– Қазір Алматы облысындағы суармалы алқаптардың көлемі 239,7 мың гектарды құрайды. Егіс алқаптарына су жеткізуді қамтамасыз етуге жүйенің жалпы ұзындығы – 9,4 мың шақырым. Оның басым бөлігінің тозығы жеткен. Былтыр жер бетіндегі су көздерінен су алу көлемі 1,7 миллиард текше метр болса, осы көлемнің 1,4 миллиард текше метрі ғана егістіктерге жеткізілген. Сонымен бірге облыстағы су қоймалары, бөгеттері мен тоған, тоспаларды, гидрожелілерді қоса алғандағы 205 гидротехникалық нысандардың көбі ширек ғасырдан бері ешқандай жөндеу көрмеген, – дейді басқарма басшысы.Шынында, қарапайым арифметикалық есептеу арқылы да гидроқұрылымдардан алынған ағын су мен оның егістікке жеткен көлемі арасындағы алшақтық бергенін аңғаруға болады. Демек, ағын судың техникалық шығымы артқан. Соңғы жылдары ирригациялық жүйелердің күрделі жөндеуіне қыруар қаржы бөлінгенімен, олардың нақты нәтижесі әлі көрінер емес. Қазір 57,1 мың гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру мақсатында Қонаев қаласы мен 8 аудандағы суару желілерін қайта құрылымдаудың жобаларын жасауға 1,75 миллиард теңге бөлініпті. Ал құрылыс-құрастыру жұмыстарының жалпы құны 88,2 миллиард теңгеге бағаланған. Облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасы 2018-2022 жылдары су шаруашылығы нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге қатысты 43 жобалық-сметалық құжаттама дайындалғанын мәлімдеді. Оның ішінде жалпы сомасы 4,1 млрд теңге болатын 21 жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылған және соның арқасында 8,3 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілген. Биыл да осы бағытта Ұйғыр, Іле аудандарында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. «Институт Казгипроводхоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анатолий Рябцевтің мәлімдеуінше, облыстың дәл қазіргі су қоры еліміздің басқа аймақтарына қарағанда қанағаттанарлық жағдайда. Әсіресе, таудан келетін ағынды зендердің әлеуеті көптеп пайдаланылып жатыр. Ендігі мәселе табиғаттың сол тартуын егіс алқаптарына шашпай, төкпей жеткізу болып тұр. Негізінен, соңғы 30 жылда Алматы облысында бірде-бір су қоймасы, не канал салынбапты. Бұрыннан қолданыста болғандарының тозығы жетіп, олардың пайдалы әсер коэффициенті 75 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеп кеткен. Суармалы алқаптардың толық көлемде игерілмей жатқанына шаруалардың жаңбырлатқыш техникаларды, тамшылатып суару сынды заманауи әрі су үнемдегіш технологияларды қолдана алмауы да кері әсер етіп отырғаны анық. Олар жаңа әдістерді қолданбаймыз деп отырған жоқ, соларға қол жеткізе алмай қиналады. Заманауи техникаларды сатып алуды қалталары көтермейді.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы