Шаруалар текке шырылдамайды
Шаруалар текке шырылдамайды
Коллаж: Әсел Балтақызы
699
оқылды
Әлемдегі соңғы жағдайлар мемлекет үшін азық-түлік қауіпсіздігіні қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан да Қазақстанды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер әуелі ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлгені абзал. Дегенмен шаруалар мал экспортына тыйым салуды құптамайды. Керісінше, ет өндірушілер мұ­ндай тыйымның нәтижелі боларына сенеді. Тараптар көңілдерін күпті еткен мәселелерді «Атамекен» ­ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында көтерді. Негізінен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бұған дейін бірнеше фермер мал экспортына Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген тыйымды тоқтатуды сұрап жүгінген болатын. Палатаның агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеев шаруаларды алаңдатып отырған мәселелерге тоқталып, екі тараптың да пікірін саралауды ұсынды. Департамент директорының пікірінше, ірі қараны сыртқы шығаруға шектеудің жақсы және теріс жақтары да бар. Дегенмен дәл осы түйткілдің түйінін тарқатуда тараптардың ұсыныс-пікірлері аса маңызды. Ал Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Жеңіс Өсербай ведомствоның ұстанымын былайша түсіндіреді.
«Министрлік 30 мың бас ірі қара мал, 60 мың бас ұсақ малды экспорттауды ұсынды. Біздің позициямыз осы. Дегенмен қазір ірі қара мал экспортына шектеу бар. Экспортшылардың мақсаты – көбірек ақша табу, ал өңдеушілер ішкі ресурстардың есебінен шикізатты емес, өңделген етті сатуды қалайды. Әрине, экспорт керек, дегенмен оның мөлшері реттелгені жөн», – деді вице-министр.
Шынында, нарық заңында малдың өзін сатқаннан гөрі оның етін тереңнен өңдеп саудалайтындардың мол табысқа кенелетіні мәлім. Яғни, құр шикізаттық база болмай, қайта өңдеу ісін жандандырған маңызды. Бұл тетіктің экономикалық тиімділігі дәлелдеуді қажет етпейді. Әуелі шикізаттың терең өңдеу ісі жолға қойылады. Сол арқылы мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өз кезегінде дәл осы жүйені жандандыру ауыл шаруашылығын экономиканың қозғаушы күшіне айналдырудың мүмкіндігі ретінде қарастырылады. Қостанай облысындағы BEEF EXPORT GROUP жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Александр Пархоменконың ойы осы. Шаруа ірі қараның экспортына тыйымды жалғастыру керектігін алға тартады. Өйткені малды құр шикізат ретінде экспорттау күні ертең ет өнімдерінде де импортқа тәуелділік қаупін төндіреді.
«Қазір біз ірі және ұсақ фермерлерден малды ет өңдеу зауытына дейін тегін әкеліп, сатып алып жа тырмыз. Егер біз шикізатты сыртқа сатсақ, онда дайын өнімді сырттан сатып алуға мәжбүр болып қаламыз», – деді Александр Пархоменко.
Шаруаның айтуынша, қазір ірі қараны келісіне 1,1 мың теңгеден сатып алатын болса, ал Өзбекстанға 4,5-4,8 доллардан (2,1-2,3 мың теңгеден) экспортталады. Дегенмен ірі қара мал өсірушілер бұл бағаның нарықтағы бағамен мүлдем сай келмейтінін айтады. Олардың айтуынша, ет өңдеушілер шикізаттың әр келісін 700-850 теңге аралығында бағалайды. Әрі олар көп көлемдегі мал етін алуға дайын емес. Осыдан барып мал шаруашылығына қызығушылық төмендеген. Шаруалар қазіргі сәтте төрт түлікті өсіру өзін-өзі ақтамайтын шығын екендігін айтып отыр. Біріншіден, елді мекендерде жайылым жер жетіспейді. Ал қолға қарап қалған малға жем-шөп тауып берудің шығыны шаш етектен. Оған қысқа мал азығын дайындаудың азабын қосыңыз. Осыдан барып атакәсіпке көңілі алабөтен ауылдағы ағайынның бұл күнде таяқ ұстауға немкетті қарауының себебі аңғарылады. Сондықтан мал экспорты мәселесінде жеті рет өлшеп бір рет кесетіндей ұтымды шешім қажет. Қазақстан Фермерлер одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы өкілі Серік Байғалиев экспорт мен импорт көлеміндегі баланс керектігін айтады. Оның сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа шығатын мал санына шектеу қойса, онда әр ауыл өзінің қанша мал экспорттай алатынын білуі керек.
«Жалпы, фермерлерге ешқандай шектеу болмауы керек. Ел бойынша барлық фермердің экспорттық көлемін анықтауымыз керек. Облыс ауданнан, аудан ауылдық округтен, ауылдар шаруалардан санын сұрап алса, белгілі бір мөлшер шығады. Егер ет өңдеушілер тиімді баға ұсынса, онда ешкім малды экспортқа шығармайды. Бұл – нарық. Пайда қайда болса, кәсіпкер сонда барады», – деді Серік Байғалиев.
Ақмола облысы Атбасар ауданындағы мал өсіруші Данияр Мұқышев та қазіргі таңдағы нарықтық заманды ескере отырып, экспортқа шектеу қойылмауы керектігін айтты. Мәселен, солтүстікқазақстандық шаруа Арсен Исламов экспортқа тыйым салу, осы уақытқа дейін жолға қойылған жүйені жоятынына тоқталды. Тағы бір фермер керісінше азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудың алғышарты ветеринария саласына көңіл бөлу екендігіне сенімді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры Ербол Есенеев ет өндірушілер мен шаруалардың мәселесі ұсынысты ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылатынын жеткізді. Тараптардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, оңтайлы шешім шығару аталған комиссияның құзіретіне берілмек.
«Ең алдымен, отандық ет өңдеушілерге қажетті шикізаттың көлемін анықтау керек. Сондай-ақ бұл істе контрабанданың маңызды мәселе екенін ұмытпауымыз керек. Шектеу болғанына қарамастан, Түркістан облысында ірі малды заңсыз экспорттау жағдайы тіркелді», – дейді Ербол Есенеев.
Қысқасы, мал экспортын шектеуге қатысты тараптардың айтары осы. Олардың қай-қайсысының да уәжі орынды. Нарық заңына сүйенсек, экспортты шектеу кәсіпкерге қысым болып көрінеді. Алайда мұнда ішкі нарықтың сұранысын, отандық ет өндірушілердің өндірістік әлеуетіне де көңіл бөлінгені жөн. Оның үстіне, әуелі карантиндік шектеу шаралары кейіннен Ресейге салынған санкцияның салдары ел экономикасын тұрақтандырудың тетігі импортқа тәуелділіктен құтылу екенін көрсетіп берді. Ендеше дәл осы мәселеде отандық ет өндірушілердің өндірістік қауқарын танытар сәт туғандай.