Біздің елде екінші деңгейлі банктер шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруге аса құштар емес. Себебі шағын кәсібі бар тұлғалар банк сұратқан құжаттарды ұсына алмайды. Бұл – мәселенің бір жағы, ал екінші жағы – банктердің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Әрине, жеке кәсіпкердің көбінің бухгалтериядан ауылы алыс жатқанын жоққа шығармаймыз. Бұл – қаржылық сауат мәселесі. Өркениетті елдерде жеке кәсіпкердің есеп-қисабы жинақы, банктері де несие берерде ат тонын ала қашпайды. Бәлкім, бізге де сондай заман орнар. Оған дейін жеке кәсіпкер банктен несиені жеке тұлға ретінде алады немесе бизнестің жол картасы арқылы арзандау несиеге үміт артады. Жалпы, бұл мәселе осыдан он шақты жыл бұрын пайда болды, әлі де өзекті. 2010 жылы шағын және орта бизнесті өркендету үшін «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама банктер беретін бизнес-несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталды. Ал субсидияға қаржы, әрине республикалық бюджеттен бөлінеді. Осылайша, он жылдың ішінде ШОБ-тың әлеуетін әжептәуір арттырды: бағдарлама арқылы несие алғандар 2010 жылы 54 млрд теңгенің өнімін шығарып келсе, 2018 жылы көрсеткішті 5,6 трлн теңгеге көтерді. Айырма жер мен көктей. Сондықтан бағдарлама 2025 жылға дейін ұзартылды. Енді тағы да 5 жыл бойы екінші деңгейлі банктердің ШОБ үшін жоспарлаған бизнес-несиесінің тең жартысын бюджет есебінен жауып отырамыз. Әдеттегідей, ШОБ-ты қолдаймыз деп, екінші деңгейлі банктерді жарылқауды жалғастырамыз. Осы тұста екінші деңгейлі банктер шағын бизнес үшін неге тиімді несие саясатын жүргізбейді деген сұрақ туындайды. Бұлай деуімізге себеп, күні кеше Бірінші кредиттік бюро өз зерттеуіне сүйеніп, ШОБ, оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейлі банктен несиені субъекті ретінде емес, жеке тұлға ретінде алуды үдеткенін мәлімдеді. Бюро дерегі бойынша, соңғы бір жылдың ішінде несиесі бар жеке кәсіпкерлік субъектілер саны 23 мыңға қысқарған. Есесіне, жеке адамдардың несие алу көрсеткіші көбейген. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жеке кәсіпкерлердің бұл әрекетіне түсінікпен қарайды. Себебі жеке кәсіпкер бизнес-несие алғысы келсе, банкке бизнес-жоспарын ұсынуы қажет, ол құжатта қарызды жабуға мүмкіндік беретін кірістің болжамы көрсетілуі тиіс. Ал ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкер компаниясының даму жоспарын есептеу мен негіздеуге дайын бола бермейді. Банк секторы бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаевтың айтуынша, Қазақстанда ЖК немесе ЖШС ретінде жұмыс істейтіндерге жеке тұлға ретінде несие алуына шектеу қоятын заң нормасы жоқ.
Осы тұста екінші деңгейлі банктер шағын бизнес үшін неге тиімді несие саясатын жүргізбейді деген сұрақ туындайды. Бұлай деуімізге себеп, күні кеше Бірінші кредиттік бюро өз зерттеуіне сүйеніп, ШОБ, оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейлі банктен несиені субъекті ретінде емес, жеке тұлға ретінде алуды үдеткенін мәлімдеді.
«Кәсібін жаңа бастап жатқан кәсіпкерге бизнес-жоспарды жазып шығуға уақыт пен күш кетеді. Сондықтан кәсіпкер банктің жеке тұлғаға кепілсіз беретін 3-5 млн теңгелік несиесін алады. Егер кепілге қоятын мүлкі болса, қомақты несие алуына да мүмкіндігі бар», – дейді Н.Бияқаев. Оның айтуынша, банктер стартап жобаға берілетін несиені жеңілдету мен жеделдетуге көңіл бөлуі керек. Алайда солай екен деп, тәуекелді ұмытуға болмайды. «Егер кәсіпкерге 15-20 млн теңге қажет болса, онда міндетті түрде кепіл керек, бұл жерде банк кәсіпкер үшін тәуекелге бара алмайды. Мұндайда кепіл мен бизнес-жоспар сұрайтын банкті қолдаймын. Өйткені 15-20 млн теңгені кәсіпкердің стартап жобасына немесе қолданыстағы бизнесіне шұғыл ақша керек екен деп бере салуға болмайды. Егер кепілге қоятын мүлкі болмаса, үшінші тараптан тартуына болады. Егер банк несие беруден бас тартса, жазғыра алмаймыз, себебі Ұлттық банк қойған талап пен халықаралық стандарттағы нормаларды сақтауы керек, өйтпеген күнде лицензиясынан айырылады», – дейді. Тәуелсіз қаржы сарапшысы Сергей Полыгаловтың пікірі банктер жеке кәсіпкерді несиелеуге құлықты емес дегеннен гөрі, дайын емес дегенге саяды. Себебі банктер көп жылдан бері орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне несие беріп үйренген. «Оның үстіне, шағын бизнеске несие беру – банк үшін үлкен тәуекел. Сондықтан жеке кәсіпкерлік субъектісі үшін тұтыну несиесін беруге банктің өзі мүдделі. Себебі бизнес-сегменттегі бір қарыз алушыдан келетін шығын тұтынушылық несие алған бірнеше клиенттің несие қайтармауынан келетін шығыннан әлдеқайда көп», – дейді. Бірінші кредит бюросы еліміздегі кредит белсенділігі индексін жасапты. FCB SME Index деп аталатын индекстегі мәліметке сүйенсек, еліміздегі ШОБ-тың 12,1 пайызы (бұл 150,5 мың субъекті, оның ішінде жеке кәсіпкерлер де бар) ғана несие алған. Былтыр жыл соңында елімізде 1,3 млн кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істегенін ескерсек, бұл өте төмен көрсеткіш. Шағын бизнес субъектілерінің 90 күнге дейін несие қайтармағандар арасындағы үлесі 30,3 пайызды құрайды. Орта бизнестің үлесі – 8,5, ірі бизнестің үлесі – 3,3 пайыз екен. Банктердің шағын бизнеске не үшін несие бергісі келмейтіні осыдан да белгілі. Бірақ бұл үдерісті өзгертудің амалын қарастыру да маңызды. Бұл орайда, банктер кәсіпкерлік субъектілердің кірісі мен мүлкін декларациялау шарасының басталуына ғана үміт артып отыр. Сонда клиент, яғни жеке кәсіпкерлік субъекті ұсынған қаржылық мәліметтерді сенімді мемлекеттік дереккөзден тексеру мүмкіндігі туады. ШОБ субъектілерінің мәліметтер базасы сол үшін қажет, ол базада сұрау салған клиенттің статистикалық деректері, несие тарихы, мемлекет пен үшінші бір тұлға алдындағы қарызы, құқықбұзушылық бойынша мәлімет болса, банктерге клиент құжаттарын тексеру жеңілдейді. Бұл банктің қарыз алушы туралы мәліметті нақтылауға жұмсайтын әкімшілік шығынын азайтуға және несиеге қосылатын пайыздық мөлшерлемені төмендетуге ықпал етеді. Сарапшы Нұржан Бияқаев егер базадағы мәліметтер банкке ғана қолжетімді болса, онда бұл ұсынысты қолдайтынын айтады. Ал егер бизнес субъектісі туралы мәлімет үшінші тарапқа өтіп кетер болса, мұндай базаның барынан жоғы...