Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл 6 айда ағза мүшесінің трансплантациясы бойынша 100-ден астам операция жасалған. Алайда соңғы жылдары донор болудың маңызы түсіндіріліп, трансплантация орталығының саны артқанымен, ағзаға мұқтаж науқас көп. Бүгіннің өзінде елімізде 4 мыңға жуық адам ағза ауыстыруға мұқтаж. Осы мұқтаждықпен мәңгілік мекенге аттанып жатқандар қаншама...КҮН САЙЫН КҮТУ ПАРАҒЫНДАҒЫ БІР АДАМ КӨЗ ЖҰМАДЫ
Бүгінгі күні кез келген қазақстандық өзі қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға ықтияры бар-жоғын көзі тірісінде eGov.kz порталында жазып көрсетуге мүмкіндігі бар. Екі жылдан бері осы порталда 18 мыңға жуық өтінім тіркелген. Оның ішінде 17 мыңнан аса адам донорлықтан бас тартса, 1000-ға жуығы ғана келісімін беріпті. Қазіргі күні елімізде 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 26 стационарлық және 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар. Сондай-ақ 2012 жылдан бері Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығы да жұмыс істейді. Оның басты міндеті – ағза мүшесі донорлығының тиімді ұлттық жүйесін құру. Денсаулық сақтау министрлігі берген ресми мәліметке сенсек, былтыр бұл орталық 4 өлі донордан жасалған трансплантацияға үйлестіруші болған. Олардан 10 донорлық ағза мүшесі алынып, трансплантацияға зәру рецепиенттердің регистрінде тіркеуде тұрған 10 науқастың ағзасы ауыстырылған. Биыл жарты жылда дәл сондай 2 өлі донордан алынған 7 ағза мүшесінің трансплантациясы жасалған. Жалпы алғанда былтыр республиканың трансплантация орталықтарында ағза мүшелерін транспланттау бойынша 171 ота жасалса, оның ішінде 4 өлі донордан 10 ағза мүшесі, көзі тірі донорлардан 161 ағза мүшесі ауыстырылды. Биыл жартыжылдықта ағза мүшесін алмастыру бойынша 104 операция жасалды. Оның ішінде 7 ағза мүшесі өлі донордан алынса, 97 ағза мүшесі көзі тірі донордың келісімімен алыныпты. Десе де, Қазақстанда ағза трансплантологиясы әлі де өзекті. Өйткені қазірдің өзінде елде 3 562 адам шұғыл түрде бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе ауыстыруды қажет етеді. Атап айтсақ, бүйрекке – 3 214, бауырға – 174, жүрекке – 154, өкпеге – 16 адам және 4 адам өкпежүрек кешенін ауыстыруға мұқтаж. Оның ішінде 79-ы бала. Өкінішке қарай, осы шұғыл түрде ағза ауыс тыруды қажет ететін науқастардың кезегі жыл басынан бері 150-ге тарта адамға азайған. Денсаулығы тәуір болып, аяқтан тұрып кеткендіктен емес, дүние салуына байланысты кезектен шығарылыпты. Олардың дені ағза жетіспеушілігінен көз жұмған көрінеді. Мәселен өткен жылы күту парағында тұрған 341 адам мәңгілік сапарына аттанған. Бұл дегеніңіз, күту парағында тұрған науқас тың күніне біреуі көз жұматынын көрсетеді. Өйткені донорлық ағза тапшы.
МӘЙІТТІК ДОНОРЛЫҚ КЕНЖЕЛЕП ТҰР
Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығының директоры Әділ Жұмағалиевтің сөзінше, ағза тапшылығының басты себебі – мәйіттік донорлықтың дамымауы. Оның айтуынша, бүгінгі күні донорлық стационарларда еңбек ететін мамандардың білімін жетілдіру, санын арттыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Себебі бас-ми өлімін тіркейтін мамандардың көп болуы аса маңызды. Бұдан бөлек, трансплант-үйлестірушілердің жетіспеушілігі де өзекті.
«Мысалы бұл салада Испания көшбасшы мемлекет саналады. Бұл елде 600 адам трансплант-үйлестіруші болып жұмыс істейді. Үндістанда осындай 3 мың маман бар. Жаңағы айтқан Испания 20 жылдан бері трансплантация саласында ағза донорлығы бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз сол тәжірибені өзімізде пайдаланудамыз. Былтыр елде үш деңгейлі испандық модель енгізілді. Ол бойынша республикалық, жергілікті және стационарлық деңгейдегі «транспант-үйлестіруші» мамандығы пайда болды. Ендігі жерде олардың жұмысын ары қарай жандандыру қажет», – дейді орталық директоры.
Осы трансплант-үйлестірушілер биыл жарты жылдың өзінде 27 ықтимал донор тауыпты. Оның 18 пайызы бас тартса, 33 пайызы келісім берген. Алайда оның өзінде 2 донор ғана жарамды болса, барлығы 7 ағза ғана операцияға қол данылған. Өйткені келісім берген кез келген адам донор бола алмайды. Үйле сімділіктен бөлек, ағзаның жаңа адамға салғаннан кейін қайтадан жұмыс істеп кету мүмкіндіктері де қарастырылуы керек.
«Тәуелсіздік алғаннан бері 2 100-ден астам адамға осындай операция жасалды. Алайда ағзаға мұқтаж науқас көп. Себебі донор жетіспейді. Мысалға биыл 104 отаның 80 пайыздан астамында тірі донордың ағзасы пайдаланылса, 15 пайызында мәйіттік донордың ағзасы қолданылды. Дамыған мемлекет терде мәйіттік донордың ағзасын пайдаланған операциялар әлде қайда басым. Ал бізде көбіне туыстар ғана бір-біріне донор болады», – дейді Әділ Жұмағалиев.
Оның айтуынша, бүгінгі күнгі басты міндет – трансплантация саласы мен ағза донорлығын дамыту. Өйткені дені сау донорлар трансплант туризмнің ықпалына ілігіп кетуі мүмкін. Бұл бай мемлекеттің адамдары ағзаны басқа мемлекеттің адамдарын донор ретінде пайдалануы.
«ЕКІНШІ ӨМІР» СЫЙЛАҒАН ЖҮРЕК
Транспланттаушы-үйлестіруші мамандардың сөзінше, трансплантация жасау екі түрге бөлінеді. Яғни туыстық және мәйіттік донордан ағза алынады. Мәйіттік донордан ағза ауыстыру операциясы 2012 жылдан бері жасалып келеді. Сол жылдың 8 тамызында жүрек ауыстыру операциясы алғаш рет Жәнібек Оспановқа жасалды. 2006 жылы ол операцияға дейін жылына екі рет елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта емделген. Қазір басқа адамның жүрегімен өмір сүріп жүрген Жәнібек екінші өмір сыйлаған донордың жақындарына алғыстан басқа айтары жоқ.
АДАМ ӨМІРІН АРАШАЛАУ – САУАПТЫ ІС
Бүгінде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша әрбір азамат қайтыс болғаннан кейін ағзасын беруге келісім бере алады. Бұл бойынша екі жылдан бері eGov.kz порталында «трансплантаттау мақсатында ағзалардың, тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бойынша автоматтандырылған қызметі енгізілді. Осы жерде кез келген азамат электронды қолтаңба арқылы порталға кіріп өз келісімін де беруіне рұқсат етілген. Өкініштісі, елімізде көзі тірісінде донор болуға келісім беруді жөн санамайды. Көпшілік донорлыққа түбегейлі қарсы. Тірі кезінде донорлыққа келісім беру не бермеу туралы таңдауын жасамағандықтан, әлеуметті донорды ми өлімі диагнозын қойған кезде туысқандарының рұқсатын алу арқылы алады. Алайда әлгі айтқандай, өлім аузында жатқан науқасқа қол ұшын беруден бұрын марқұмның жүрегі өз денесінде соңғы сәтке дейін соққанын қалайтындардың қатары көп. Енді біреулері діни наным-сенімнің ағза ауыстыруға қарама-қайшылығын айтып қарсылық танытады екен.
Алайда асыл дініміздің өзінде тірі адам немесе мәйіттің ағзасын тірі адамға салуға болады. Демек, діннің өзі сауапты іске рұқсат берген. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Ерғали Байділдаевтың сөзінше, Құранда адам баласын ардақты етіп, қалған жаратылыстардан жоғары қойған.
«Шөл далада өмір сүретін біреу келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәрі ішіп, емделсек бола ма?» деп, сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты», – деген. Оған сүйенсек, адам баласы жанын сақтап қалу мақсатында тірі адамның немесе қайтыс болған адамдардың ағзаларын ауыстыруға болады. Құранда айтылғандай, кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық етпеген біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең екені айтылады. Яғни аятта айтылғандай, бір адамды тірілтіп, соған жәрдемдессек, барлық адамды тірілткенмен тең. Осы хадистерге сүйене отырып, жалпы ағзаларды ауыстыруға болатынын айта аламыз», – дейді дін маманы.
Жақыныңның жүрегі өзге біреудің кеудесінде соққаны ауыр соққы болуы да заңдылық. Алайда өмір сүруін тоқтатқан бір мәйіттік донордың жүрегі мен өкпесі, бүйрегі мен бауыры, көзі де қажетке жарайтынын қаперден шығармасақ екен дейсің. Сауапты істі қолдап, алмасып өмір сүре алсақ, «екінші өмір сүрудің» кезегінде тұрған сегіз адамның өмірін сақтап қалуға септігімізді тигізеріміз сөзсіз.