Сандалған саудагерлер мен уәдешіл басшылар
Сандалған саудагерлер мен уәдешіл басшылар
420
оқылды
2002 жылдың көктемінде  қыз­мет бабымен Алматы об­лы­сының орталығы Талды­қор­ғанға қайта оралған едік. Сон­да   орталық базар маңын­да­ғы көшелерден көлік түгілі адам­ның жүруінің қиынды­ғына таң­ға­лып, бас шайқаған­быз. Авто­кө­ліктер қалай бол­са солай қойылады, көшенің қос қапта­лы – жаймабазар. Із­де­геннің көбін осы жерден та­басың. Көй­лек-көншектен бас­тап, күн­делікті ішіп-жейтін азық-түлікке дейінгі небір зат­тарды түгелдей жерде тізіл­ген қорап­тан, шелектен, қа­тырма қағаз­дың үстінен қо­лың­мен ұстап, тістеп көріп ала­сың. Оның тазалығы, қауіпсіздігі еш­кім­нің ойына да кіріп шықпай­ды. Кейін оның қатарына пластик­тен құ­рас­тырылған,  ретсіз салын­ған ірі­лі-ұсақты сауда орындары қосыл­ды. Бір кездері Алматыдағы көк­ба­зар­­дың бас қақпасының алды мен Мақа­таев көшесі жағы осындай еді. Кейін біртіндеп реттелген. Ал Талды­қор­ғанда содан бері жиырма жылға жуық уақыт ішінде бірін-бірі ауыс­тыр­ған әкімдер тағайын­дала салы­сы­­мен, көше саудасымен күреске кірісетін және бірер айдан соң ап­тығы басылып, бәрін жылы жа­уып қоятын. Өйткені күнделікті нә­па­қасын осындай тынымсыз әрі сүй­кімсіз  тірлікпен тауып отырған, денін әйелдер қауымы құрайтын жан­дар  өздерін қууға келгендермен ашық айқасқа шығып, байбалам салып, жылап-еңіреп, елді әбігер қы­­латын. Жай­ма­базар саудасы қы­зып тұратын көшенің негізгі бөлігін сер­­уен­деп, демалатын «Арбатқа» ай­нал­дырған Шалбай Құлмаханов көке­міз де, жергілікті ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіруші­лерге тауарла­рын делдалсыз, төлемақысыз орын­­­да саудалауға мүмкіндік ту­ғыз­­­ғы­­сы келіп, қыруар қаржыға комму­нал­­дық базар тұрғызған Серік Үм­бе­тов ағамыз да көше сау­да­гер­ле­рін жөн­ге сала алмаға­нын көз көрді. Қа­ланың әкімдері тіптен ештеңе іс­тей алмады. Соңғы жыл­дары орта­лық­тағы жабайы сауда­ның асқын­ға­ны соншалық, тұрмыс қажетімен сол жақ­тағы сауда ор­ны­на, базарға бар­ған­дар діттеген жеріне жеткенше қы­сы­лып-қым­ты­рылып, сүрініп-ша­лы­нып, ұр­сы­­сып,  әбден ығыры шығатын. Ақыры, «не нәрсенің де ақыры бола­ды» дегеннің кері келді. Өткен жылы Таразды Талдықорғанға ауыс­ты­рып, Алматы облысы орта­лы­ғының тізгінін ұстаған Ғалым­жан Әбді­райымов былтыр көше саудагер­лерінің тамырын бірнеше рет басып көрді де, биылғы қаң­тарда шешуші қадам жаса­ды. Бірнеше рет көшені босату­ды та­лап етіп, басқа жерлер­ден сауда орындарын ұсынғаннан кейін, бір күнде қолдан құрастырылған сөре­лер мен ілініп-салынып тұрған қал­­қаймаларды қиратып, жүк кө­лік­­тері­мен қоқысқа шығарып таста­ды. Улап-шулаған, жылап-сық­таған, қорқытып-үркіткен сауда­­герлерге осыдан бірнеше жыл бұрын қорша­лып, ішіне шатырлы сөрелер қойыл­ған шағын базарды ұсынып, алғашқы жарты жылда ешқандай төлем алын­байтынын, бірер күнде онда сауда жасауға қажетті жағдай­дың барлығы жаса­ла­тынын айтып, әрең сабырға тү­сір­ген еді.
