Ғылым мен білімді интернациоландыру – халықаралық байланыстарға айқын жол ашып, жоғары оқу орындарына серіктестік әлеуетті бірге қолдануға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы қазақстандық білім беру жүйесін қайта жаңғыртып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті инженерлерді даярлаудың жаңа моделін құруды тапсырған болатын. Осы бағыттағы жұмыс Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде де іске асып жатыр.
АтМГУ 2015 жылдан бері И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетімен серіктестік байланыста. 2021 жылы оқу орындары арасында екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту туралы шешім қабылданды. Инженерлер мен өнеркәсіп иелерінің жаңа буынын даярлау мақсатында АтМГУ базасында И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалын ашу жұмысы қолға алынды. Жоғары оқу орындарының интеграциясы шеңберінде қазақстандық студенттерге қос диплом – отандық ЖОО мен Губкин университетінің дипломын алу мүмкіндігі беріледі. Халықаралық стандарттарға сәйкес білім беру арқылы түлектердің біліктілік моделін қалыптастыру және индустриямен бірлесіп жұмыс істеу мақсатымыз болып отыр.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің стратегиялық міндеті – өз алаңына инженер кадрларды даярлау саласындағы үздіктерді тарту. АтМГУ базасында Губкин университетінің филиалын ашу – білім беру бағдарламаларының трансферін қамтамасыз етіп, мықты профессорлармен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға септігін тигізеді.
Губкин университетінің Атырау қаласындағы филиалы талапкерлерден «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» бағдарламалары бойынша құжат қабылдау науқанын бастады. Филиалдың ресми ашылуы қыркүйек айының соңына жоспарланып отыр.
Қазақстанның индустрия кешеніндегі кадрларға деген жоғары сұранысты ескере отырып, мұнай мен газды магистральдық тасымалдау, мұнай-газ химиясы саласындағы бакалаврлар мен магистрлерді даярлауға, мұнай мен газды қайта өңдеу машиналары мен аппараттарына, сондай-ақ осы саладағы IT технологиялар мен модельдеуге көңіл бөлінуде.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Ресей жоғары оқу орындарымен бірлесіп ядролық энергетика, геология және мұнай-газ өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау арқылы еліміз тек жоғары білікті инженерлерді ғана емес, ғылыми-зерттеу қызметіне дайын жас ғалымдарды да алады деп күтеміз», – деп атап өткен болатын.
Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының интеграциясы бірлескен ғылыми жобаларды іске асырып, кадрлар мен профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін, кәсіби даярлығын арттыру, тәжірибе алмасу, сапалы маман даярлау бағытындағы маңызды жұмыстардың іске асуына зор үлес қосады деген сенімдеміз.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА, «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректор