– Шархан аға, меценаттардың романға бәйге жариялауы өткен ғасырдың басында Мамановтар әулетінен басталғанын білеміз. Әнебір жылдары «Дарабоз» байқауы өтіп жүрді. Оған қаржылық демеушілік жасаған Бауыржан Оспанов болатын. Бұл жолы романға мүлдем бейтаныс адамның, Қазақстан азаматтығын жақында ғана алған жанның жүлде тағайындауы бізді қуантып отыр. – Мен айтар едім, «Меценат.кз» жобасы ұйымдастырған әдеби конкурстың негізгі мақсаты жеңімпаз анықтау емес. Керек десеңіз, хас жүйрікті өмірдің өзі аренаға алып шығатынын конкурсты ұйымдастырушылар жақсы біледі. Мәселе басқада. Меніңше, бұл әдеби байқаудың мәні тереңде жатыр. Олардың басты көздегені – Қазақстанда роман жанрын дамыту арқылы елден әлемдік деңгейдегі жазушыны шығару. Екіншіден, бұл сыйлық – бір рет ғана берілетін ынталандыру шарасы емес, жазушыларға нақты көмек көрсетудің ең тиімді жолы. Конкурс жеңімпазына өмір бойы ай сайын 500 доллар көлемінде ақша аударылып отырылады. Егер жазушы сыйлықты алғаннан кейін орташа есеппен жиырма жыл өмір сүретін болса, онда оған 120 мың доллар төленеді екен. Ал бұл – дүние жүзінде берілетін әдеби сыйлықтардың арасында қаржылық тұрғыдан бесінші сыйлық деген сөз. Бұл сыйлықтың жанында тіпті әлемдегі әйгілі Дублиндік әдеби сыйлық та жіп еспей қалғалы тұр. Биылғы конкурс өз дегеніне жетті. Тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстанда жүздің айналасында роман жарық көрсе, аталмыш конкурс жарты жылдың ішінде бір платформада жетпіске жуық шығарманың басын жинай білді. Бұл – үлкен сандық көрсеткіш. Аталмыш ірі жоба келесі жылдары сандық көрсеткіштен сапалық көрсеткішке көтерілетініне де күмәнім жоқ. Сондықтан да Қазақстан жазушылары шын қамқорлықты сезінетіні даусыз. «Меценат» сыйлығы осынысымен құнды. Сондықтан да бұл конкурстың жылдан жылға беделі арта беретініне сенімім зор. Жоба негізін салушы Ерлан Асқарбеков пен меценат Тимур Турлов айтқандай, конкурс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Жоба авторы бұл сыйлықты тағайындау үшін 19 жыл ізденген. Ең қиыны, жыл сайын өткізілетін конкурстың әр жолғы жеңімпазына өмір бойы айына 500 доллар сыйақы беріп отыруға кез келген миллионер келісе бермейді. Ал Тимур Турлов келіскен. Меніңше, ол – өте ақылды адам. Тимур Турлов күндердің күнінде Третьяков секілді тарихта қалатынына шүбә келтірмеймін. – Жалғыз жүлде өзіңізге бұйырғанда қандай күйде болдыңыз? – Әкем айтатын: «Балам, ешқашан ешкімнің алдына шықпа, ешқашан артта қалып қойма. Мен өмірден түсінген жалғыз қағида осы. Қазықтың басы болсаң, балта тиеді. Қазықтың ұшы болсаң, жерге кіресің. Ортасына бәле жоламайды». Осыдан асқан пәлсапа жоқ. Шынында да, алтын аралықта жүргеннен асқан жұмақ болсайшы?! Сондықтан да бөркімді аспанға ататындай алабөтен қуана қоймағанымды ел көрді. Шынымды айтсам, «Жыртық үйдің құдайы бар» деген философиямен шектелгенім рас. Осы конкурсқа қатысқан барлық әріптестеріме өзімнің ризашылық сезімімді білдіремін. Сәттілік деген ұғымның құдіретіне тағы бір рет иландым. Конкурсқа қатысқан басқа әріптестеріме сол сәттілік жетпей қалғандай көрінді. Әйтпесе, конкурсқа түскен шығармалардың осалын көрмедім. – Роман тура бәйгеге арналып жазылды ма? – Мен – зейнеткермін. Бірақ үйде қол қусырып отыра алмаймын. Әдетте тапсырыстық материалдар мен естеліктер жазатынмын. Бірақ 2020 жылы басталған пандемия кезінде ондай шаруалар да шықпай қалды. Романға отырудың сәті түскендей болды. Әәрине, роман жазу идеясы бір күнде келе қалған жоқ. Бірақ мен белгілі публицист болғандықтан, жаман жазушы болғым келмеді. Сондықтан бұған дейін көркем әдебиетпен айналысуға асықпадым. Жазушы болуды мүлде армандамасам да, кейде жағдай бізден күштірек болады: пандемия кезінде мен жазуды тоқтата алмадым. Оған қоса, мен де бір күні өлетінімді білемін. Тіршіліктің тәттісін де, ащысын да бір адамдай көрдік. Өмірлік тәжірибе жинадық. Соны көркем шығарма арқылы жеткізгім келді. Бойда күш бар кезде. Шынында да осы туындыны жаза алмай қалғанымда қатты өкінер едім. Құдайға шүкір, абыроймен жазып шыққаныма қуанамын. Оның үстіне, 60 жастан кейін адам миының екі жарты шары да жұмыс істейді. Ал екі жарты шар жұмыс істей бас тағанда адам ой еңбегімен к!бірек ай налысуы керек. Және оны тоқтатуға болмайды. Әйтпесе, нейрондардың байланысы үзіліп, адам тез қартаяды. Қартайған соң өзі қызық та қалмайды. Жалпы, адамға пайдаң тимейтінін сезген кезде өмір сүрудің де мәні кете бастайды. – Шығармашылық шабыт дегенді сіз қалай түсінесіз? – Кез келген мықты суреткеріңіз де өзіне дейінгілердің білімімен сусындау арқылы ғана шедевр жасай алады. Шынында да білім – баршаға ортақ. Басқа біреудің білімі деген жоқ. Тек адамзаттың білімі бар. Сол әлемге тиесілі білімді сіз де игересіз, санаңызда жинақтайсыз, уақыт өте келе ол санаңызда қорытылады, өңделеді. Содан кейін сіз оны өзіңіздікі ретінде пайдалануға құқыңыз бар. Шын мәнінде, шығармашылық дегеніңіздің өзі осы. Мен шығармашылықты басқаша түсіндіре алмаймын. Шығармашылық тақыр жерде пайда болмайды. Өзіңе дейінгілерді оқу-тоқу арқылы келетін дүние. – Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті қандай болуы керек деген сұрақтың маңайында аз-кем ойыңызды айта кеткеніңіз жөн болар. – Жалпы жазушылыққа үйрету мүмкін емес, бірақ жазушылықты үйренуге болады. Сондықтан да тұтас қазақ әдебиеті қандай болу керектігін мен шешпеймін. Бірақ «Көркем шығарма қалай жазылуы тиіс?» деген сұраққа кез келген қаламгер ең алдымен жауап іздеуі керек деп ойлаймын. Мына жалған дүниеде мен кіммін? Бұл туралы «Қылмыс пен жаза» романының авторы Федор Дос таевский де өз кейіпкері Радион Раскольниковтың аузымен айтып кеткен: «Тварь ли я дрожащая или право имею...». Иә, адам мына өмірге не үшін келеді? Миссиясы не? Бейшара болып өмір сүру үшін бе? Әлде Құдайдың сыйлаған өміріне лайықты жауап беру үшін бе? Адам жанын зерттегісі келген жазушы осы философиялық постулатқа жауап іздеуі керек. Сондықтан да қазақ жазушысы енді өз орбитасынан шығып, бүкіл адамзаттың алдында тұрған мәңгілік сұрақтардың жауабын іздеуі тиіс. – «Әдебиет – ардың ісі» деген ғажап сөзді аға буын жазушылар бекер айтып кеткен жоқ. Бұл төңіректе не айтар едіңіз? – Дұрыс айтасыз, арға жүгінген жазушы ғана қоғамды алға жылжыта алады. Әділдік үшін күрескен жазушы ғана елінің көсегесін көгерте алады. Мен де басқа жазушылар секілді еліміздің еңсесі көтерілсе екен деймін. Тұғырлы мемлекет құрсақ екен деймін. Иә, біз – әділетсіздіктен зардап шегіп келе жатқан елміз. Бұл құбылыс біздің қоғамда өзінің апогейіне жетті деп айтуға болады. Оны неден көруге болады? Біз қазір тіпті әділетті шешілген нәрсенің өзінен әділетсіздікті көріп тұратын халге жеттік. Бұл – аса қауіпті белгі. Өйткені менің әкем айтпақшы, мұндай жағдайда басымызға балта тиеді, аяғымыз жерге кіреді. Керек десеңіз, жоғалып кетуіміз де мүмкін. Айтары жоқ, әділетсіздікпен бұлай күреспейді. Біз біріміздің пікірімізді біріміз сыйлай білгенде ғана, өз пікірімізге монополия жасамауды үйренгенде ғана әділетке жете аламыз. Біз әділетсіздікпен ортадағы құдайшылық ойды айту арқылы күресуіміз керек. Әділетсіздікпен күресу мәдениетінің түп төркіні осы ойдың астарында жатқанын әркім қабылдай білсе екен деймін. Біз сонда ғана билік пен халық бірлесе отырып, қолға алып жатқан елдік шаруаларымыздың нәтижесін көре аламыз. Сыни реализмнің сиқыры сол, ол қоғамдағы барлық оқиғаларға бейжай қараудан сақтандырады. Селқостықтан арылған адам ғана қайтадан ой қорыту мүмкіндігіне ие. Бұл механизмсіз қоғам құрдымға кетті дей беріңіз. Мемлекетте ақыл-ой салтанат құруы үшін бостандықтың маңызды алғышарттары болмаса, ол ел берекесіздікке беттейді. Рухани апатқа жол бермей қалатын бірден-бір күш – сындарлы да салиқалы көркем әдебиет. Әр жазушы өз позициясын осы жерден іздеуі керек. – «Күлпет» романы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында пікір білдірушілерді әзірге байқай қоймадық. – Оныңыз рас. Роман әлі кітап болып шыққан жоқ. Көп адам бұл романның бар екенінен де бейхабар. Бірақ әдеби конкурсты өткізген «Меценат.кз» жобасы шорт-параққа енген он романға Қазақстан Жазушылар одағынан пікір жазып беруді өтінген екен. Әзірге сол туралы айта аламын. Белгілі ақын, ЖО басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып менің романым туралы өз пікірін білдіріпті: «Шығарманың аты соншалықты тосын. Романның басты кейіпкері Абу Райс та өзіне ғана тән тағдыр кешкен, ешкімге ұқсамайтын жан. Әуежайда басталған әңгіме кейде шегіністермен, бас кейіпкердің өз өмірін қайта шола саяхаттауымен, еске түсіре отырып, тұтас бір дәуір суреттеледі. Ерден–Рахия әулетінің тағдырталайы, ұрпақтары арқылы қарапайым қазақ өмірінің тұтас бір дәуірін көз алдыңнан өткізесің. Шығарманың тілі шұрайлы. Әр эпизод нанымды да шынайы суреттеледі. Адам өмірінің ішкі-сыртқы қалтарыстары, қазақ ауылының хал-ахуалы, тұрмыс-салты, дәстүрі мен кәсіп түрлері, мінез-құлқы, бет-бейнесі терең ашылады. Сонысымен де талапқа сай. Қазақ прозасындағы жаңа бір бетті ашқан жаңалық деуге тұрарлық. Мұндағы диалогтар, монологтар, әзіл-қалжың, қазақ халқы бастан өткізген әр түрлі кезеңдер, көркем тіл мен шығарманың түпкі шешімі – бәрі-бәрі шынайы көрініс тапқан. Қандай бәйге алуға да лайық». Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі осылай баға беріпті. Алла разы болсыннан басқа айтарым жоқ. Әрине, бұл романда кемшін тұстар жоқ дегенді білдірмесе керек. Кез келген шығарманың жақсы жақтарымен қатар осал тұсы да болары анық. Бірақ өз басым сынды да қабылдай аламын. Оған етім үйренген. – «Күлпет» кітап болып, толық оқырманға жете қойған жоқ. Көпшілік бұл шығарманы қашан оқиды? – Алматыда «Arna-b» баспасы бар. Құдай қаласа, осы баспаның иесі Бақыт Ойса бауырым қыркүйек айының аяғына қарай романды 5 мың данамен басып шығаруды жоспарлап отыр. Роман жұқа мұқабамен газеттік қағазда басылып шықпақшы. Бұл – меніңше, өте дұрыс шешім. Қазіргі заманғы трендпен шығарылатын дүние оқырманның қызығушылығын тез оятады деп ойлаймын. Оның үстіне, кітаптың таралуына әдеби конкурсты өткізген «Меценат.кз» жобасы да өз үлесін қосатын болды. Олар негізінен романды жарнамалау мен «Меломан» кітап саудасы жүйелерінде оқырмандармен кездесулер өткізуді мойнына алып отыр. Жобаның негізін салушы Ерлан Асқарбеков мұндай іс шараны тек Алматы мен Астанада ғана емес, сондай-ақ кейбір облыс орталықтарында да өткізетінін жеткізді. – Романның жалпы идеясы туралы айта кетсеңіз? – Заманауи аңыз айтқым келіп отыр. Шетелдік бизнесмен «мынау керемет құс көрінеді, бұдан пайда табуға болатын сияқты» деп бір тау бүркітін сатып алып, еліне апарады. Туған топырағында қанша жерден керемет атаулының нәні болса да, жат жерге бейімделу бүркітке ауыр тиеді. Байғұс құс жаңа мекенді жерсінбей, ауа райы да жақпай, біраздан соң тамақ ішуді тіптен қояды. Асылын ардақтай білетін, еркелете білетін, бабын таба білетінө!з иесіндей қайдан болсын?! Ас ішуге кедергі келтіріп тұрған болар деген оймен тұмсығын шауып тастайды. Барабара бүркіт ұшуға да жарамай, жер бауырлап жатып қалады. Жаңа қожасы денесі ауырлап кеткен болар деп қанаттарын қырқа бастайды. Түптің түбінде бүркіт бүркіт болмай қалады, қысқасы. Бұрын-соңды көрмеген құсқа келген бетте де тамсанып, қарық болмаған өзге жұрт бүркіттің бөтендігін енді анық біледі. Ақыры, бүркітті бизнесмен алған жеріне әкеліп тастайды. Тұмсығы шабылған, қанаты қырқылған бүркітті енді ауылында да ешкім танымайды, ешкім бүркіт екен деп қабылдамайды. Осылай! Мұны неге айтып отырмын? Кез келген халық, кез келген адам өзінің тараған тамырынан ажырамау керек. Басқа елді бастапқы төл қасиетімен табындыру қолынан келмегеннің өзінде де, сол елдің болмысына бірігіп кетуден сақтануы тиіс. Ал, біз ше? Басқа елге бармақ түгілі, өз жерімізде жүріп-ақ бүркіттік біраз қасиетімізден айырылып барамыз. Отанымызда отырып-ақ тұмсығымыз шабылған, қанатымыз қырқылған халықтың халіне жақындап қалған жоқпыз ба?! Бүркіт бүркіт екенін бодандықта жүргенде де таныта білсе, нағыз бүркіт болады. Туған елі Тәуелсіздік алғанда да баяғы бүркіт екені байқалып тұрса, нағыз бүркіт болады. Мен романымда осы идеяны қозғадым. Біз тек өз тамырымыздан үзілмегенде ғана өркениеттің биігіне жете аламыз. Сондықтан да қазақ жазушысы өз ұлтының идентикасын жоғалпай отырып, басқа ұлттарды мойындата алатынын ешқашан естен шығармауы