Халық денсаулығын қорғау – әлем елдеріне ортақ мәселе. Осы жолда Қазақстан 30 жылға жуық ДДСҰ-мен етене ынтымақтастық орнатып келеді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Палата спикерінің айтуынша, Қазақстан басшылығы үшін ұлт денсаулығын нығайту ұлт саясатының маңызды міндеттерінің бірі. Елімізде жоғары технологиялық медициналық орталықтар құру, міндетті медсақтандыру жүйесін енгізу, заңнаманы жетілдіру, ана мен бала өлім-жітімін азайту, ауыр дерттердің таралуымен күрес бойынша іс-шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр. Н.Нығматулин 2014 жылы Алматыда ДДСҰ-ның медициналық санитарлық алғашқы көмек жөніндегі кеңсесі ашылғанын, ал одан көп бұрын 1978 жылы МСАК бойынша басты бір жаһандық құжат – Алматы Декларациясы Қазақстанда қабылданғанын еске салды. Осының барлығы еліміздің медициналық санитарлық көмекті дамыту саласындағы тұрақты саясатының көрсеткіші. Мәжіліс төрағасы қазіргі уақытта қоғамдық талқылауға шығарылған жаңа Денсаулық кодексі бойынша депутаттар белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді. – Депутаттар мен меморгандар өкілдері сыртында Денсаулық кодексінің жобасы бойынша жұмыс тобы құрамына ҮЕҰ, қоғамдық ұйымдар және денсаулық сақтау саласының қауымдастықтары, ғалымдар, дәрігерлер, медицина мамандары кірді. Ақырғы жоба қоғамның барлық топтарының пікірін ескеретін мәмілеге негізделеді. Депутаттар қабылданғаннан кейін жаңа кодекстің іс жүзінде медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, оның сапасын арттырғанын қалайды. Кез келген мемлекеттің әл-ауқаты мен өркендеуі қоғамның денсаулығына байланысты болатынын біз түсінеміз, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Ханс Клюге бұл құжатты пысықтауға жәрдемдесу – бюро қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол денсаулық сақтау саласын ілгерілетуде Қазақстанның әлеуеті мен басымдықтары зор екеніне сенімді. Мәртебелі мейманның байламынша, Қазақстанды заманауи медициналық-санитарлық алғашқы көмек дүниеге келген жер деуге де болады. Өйткені басты құжаты осында қабылданды. Х.Клюге өз сөзінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарына тәнті екенін жеткізіп, алда денсаулық саласына заманға сай жаңалықтар енгізу, соның ішінде цифрландыру бағытында бірлесе, белсенді жұмыс атқаруға шақырды. Н.Нығматулин ДДСҰ өкілінің мол тәжірибесі тек Еуропа аймағында ғана емес, жалпы әлем елдерін ортақ мақсат жолында біріктіруге ықпал етеріне сенім білдірді. Айхан ШӘРІП