Бізде бет жоқ!

Бізде бет жоқ!

Бәрімізде бет бар. Беті жоқ адам болмайды. Екі жағы да желке болып туылған адам көрсем, көзім шықсын! Беттер де әр түрлі ғой. Табақ бет, жалпақ бет, кессең, қан шықпайтын, не, жан шықпайтын бет, сазарған бет, ағарған бет, дара бет, қара бет... Осылай кете береді. Сол құдай жаратқан бетіңмен, адамдардың жүзіне қарай да алмайтын, қара беттер де болады. Мысалы, махаббатта. – Жаным, бері қарашы, – дейді әйелі. – Қарай алмаймын. – Неге бетіңді алақаныңмен басып алғансың? – Менде бет жоқ. – Қойшы, жаныым. Бетіңді көрсетші? – Көздерім алайып, бетім қарайып кеткен. – Неге жаным? – Мен ... Мен сенің көзіңе жоңышқа салдым... – А, қарабет! Солай ма? – деген әйелі де бетін алақанымен басып, далаға жүгіріп шығып кетіпті. Кәсіпкерлікте де қарабеттер болады. – Бетің қарайып кетіпті, жуасың ба, өзі? – Жуам. – Бұрын сап-сары едің? Қарайып кетіпсің? –Кешір, сенің алдыңда қара бетпін. –Білем, менің ғимаратымды рейдерлікпен тартып алдың! Шенеуніктер арасында да қара беттер бар. –Халыққа тіке қарамай тұрсың? –Қарабетпін. –Халық алдында сөйлеңіз. –Қара бетпін. – Бірдеңе деңіз? – Негр бетпін... Ал, соттар, тергеушілер ше? Ойбоой, оларда да, қара беттер жетеді! Мәселен, Сейітқазы Матаевты білесіздер. Тірі пенденің ала жібін аттамаған Матаев кезінде беделді ҚазТАГ–тың тілшісі де болған.Ұлттық баспасөз клубын басқарды. Соның ғимаратына көз тіккендер мұны, баласы Әсет екеуін қосақтап, түрмеге отырғызды. Ал, не болды? Аққа құдай жақ деген емес пе? Түрмеден мерзімінен бұрын босанған Матаевтар күні кеше ақталып шықты! – Мен қара бетпін! – деді ішінен тергеушілердің бірі. – Мен де бетсізбін, –деп төмен қарады тағы бір тергеуші. – Ия, масқара болдық! – деді оны соттаған судья. – Бізде бет жоқ! –деп жамырады бәрі. – Соны енді білдіңдер ме? –деп жаңғырықты жартастың өзі. – Моральдық шығынды кімдер өтейді? – деп сүрады әлдекім. – Оларды соттағандар! – Бүйтіп жер басып жүрмей–ақ қойдым! – Тапсырыспен тергейтіндер, соттайтын­дар ғой!