Арқаға жерсінген маралдар
Арқаға жерсінген маралдар
1,406
оқылды
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында бұғы шаруашылығы бар дегенді естігенде, аң-таң болғанымыз рас. Арқаның арыраған аязы, қатал қысында марал өсіру үш ұйытасақ түсімізге кірмейтін кәсіп. Шығыс Қазақстан облысы Алтай елді мекенінде бұғы шаруашылығының едәуір дамып кеткенін білеміз. Алтайдан басқа жерде бұғы мекен етпейтіндей көрінетін. Сөйтсек, «қалауын тапса, қар жанар» дегендей, өзімізде де дәстүрлі емес шаруашылықты өркендетуге болады екен. «Ақтоғай мал өнімдері» шаруашылығының басшысы Ержан Қыдырберлин 2012 жылы еліміздің шығыс өңірінен 23 маралды жеткізіп, қорыққа жіберген екен. Бастапқыда жерсіндіру оңайға түспепті. Шығын да болған. Бірақ, уақыт өте келе шаруашылықтың алқабына бой үйрете бастаған. Аумағы 300 гектарды құрайтын жайылым тұтас 3 метрлік қоршаумен қоршалған. Бұғының бабы бөлек. Жаздай азығын дайындау өз алдына, қысқы күтімі де көп күшті қажет етеді. Шөпті қойға шашқандай шаша салмайды, уақытымен, мөлшерімен береді. Күніне 4 орама шөп, арпа. Ал, бұғылар қысы-жазы алқап ішіндегі «Кішіарал» бұлағынан су ішеді. Мүйіздің қаны қып-қызыл ақша болғанымен, табан ет, маңдай тер арқылы келеді. Былайғы жұрт бұғы баққандар ақшаның астында қалады деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл маусымдық кәсіп. Бұғының мүйізін кесу маусымы мамыр-маусым айларында жүзеге асырылады. Себебі, осы кезде бұғының мүйізі жұмсақ, әрі қанының емдік қасиеті жоғары болады екен. Мүйізі пісіп жетілген бұғыларды арнайы қамап, мүйізді кескен соң қанын ыдысқа құйып алады. Оны сол сәтте ішу тіпті пайдалы. Шаруашылықтың басты мақсаты – емдік шипажай ашу. Енді, Алтай аспай, Ақтоғай өңіріне келіп, маралдың қанын ішіп, ем-дом қабылдауға да болады. Қазіргі таңда орталықты толық жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.
«Мүйіздің пайдасы көп. Он жыл ішінде осыған көз жетті. Бірақ, ішінде жүріп, мүйіз сорпасына түсіп көрмеппін. Түскен соң оранып жату керек. Оған бізде шаруа бастан асады. Мүйіздің буын қабылдадық. Сергіп қаласың. Терің бұршақ-бұршақ болып шығады», – дейді шаруашылық жетекшісі Нұрғазы Абзалбеков.
Мүйіз буын әзірлеудің өзіндік технологиясы да бар екен. Ол үшін монша буына мүйізді тастайды. Қызуды қатты күшейтсе, мүйіз жарылып кетеді. Сол ыстықта отыру адамды едәуір жеңілдетеді. Ал, қайнатқанда суға көлденең салып, көлденең кептіру керек екен. Бұғы баяу көбейетін жануар. Жылына бір рет төлдейді. Шаруалар қозықа аяқтанғанша күтіп, қара суықта қалқада ұстайды. Аяғын толық нық басу үшін 10 шақты күн керек. Жалпы, бұғының қаны жүйке жүйесін, жүрек-қан тамырларының жұмысын қалыпқа келтіреді, гинекологиялық, урологиялық ауруларды емдейді екен. Қысқасы, Ақтоғайға бұғы мүйізінің сорпасына құштар туристер ағылар күн ауылы алыс емес. Қазір қожалықтағы бұғының басы 130-ға жетіпті. Жылдың екі мезгілінде оның 15-20 басын табиғатқа жіберіп тұрады. Олар да қазір төлдеп, далада көбейіп жатыр. Осылайша, Алтайдың кербез сұлуы алдағы уақытта Ақтоғайдың мақтанышына айналмақ.