Сезік туғызған сыбайластық
Сезік туғызған сыбайластық
688
оқылды
Бүгінде Жамбыл облысында жең ұшынан жалғасқан жеморлық фактілері азаймай тұр. Әсіресе, қызметке қабылдауда сыбайластыққа бару тыйылар емес. Сыбайлас жеморлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті осы жылдың алты айының өзінде146 тексеріс жүргізіп, талай заңсыздықтың бетін ашқан. Әсіресе, ауыл шаруашылығы техникаларын тіркеу, елді мекенді сумен қамтамасыз ету, артспорт саласы, автокөліктерді бастапқы тіркеуден өткізу және жұмысқа қабылдауда жемқорлыққа бару тәуекелі жоғары.
– Атап айтсақ, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғаларының жымқырғаны туралы дерек анықталып, департаменттің тергеу қызметімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Бұдан бөлек, департамент күнделікті «Сатып алудың бірыңғай терезесі» арқылы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жасайды. Мониторинг кезінде жолданған ұсыныстар негізінде мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу жоспарлары қайта қаралып, 326 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажанов.
Негізі, мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырғысы келетіндердің қарасы қалың. Мәселен, өткен жылы облыс әкімдігіне қарасты Цифрлық технологиялар басқармасы 300 теңгелік батареяны 10 миллион теңгеге сатып алмақшы болса, биыл Меркі ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдениет үйлері мен клубтарының орталықтандырылған жүйесі ыдыс-аяқ алуға 24 миллион теңге қойған. Зерделеу нәтижесінде қаржы көлемі қайта тексеріліп, бақандай 23,9 миллион теңге үнемделген. Дәл сол сияқты Талас ауданы Қаратау қаласы әкімінің аппараты жалпы сомасы 7,5 миллион теңгеге 160 дана кабельдік құдық люгын сатып алмақшы болған. Алайда департамент ұсынысынан кейін баға қайта қаралып, 1,9 миллион теңге қазынаға кері қайтарылған. Бұдан бөлек, есепті кезеңде көлікті бақылау инспекциясы, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және облыс әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметіне сыртқы талдау жүргізіліп, 46 ұсыныс енгізілген. Жүргізілген талдау барысында тек көлікті бақылау инспекциясының өзіне 21 ұсыныс беріліп отыр. Бұл аталған органның ұйымдастырушылық басқару қызметінің төмен екенін көрсетеді. Сол себепті оның басшысы мен үш қызметкері қызметіне толық сәйкес емес екені туралы ескерту түрінде тәртіптік жазаға тартылған. Осы жылдың алты айында әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 17 хаттама толтырылып, 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Айта кетерлігі, бұрын жемқорлық бабы бойынша істі болған азаматтарды жұмысқа қабылдау денсаулық сақтау ұйымдарында көп көрініс тапқан. Жеке кәсіпкерлікпен айналысуға білім ордаларының басшылары жол берген. Жарты жылда жалпы өңірде 66 қылмыс тіркелсе, оның 46-сы сыбайластық сипатында. Оның ішінде жемқорлық деректерінің жүйелі түрлері бойынша – 3, кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бай ланысты – 3, көлеңкелі экономика субъектілеріне лауазымды адамдар тарапынан қамқорлық жасау бойынша 4 дерек анықталған. Сондай-ақ 54 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 2-сі республикалық, 4-і облыстық, 3-і аудандық деңгейдегі басшылар. Мәселен, биыл 1 шілдеде Тараз қалалық №2 соттың үкімімен Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының директоры Нұрлан Бықыбаев, директордың орынбасары Ғалия Әлімжанова мен аталған кәсіпорынның бұрынғы бөлім басшысы Жамал Ақпан пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ олар мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып отыр. Бұл үшеуі экскурсовод қызметіне маманды жұмысқа қабылдау үшін 200 мың теңге көлемінде пара талап еткен. Осылайша, оңай олжаға кенелмек болған басшымен оның қосшылары енді бармақ тістеп қалды. Департамент басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажановтың айтуынша, өңірде пара алу арқылы жұмысқа қабылдау әлі күнге тыйылмай тұр екен. Нәтижесінде, жалпы тіркелген қылмыстық істер бойынша 560,3 миллион теңге көлемінде залал келтіріліп, оны өндіру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Негізі, өткен жылы тіркелген қылмыстар саны 42 болса, биыл бұл көрсеткіш 66 деректі діттеп тұр. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар былтыр 29 болса, ол екі есеге дейін өсіп, 46 фактіні көрсетті. Осының өзі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың биыл дендеп кеткенін көрсетіп отыр.