Сол даулы жағдай кезінде 2006 жы­лы күзде мемлекет қазынасынан қа­растырылған миллиондарға тұр­ғы­зылған, қосалқы шаруашылық­тары да ойластырылған, саудаға қа­жетті  барлық жағдай қарасты­рыл­­ған жаздық ашық сауда алаңы мен  қыста сауда-саттық жасауға арналған үлкен жабық павильоны, жертөлесінде заманауи қоймалары мен мұздат­қыш­тары болған, негізгі мақсаты – Жетісу жеріндегі шаруа­ларға өз қол­­дары­мен өсірген ауыл шаруашы­лы­­ғы өнімдерін ешбір делдалсыз өз­дері сатуға жағдай туғызып, сату­шы­­ларды да, тұтыну­шы­ларды да разы ету болған  ком­му­налдық базар неге халық үшін қызмет етпейді де­ген сауалға жа­қында ғана лауазы­мын тап­сырып кеткен облыс әкімі­нің орын­баса­ры Мәнізоров та, қала бас­шысы Ғалымжан Әбдірайымов та ештеңе айта алмады.
Осы тектес сауалдарды қала әкі­мі­­нің баспасөз қызметіне жол­да­ған біз де жауап күтіп шаршадық. «Қыс­қы саудаға арналған жабық павильон неге супермаркетке ай­на­лып, жеміс-жидек, көкөніс сата­тындар неге жер­төледегі қуықтай жерге түсіріліп, ет павильоны неге шағын ғана қал­қай­­маға көшірілді, ашық сауда ала­ңы неге тек сенбі күні ғана жұмыс істеп, былайғы күндері қаңырап бос тұрады?» деген сұрақтарымыз сол бойында жауапсыз қалды. Алматы облысы Талдықорған қа­ла­сы  әкімдігінің 2006 жылғы 26 маусы­мдағы №20-623 қаулысы­мен қала әкімдігі жанынан құрыл­ған шар­уашылық жүргізу құқын­дағы  «Жер­ұйық» қалалық базары»  мемле­кеттік-коммунал­дық кәсіп­ор­ны со­дан бергі жылдары басы­нан біраз өзгерісті өткерген. Нақ­ты­рақ айт­қанда, қазынаның қар­жысына са­лынған коммунал­дық базар біртін­деп негізгі мақса­ты­нан ажырап, ха­лық­қа емес, жеке қал­та­ға қызмет етуге көшкен сы­ңай­лы. Коммунал­дық базар 2011 жы­лы қарашада «Жерұйық–Тал­ды­қорған» агроө­нер­кә­сіптік кеше­ні» ЖШС болып қайта құрылады. Осылайша, атшаптырым ау­мақ­­ты алып жатқан коммунал­дық базар­дың ашық сауда алаңы апта­сына бір рет қана жұмыс істейді. Ал көше сау­­дасымен күн көріп жүр­гендер қол­­да­рындағы ұсақ-түйе­гін қайда ба­рып саудаларын білмей, сандалып қалды. Қаңтар­дағы дау-дамайдан  бері де бір ай өтті. Қалалық әкімдік уәде еткен Гаухар ана мен Абай кө­шелерінің қиылысындағы шағын ба­зарда ешқандай жұмыс жүргізіл­меп­ті. Сөрелер сол қалқайған күйін­де тұр. Қоймаларды айтпағанда, дәрет­­хана да жоқ. Бізде жалпы ешбір жоба жоспарсыз, ретсіз, қалай болса солай орындалатын шаруа­лар жетер­лік және олардың көбі аяқсыз қала­ды. Бұл шағын базардың орнын бел­гі­леп, қомақты қаржыға қоршап, сө­релер қатарын орналастырған кез­де, тура қасында қысы-жазы түтін­детіп тұратын, көмірмен жанатын үл­кен қазандық барлығы мүлде ес­ке­­рілмеген. Дені азық-түлік сата­тын саудагерлерге осында сауда жасауға рұқсат  бер­мек болғанда, бұл жағдай тағы ұмыт қалды.  Күні кеше өздеріне арна­лып жабдықталады, жасалады деген базарға барғандар тағы да құр сен­деліп қайтты. Сол өткен жыл­дағы қалпынан еш өзгеріс жоқ. Сөрелерден басқа көз тоқта­тар дүние таба алмадық. Әкімқаралар бер­­ген уәде тағы да құрғақ сөз бо­лып шықты.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы