«Тұмауратсаң, С дәруменін іш», «Коллаген қабылдаса , тері жақсарып, әжімдері жазылады», «Чиа дәндері, банан, сарымсақ секілді суперфудтар бүкіл аурудан айықтырады» деген аңыздарды жиі естиміз. Ең қорқыныштысы сол, рас-өтірігін тексерместен оған иланатын халық мұндай аңыздарды артында тұрған фармкомпаниялар мен жеке өндірушілерді байытады. Денсаулықты нығайтудың негізгі қағидасы саналатын дрыс тамақтану мен дұрыс ұйықтауға мән бермейді. Дәрігерге бармастан өз бетінше ем-дом жасауға бейім болады. ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ ПАЙДАЛЫ Unipharm компаниясы жүргізген зерттеуге сүйенсек, iherb.com сайтына жылына қазақстандықтар 7 миллион рет кіреді. Соның 523 мыңы осы сайттың «Дәрумендер» санатында орташа есеппен 8-20 миллион доллар аралығында сауда жасайды. Сау болуға ұмтылған жақсы-ақ, бірақ өкінішке қарай, жоғарыда келтірілген кең тараған «аңыздар» адамдардың өз-өзіне «диагноз» қойып,өз-өзіне «ем» тағайындай беруіне әкеліп жатыр. Әсіресе, ата-аналар арасында балаларына түрлі полидәрумендерді тұрақты түрде ішкізуге құштар.
«Ата-аналар көбіне баланың рационын кеңейту мен оған дұрыс тамақтану әдеттерін үйретудің орнына полидәрумендер мен басқа да қоспаларға жүгінеді. Баланы пайдалы тамақ жеуге мәжбүрлеу шынымен оңай емес. Бірақ тағамдық қоспалар проблеманың шешімі емес», – дейді қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша PhD үміткер, нутрицолог - дәрігер Әсем Имандосова.Сарапшының айтуынша, біріншіден, ББҚ (биологиялық белсенді қоспа) ешқашан дұрыс тамақтануды алмастыра алмайды. Екіншіден, Қазақстанда да, АҚШ-та да ББҚ тағамдық азық-түлікке жатпайды, сондықтан оларға дәрі-дәрмек секілді арнайы бақылау жасалмайды. Яғни, оларды балалардың тұрақты түрде қабылдауы қаншалықты қауіпті немесе қауіпсіз екенін ешкім білмейді. Бірақ көбінде «сатып жатса, демек қауіпсіз» деген ұғым бар. Үшіншіден, дұрыс тамақтану дегеніміз – денсаулыққа қысқамерзімді ықпал ету емес, өмір салты болуға тиіс.
«Тіпті, біз осы қоспалардың есебінен дәрумендер мен минералдардың қорын қазір «толықтырған» күннің өзінде бұл мәселені ұзақмерзімді перспективада шешпейді: өйткені біз баланы дұрыс тамақтануға үйреткен жоқпыз ғой. Ол өзіне таныс он шақты ғана азық-түлікпен тамақтануды әдетке айналдырып өссе, жасөспірім және ересек шағында құрамы бай рационға қалай келеді?!» – дейді нутрицолог-дәрігер.ХАЛЫҚ ҚАЛТ АЙТАТЫН КЕЗ Денсаулыққа келгенде «халық айтты» деген дәлелсіз тұжырымдарға сүйену пайдасыз ғана емес, кейде қауіпті болуы да мүмкін. Медицина ғылымдарының докторы, медициналық ағартумен айналысатын Medsupport.kz ұйымының жетекшісі Ботагөз Каукенованың пікірінше, медицинаны халық, баламалы немесе интегративті деп бөлуге болмайды. Заманауи әлемде медицинаның жалғыз түрі – дәлелді медицина ғана бар. Қалғандарының бәрі – өзіңіз тәуекел ететін тәжірибелер.
«Халық медицинасы адамдарды құтқаратын жалғыз амал болған уақыт өткен. Ол кезде адамдар энергияның дисбалансы, Құдайдың қарғысы, жаман қан деген секілді түсініктерге сенді. Бірақ ол дәуір келмеске кетті. Одан кейін ғалымдар қан шығару жоғары қан қысымының симптомдарын жеңілдететінін, бірақ оның себебін емдемейтінін түсініп, қан шығармастан қысымды төмендететін ондаған дәрі ойлап тапты. Олар шөптерді зерттеп, олардағы қандай химиялық заттар ауру-сырқаудан айықтыратынын біліп, соның тиісті мөлшерін таблеткаларға енгізді. Сөйтіп, саңырауқұлақ негізінде пенициллин жасады, талдың қабығынан аспиринді ажыратып алды. Ал әлгі шөптерді «табиғи дәрі екен» деп сол күйі пайдалану қауіпті, өйткені бір жапырағында қандай және қанша мөлшердегі химиялық қосылыстар барын анықтай алмайсың», – дейді ол.Басқаша айтсақ, заманауи медицинаның жетістігіне – бізге жүздеген жыл бойғы зерттеулердің, қателіктердің, тәжірибелердің арқасында қол жеткізе алдық. Ол да электр, канализация, интернет және транспорт сияқты заманауи қоғамның бір бөлігі. СУПЕРФУД ЕМ ЕМЕС, БИЗНЕС Халық арасындағы денсаулыққа қатысты трендтердің тағы бірі – суперфудтарға жүгіну. «Суперфуд» терминінің өзі Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бананды көптеп сату үшін шығарылған. Әлбетте, банан – қоректік заттардың көзі. Бірақ дәрігерлер оны целиакиядан бастап қант диабетіне дейінгі аурулардың емі ретінде қарастыру дұрыс емес деп санайды. «Шыңғысханның әскерін аман алып қалған» сарымсақ, жапондардың матча шайы, чиа дәндері немесе авокадо туралы да солай айтуға болады.
«Шынымен, кейбір «суперфудтарда» басқа жерде онша көп кездеспейтін ерекше элементтер немесе олардың қомақты мөлшері болуы мүмкін. Бірақ ол жеткіліксіз ұйқы, құнарсыз тамақ, алкоголь, темекі, физикалық белсенділіктің аздығы деген тәрізді дұрыс емес өмір салтын компенсациялауға келмейді. Қазір кез келген өнімге «суперфуд» деген атау жапсырып сата беруге болады. Оның айналасында қаншама қаражат айналып жатқанын қараңыз: 2018 жылы АҚШ-та суперфудтар нарығы 137 миллиард долларды құраған, 2025 жылға қарай ол 205 миллиардқа жетуі мүмкін деп болжанған», – дейді Ботагөз Каукенова.Ал бұл жайында зерттеулер не дейді? Шын мәнінде тамаққа қатысты жақсы зерттеу жасау мүмкін емес: ол үшін физикалық жүктемесі, тамақтану диетасы, дұрыс және зиянды әдеттері өзара ұқсас адамдар тобын алу керек. Ол – өте ұзақ жұмыс. Оның үстіне эксперименттерде ғалымдар толықтай өнімді емес, соның құрамындағы белсенді затты ғана зерттейді. Бірақ сіз белсенді затты емес, түгелдей өнімді жейсіз. АНТИБИОТИКТІ АСЫРА «СІЛТЕМЕҢІЗ»! «Өзім білемге» салынып, селқос қарауға келмейтін, дәрігерлер дабыл қағатын тағы бір мәселе – антибиотиктерді рационалды қолдану.
«Антибиотикті тек дәрігер тағайындайды. Ол вирусты еш емдемейді. Мысалы, балада бактериялы инфекция табылды делік. Дәрігер оған 7 күн бойы антибиотик ішуді тағайындаса және үшінші күні баланың жағдайы жақсарса, антибиотикті ішуді доғармау керек, яғни курс толық аяқталғанша ішу қажет. Сондай-ақ оның мөлшерін өз бетіңізше азайтуға немесе жоғарылатуға болмайды», – дейді Қазақстанның отбасы дәрігерлері қауымдастығының мүшесі, жалпы тәжірибе дәрігері Виолетта Попова.Оның сөзінше, антибиотиктерді бақылаусыз, оңды-солды іше беру антибиотикке «міз бақпайтын» штамдардың көбеюіне алып келеді. Сондай-ақ ол микробиотаның тепе-теңдігін бұзады, бізді қорғайтын пайдалы микробтарды өлтіруде, кейбіреулері аритмияға соқтырып немесе есту қабілетін төмендетуі мүмкін.
«Антибиотик бізге жау емес, өте құнды ресурс, бірақ оны дәрігердің кеңесімен, бактериялы инфекцияға шалдыққанда ғана ішу дұрыс», – дейді ол.ТҮЙІН: Медициналық сауат – сіздің өмір бойы кәдеңізге жарайтын білім. Сыни ойлау да дәл солай. Әлеуметтік желіден келген кез келген ақпаратты қорытарда, оның дәлелін ғылымнан немесе сол саланың маманынан іздеу көзі ашық адамның әдетіне айналуы керек секілді. Ал әңгіме денсаулыққа қатысты болса, тіптен сақтық керек.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