Ұлт ұстазының жиені

ұлт

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жиені Манаш Өтегенқызы Қызылорда қаласында тұрады. Бүгінде тоқсанның төріне аяқ басқан әже Ахмет Байтұрсынұлының немере қарындасы Ұлжан Қанапияқызының тұңғышы.

Саналы ғұмырын өскелең ұрпақтың тәрбиесіне арнаған Манаш әженің анасы Ұлжан жұбайы Өтеген Исмаилұлы мен 1930 жылдар шамасында Сыр бойына қоныс аударады. Өтеген ақсақалмен Ахмет Байтұрсынұлы өте жақын араласқан, тіпті туған інісіндей көрген екен. Омбы қаласында екеуі бірге оқыған. Ұлт ұстазы соңғы қамалар сәтінде Өтегенге «қарындасым саған аманат» деп тапсырған көрінеді. Содан кейін Ұлжанмен бас қосыпты.

Манаш әже өткен кезеңнен есте қалған оқиғаны осылайша еске алады. Манаш әженің отбасының Сыр өңіріне қоныс аударуы да ұлт зиялысының қатал тағдырымен тығыз байланысты болса керек. Бір күні Ахмет Байтұрсынұлы Өтеген ақсақалға хат жазып, большевиктерден қудалау болып жатқанын жеткізеді. Сол себепті Сыр өңіріне қоныс аударуын сұрайды. Соған орай бір түнде жаяулатып жолға шығып, Сыр бойына келіп қоныстанған екен.

«Сыр өңіріне қоныстанғаннан кейін көпке дейін қиналыппыз. Сол заманның талабына сәйкес өзіміздің Ахметтің туысы екенімізді айта алмай, ата-анам іштен тынып жүруге мәжбүр болыпты. Сондай қиын-қыстау кезеңде бізге әрдайым қолдау танытқан Сыр бойындағы ағайынға алғысымыз шексіз. Бертін келе, бұл өңірдің тұрмысына да сіңісіп кеттік. Ал ұлт ұстазының туысы екенімізді халық бертін келе білді», – деп Манаш әже өмір жолдарын тебіреніспен баяндады.

Манаш әже Ахмет Байтұрсынұлын 10 жасында көргенін есіне алды. Сол уақыт та Ахмет өзі тұрып жатқан ауылға келіп-кетіпті. Ауыл оның келгенін айтып, шулап жатқанда нағашысының арбамен келіп, бір ақсақалдың үйіне түскенін өз көзімен өрген. Сол үйден жеңгелері шығып, қаңылтырдан тәттілерді таратқаны да әлі күнге есінде.

Сыр өңірінде кіндік қаны тамып, балалық дәуренін өткізген Манаш әженің әулеті бүгінде бір қауым елге айналып отыр. Өзі Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатта ұстаздық қызмет етіп, дәл осы білім ошағынан құрметті зейнеткерлікке шыққан. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Манаш әже күміс алқа иегері, әрі тыл ардагері. Әкесі Өтеген Исмаилұлы 1972 жылы бақилық болса, анасы Ұлжан Қанапияқызы 1996 жылы өмірден өтіпті.

Елдің құрметіне бөленіп жүрген Манаш әже түрлі жиын, шараларда төрден орын алып, халқы сүйген қайраткер ағасының өмір жолынан сыр шертуден әсте жалыққан емес. Биылғы көктемде Қызылорда қаласына қарасты Ақжарма ауылдық округі, Баймұрат батыр ауылында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өткен шараға арнайы қатысып, өскелең ұрпақты ұлт зиялысының өмір тарихымен сусындатқан. Әжемізге бұл жиында үлкен құрмет көрсетілді.

Ұлт ұстазының жиені Манаш әженің өмірден көргені мен көңілге түйгені көп. Әрдайым өзінің ұлт ұстазының туысы екенін мақтанышпен айтып отырады.

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,

Қызылорда облысы

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.