Президенттің ұсынысы Орталық Азияда тауар айналымын арттырып, логистиканы дамытуға жол ашады
Президенттің ұсынысы Орталық Азияда тауар айналымын арттырып, логистиканы дамытуға жол ашады
Фото: akorda.kz
395
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз еліне сапары аясында Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысқан болатын. Консультативтік кездесуге Қырғыз президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев те арнайы барды. Басты мақсат – бейбітшілікті сақтай отырып, экономиканы дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесулердің халықаралық саясаттың маңызды факторына айналғанын атап өтіп, оның мемлекет басшыларына аймақтың одан әрі даму бағытын өзара сенімге негізделген рухта айқындауға мүмкіндік беретініне тоқталды.    width= Оның айтуынша, құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өткен кездесу Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіпке бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысты білдіреді. Қауіпсіздік және дипломатия саласындағы өзара іс-қимылдарды нығайту күн тәртібіндегі негізгі мәселе екені анық. Президенттің айтуынша, Орталық Азия орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың, жан-жақты ынтымақтастықтың, бейбітшілік пен өркендеудің ұйытқысы болуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет басшылары өңірдегі әлі де кездесетін тұрақсыздықты түбірімен жою үшін бар мүмкіндікті пайдалану керек.
– Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеруде өркениеттілік, жауаптылықтың үлгісін көрсетуі тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ, – деді Президент.
Оның айтуынша, Қазақстан посткеңестік кеңістікте өзінің шекарасын толық делимитация жасаған жалғыз мемлекет ретінде өзара тиімді шешімдер іздестіруге барынша көмектесуге дайын.    width= Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бауырлас елдерге кеңес беріп, медиатор бола алады.
Сарапшы Ерсұлтан Жансейітов: «Қазақстан 90-жылдары өз шекарасының демилитизациясын аяқтап бітірді. Бізде шекараны шегендеу мәселесінде көршілерімізге қарағанда тәжірибе көп. Сондықтан өз тәжірибемізді өзге елдермен бөліссек болады. Мұндай маңызды сауалдарды тек қана шекаралас екі ел өзара келісіп қана шеше алады. Қазақстан бұл жерде кеңес  беріп, медиатор бола алады», – деді.
   width= Президенттің айтуынша, көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыру өте өзекті. Бұл бағытта Қасым-Жомарт Тоқаев: «Соңғы 5 жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 42 пайызға артып, 6,3 миллиард долларға жетті. Өзара сауда-саттықты кеңейту үшін зор мүмкіндіктер бар екенін ескере отырып, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз, – деді.    width= Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта өткен алтыншы Каспий саммитінде Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік қатынастар легін қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артқанына тоқталған болатын. «Биылғы бес айда аталған бағыттағы қазақстандық жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсті. Ал Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам артты. Теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Біз ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп, жедел шешуіміз керек. Бұл өзара тиімді әрі бірізділендірілген тарифтерді уақытылы бекітуге, түйткілді мәселелерді реттеуге қатысты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады, – деді Президент.    width= Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды.
«Қазақстанның Әзербайжанмен арадағы тауар айналымы едәуір, яғни 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен 2 есе артқаны байқалады. Бұл жерде біздің жоғары сапалы бидай (шамамен 5 миллион тоннадан астам) мен ұн (1,5 миллион тоннаға жуық) экспортының үлесі зор. Осы ретте 1 миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз бар. Бұдан бөлек ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Сондықтан аймақтың транспорттық байланысын арттырып, транзит шарттарын біртіндеп жақсарту қажет. Осы мақсатта жұмыс нәтижелі болу үшін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту жөнінде арнайы кеңес өткізді. Кеңесте «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші теміржол, Ақтау портында контейнерлік хаб, Алматы станциясының айналма теміржол желісінің құрылысын қоса алғанда, маршрутта ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесін айтты. Логистиканы дамыту мәселесі Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің басқосуында да талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді үздіксіз тауар айналым мәселесін жүйелеу үшін ШЫҰ-да цифрлық қызмет көрсету, электронды коммерцияны ілгерілету кезек күттірмейтінін баса айтты. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына Иран қосылса, Оңтүстік Азиямен байланыс нығая түспек. Басты мақсат – экономикалық әлеуетті арттыру, тауар айналымын көбейту.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді: «Шанхай ынтымақтастығы ұйымының 2025 жылға дейінгі стратегиясында ауыл шаруашылығына айрықша басымдық беріледі. Бұл бағытта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Қазір ұйымға 8 ел мүше болса, қыркүйекте қатарға Иран қосылмақ. Орталық Азиямен байланыс беки түседі», – деді.
Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу қажет. Көрші елдердің бірлігі мығым болса, экономикасы да қарыштап дамитыны анық.    width= Саясаттанушы Индира Рыстинаның айтуынша, бейбітшіліктің сақталуы – экономиканың үздіксіз дамуының негізі алғышарты.  Бүгінгі таңда Орта Азия елдері арасында ақпарат алмасудың тиімді тәсілдерін қолдану да қажеттілік болып отыр.
«Тыныштықтың сақталуы басты қағидат екенін көріп отырмыз. Экономикалық мәселелермен қатар ғылыми-зерттеу, өзара архивпен байланыс, қоғамдағы игі бастамаларды ортақ БАҚ арқылы Орта Азияда насихаттау да ел игілігі үшін қажет. Ел ішінде болған саяси-әлеуметтік оқиғалардың анық-қанығын тікелей халыққа жеткізу де қазіргі таңда өте маңызды», – деді Индира Рыстина.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің бірлескен мәлімдемесі, Өңірлік ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы, Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылдар тұжырымдамасы, Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» аймақтық бағдарламасы қабылданды.    width= Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісті. Сонымен қатар Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының Аралды құтқару халықаралық қоры президентінің өкілеттігін ұзарту туралы шешімге қол қойды.