тиіс. Қазір біздің дүкендерімізде «Кока кола» сусыны самсап тұруы нені білдіреді? Бұл – сол сусын келгелі біз жаһандануға ендік деген сөз. Одан енді қашып құтылу жоқ. Бірақ сол жаһандануға жұтылып кетпеуіміз керек. Оның жолы бар ма? Бар. Біз қазір сол жаһандану процесіне өзіміздің ұлттық құндылықтар мен ерекшелігімізді қарсы қоюымыз қажет. Сонда ғана мына алуан түрлі әлемде біз тұлпарлық та, сұңқарлық та қасиетімізді сақтап, ерекше халық болып қалыптасамыз. – Публицист Шархан Қазығұлдың азаматтық ұстанымын біз жақсы білеміз. Ал жазушылыққа бет бұрған кезде қандай позиция ұстағаныңыз бізді қызықтыратынын жасырғымыз келмейді. – Жазушы позициясы да жүздеген, мыңдаған оқырман жүрегіндегі тығылып жатқан немесе тұншығып жатқан әлемнің сырын ашумен шектелмей, қам көңілді жұбататындай дәрумен қалыппен қайта оралатындығымен қымбат. Қорған болар қаламгер эссе жазса да, роман жазса да, әркімнің жан дүниесіндегі сілкіністерді асқан ептілікпен көкірегіне үюмен тоқтап қалмайды. Ол әлгі жиған-тергенін әр жүректің өз жазуындай жаңғыртып қайтара білу құдіретімен бағаланады. Сыни реализмнің басты құндылығы сонда, айқын азаматтық позиция ұстайтын жазушы оқырманын қоғамдағы қордаланған проблемаларды шешуге жетелейтіндігімен төрге озып тұрады. – Әлемде Сафарлидің, не болмаса Памуктың насихаты неге жоғары? Қазақ әдебиетінде ондай шығарма жазу қиын ба? – Қазақстанда көркем әдебиетті дүниеге әкелу, оны тарату, жарнамалау, әлемдік нарыққа шығару сияқты толып жатқан факторлардың халықаралық форматы енгізілді деп қазіргі таңда ешкім де айта алмайды. Қазақ жазушыларының өз ортасынан асып кете алмай жатқанының ең басты себебі осында жатыр. Кез келген мемлекет нарықтық қатынастарға көшті екен, ондағы барлық сала сол қатынастардың канондарына тезірек бейімделуі қажет. Біз де тіпті экономиканың өзі әлі толық және түпкілікті осы қатынасқа көшіп бітті деп айтуға ауыз бармайды. Білім мен ғылым саласының жағдайы тіпті ауыр өтуде. Ал бұқаралық ақпарат құралдары мен көркем әдебиет бұл қатынастардың әлі әліпбиінде жүр. Сондықтан да Сафарли мен Памук төңірегіндегі сіздің сұрақ қойып отырғаныңызға таң қалып отырғанымды жасыра алмаймын. Өйткені сіз көтеріп отырған мәселенің бәрі ең алдымен елімізде арнайы заң шығаруға тікелей байланысты болып отыр. Ал заңнамалық негіз қалыптаспаған кезде кітап шығару мен оны тарату туралы әңгіме айтудың өзі ұят. Нарықтық қатынас – нақты ғылым. Сондықтан да бұл формацияда формалды көзқарастың ешқайсысы да өтпейтінін толық түсінетін кез келді. – Ай сайын түсетін 500 доллар көп пе, аз ба? – Мынауыңыз енді арандатушылық сұрақ. Зейнетақымнан екі есе артық ақшаны аз дегенім күпірлік болар. Қазақта адамның жасын екіге бөледі. Мұхамед пайғамбардың қайтыс болған жасына дейінгі өмірді «қалжа жас», одан кейінгі өмірді «олжа жас» дейді. Егер Аллатағала олжа жасымды қалжа жасыма теңестіріп, өмір берсе, онда бұл – кез келгенді есінен тандыратын ақша. (Жан азабы туралы романның авторы рахаттана күлді. Жазушының осы бір әдемі қас-қағым сәтімен сұхбатымызды аяқтағанды жөн көрдік).