«Қара жер қарыз арқаламайды» дейді дана қазақ. Шы нын да, баптай білсең Жер ананың жомарттығын аңғаруға болады. Әсіресе, бүгінгідей технология дамыған кезде дала төсін емген шаруалардың ала жаздай төккен тері жеміссіз қалмайды. Бүгінде Жамбыл облысы Жамбыл ауданының шаруалары алғашқылардың бірі болып пияз жинау науқанына кірісіп кетті. Пияздың ерекше сұрпын еккен жамбылдық диқандар қазір әр гектардан 70 тонна өнім жинап жатыр. Жалпы, Жамбыл ауданы бойынша биыл 5585 гектарға пияз егілген болса, соның 30 гектары ерте піседі. Бүгінде сол 30 гектардың 8 гектары жиналған. 4 гектар жерге жаңа тұқымды шайқорықтық шаруа Дәурен Әбдешов еккен.
– Пияз ылғалды қажет ететін дақыл. Сондықтан оны ерте көктемде егеді. Қарапайым пияз тұқымы 120 күннен кейін өнім беріп жатса, біз биыл пияздың «Спэниш медальон», «Универса», «Манас», «Месс», «Қаратал», «Берекет» сынды тұқымдарын егіп көрдік. Өнімділігіне сөз жоқ. Қазір гектарына 70 тоннадан пияз жинап жатырмыз. Тағы бір таңдай қағатыны, аталған тұқым 90 күнде өнім беріп отыр. Оған қоса суды да көп қажет етпеді, – дейді шаруа.Иә, шаруаның бұл бастамасын жоғары бағалауға болады. Пияздың ерте пісетін тұқымын егу арқылы мол ырыздыққа кенелген шаруаға Жамбыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Медет Нұрмаханов та қолдан келгенше көмек беріп жүр. Оның айтуынша, жиын-терінге қажетті техника жеткілікті екен. Маусымдық жұмыс кезінде 35 адам жұмыспен қамтылса, егістік басынан пияздың келісі 120 теңгеден сатылып жатыр. Ерте піскен пияз өнімін Тараз қаласынан бөлек, Түркістан облысының кәсіпкерлері де алып кетіп жатыр екен. Жалпы, жамбылдық шаруалардың пияз егудің ерекше тәсілдерін, әсіресе тұқым таңдауды терең меңгере бастағанын осыдан аңғаруға болады. Олар құрғақшылық пен ауа райының күрт құбылуына төзімді тұқым өсіріп ғана қоймай, тамшылатып суару әдісі арқылы екі есе мол өнім алып жүр. Негізі Жамбылда ағын су мәселесі байырдан өзекті екені белгілі. Осыған орай судың техникалық шығынын азайту мақсатында каналдарды бетондау, апатты жағдайдағы су қоймаларын жаңғырту жұмыстары жыл санап қарқын алған. Одан бөлек, жамбылдықтар жерасты суын тиімді пайдалануға да ерекше көңіл бөледі. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың сөзіне сүйенсек, аймақта жалпы 1 миллиард 715 миллион текше метрді құрайтын жерасты суының қоры бар екен. Осы жерасты суын тиімді пайдалану мақсатында арнайы әзірленген жол картасы аясында облыста 2022-2024 жылдар аралығында 646 ұңғыма қазу жоспарланған. Егер ұңғымалар толық қазылып іске қосылса, вегетация кезеңінде жетіспейтін 275 миллион текше метр сумен егістік алқаптарын қамту мүмкіндігі туады. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 200-ге жуық ұңғыма қазуға өтінім түскен. Бүгінде 22 ұңғыма қазылып, іске қосылған.
– Өткен жылы диқандар қара жерге төккен маңдай терін ақтай алмады. Оған себеп – қуаңшылық. Ал биылғы көктем айлары жауын-шашынды болды. Нәтижесінде, егін де, шабындық та бітік шықты. Дегенмен жаңбырға да иек артып, қол қусырып қарап отыра беруге болмайды. Сол мақсатта Кеңес үкіметінің тұсында қазылған ұңғымаларға толық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жарамдыларын кәдеге жаратып, жарамсыздарын жөндеуден өткізуді бастап кеттік. Аудан көлемінде барлығы 30 ұңғыма қазу жоспарланса, оның бүгінде 22-сі қазылып, іске қосылды. Егер жоспарланған жұмыстар жүйелі жүрсе, 800 гектар алқапқа тіршілік нәрі жеткізілмек. Айта кететін жайт, жеке шаруалар өз қаражаты есебінен ұңғыма қазып, инфрақұрылымын жүргізетін болса, жұмсалған қаражаттың 50 пайызын Үкімет субсидиялайды. Дегенмен жерасты суларын да тиімді пайдалану үшін жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісін қолдану қажеттігін естен шығаруға болмайды. Сондықтан аудан шаруалары қажетті жаңбырлатып, тамшылатып суғару техникаларын лизинг арқылы «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы ала алады, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.Осылайша, жамбылдықтар ауқымды шаруаны қолға алып, көпке үлгі көрсетіп жатыр. Пияздың тың сұрпын егіп, елден ерте өнім алып ғана қоймай, қожалықтарға ауадай қажетті ағын су мәселесі шешілген. Шаруаларға деген мұндай қолдау қамбаны астықпен қампайтып ғана қоймай, өлке экономикасын өрістететіні даусыз.