Ұлттық академиялық кітапханаға жаңа директор тағайындалды
Ұлттық академиялық кітапханаға жаңа директор тағайындалды
Фото: Ғазиза Құдайбергенқызының Facebook-тағы парақшасынан алынды
2,434
оқылды
Ұлттық академиялық кітапхананың директоры ауысты. Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева Ұлттық академиялық кітапхананың директоры болып тағайындалды. Ғазиза Құдайбергенқызы бұған дейін Жамбыл атындағы Алматы қалалық жасөспірімдер кітапханасында еңбек етті. Аталған кітапхана Оpen space форматында жұмыс істеген алғашқы зияткерлік орталықтың бірі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға барған сапарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың зияткерлік орталығы болып қайта құрылған Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының жұмысымен танысқан болатын. Кітапханада электронды ресурстармен, кітап және мерзімді басылымдармен жұмыс істеу, фильмдер көрсету, таныстырылымдар, тренингтер және конференциялар өткізу қызметі қамтылған. Айта кетейік, Ұлттық академиялық кітапхана 2004 жылы 23 сәуірде Үкіметтің №461 қаулысымен құрылды. 2004 жылғы 10 маусымда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Мәскеу мэрі Ю.Лужковтың қатысуымен кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. 2005 жылдың 10 қыркүйегінен бастап Ұлттық академиялық кітапхана оқырманға қызмет етіп келеді. Кітап қоры 380 000-ға жуық. Ғазиза Нұрғалиева Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2004 жылы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетін «библиограф-кітапханашы» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1992 жылы республикалық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы болып бастады. Әр жылдары кітапхана ісінің құрылымдарында қызмет істеген.
«Кітапханаларды заман талабына сай жетілдіріп, оқуға құштар қоғам қалыптастыру – алдымызда тұрған аса маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте Ғазиза Құдайбергенқызы білікті маман ретінде тың бастамаларымен, жаңашыл идеяларымен Ұлттық академиялық кітапхана жұмысын одан әрі нығайта түседі деп сенемін», – деп жазды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.