре бастапты. Сөйтсе, бір жынды ағаш артына тығылып қалыпты. «Ей, неге тығылып тұрсың?» –деп сұраса: –«Мамам суретімді көргенде, ағаш артынан «бааа!» деп қорқытып шыға келемін!»– депті. Сосын біреу: –«Социализм мен коммунизм арасында талтайып тұрмыз!» дегенде, екіншісі: –«Қашанға дейін талтайып тұра береміз?» –деген екен. Батырхан досымыз екеуміз Құдайбергеннің үйінде жиі болатын едік. Жалғыз ұлына әпермеген ойыншығы жоқ десе де болғандай. Айналма ойыншық пойызды сонда бірінші рет көруім. Мұрағат сақтаудың да шебері екен. Алғашқы «Тамашаның», ия, Тұңғышбай Жаманқұлов екеуінің орындауындағы көріністерді теледидарына қосып бергенде, жеңгейдің түскі асқа шақырған даусын да ұмытып кетіппін. Құдекең «Терминатор» киносын жақсы көрді. Осындай кино түсірсек қой шіркін, деп армандады. Сөйткен Құдекең өмірден ерте кетті. «Тамашаның» тарландары Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбеков, Уайс Сұлтанғазиндер тек естелік болып қалды. Ескірмейтін естеліктер...

Мұхтар ШЕРІМ, Жазушы, сатирик.