Нұр-Сұлтанда әйел рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген 24 сағаттық балабақшаға баласын бір ай бойы тастап кеткен, бала сол жерде қайтыс болды,- деп хабарлады елордалық сот. Қаланың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты елордалық білім басқармасының әйелге оның үлкен қызына қатысты ата-ана құқығынан айыру және алимент өндіріп алу туралы талабы бойынша азаматтық істі қарады. "Анасы балабақшаға ақы төлемеген, қызына бір айдан аса уақыт келмеген. Үлкен қызы әжесінің бақылауында болған. Осылайша, анасы бала тәрбиесінен шеттетілген. 2022 жылғы сәуірде жеке үйдегі балабақшада болған кіші қыз қаза тапқан. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Баланың денесінде көптеген дене жарақаты болған", - делінген сот хабарламасында. Сот шешімімен әйел үлкен қызына қатысты ата-ана құқығынан шеттетілді, баланың болашақ тағдырын анықтау үшін үлкен қызы Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына берілді. Анасынан алимент өндіріп алынды.