2002 жылдың көктемінде қызмет бабымен Алматы облысының орталығы Талдықорғанға қайта оралған едік. Сонда орталық базар маңындағы көшелерден көлік түгілі адамның жүруінің қиындығына таңғалып, бас шайқағанбыз. Автокөліктер қалай болса солай қойылады, көшенің қос қапталы – жаймабазар. Іздегеннің көбін осы жерден табасың. Көйлек-көншектен бастап, күнделікті ішіп-жейтін азық-түлікке дейінгі небір заттарды түгелдей жерде тізілген қораптан, шелектен, қатырма қағаздың үстінен қолыңмен ұстап, тістеп көріп аласың. Оның тазалығы, қауіпсіздігі ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Кейін оның қатарына пластиктен құрастырылған, ретсіз салынған ірілі-ұсақты сауда орындары қосылды. Бір кездері Алматыдағы көкбазардың бас қақпасының алды мен Мақатаев көшесі жағы осындай еді. Кейін біртіндеп реттелген. Ал Талдықорғанда содан бері жиырма жылға жуық уақыт ішінде бірін-бірі ауыстырған әкімдер тағайындала салысымен, көше саудасымен күреске кірісетін және бірер айдан соң аптығы басылып, бәрін жылы жауып қоятын. Өйткені күнделікті нәпақасын осындай тынымсыз әрі сүйкімсіз тірлікпен тауып отырған, денін әйелдер қауымы құрайтын жандар өздерін қууға келгендермен ашық айқасқа шығып, байбалам салып, жылап-еңіреп, елді әбігер қылатын. Жаймабазар саудасы қызып тұратын көшенің негізгі бөлігін серуендеп, демалатын «Арбатқа» айналдырған Шалбай Құлмаханов көкеміз де, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге тауарларын делдалсыз, төлемақысыз орында саудалауға мүмкіндік туғызғысы келіп, қыруар қаржыға коммуналдық базар тұрғызған Серік Үмбетов ағамыз да көше саудагерлерін жөнге сала алмағанын көз көрді. Қаланың әкімдері тіптен ештеңе істей алмады. Соңғы жылдары орталықтағы жабайы сауданың асқынғаны соншалық, тұрмыс қажетімен сол жақтағы сауда орнына, базарға барғандар діттеген жеріне жеткенше қысылып-қымтырылып, сүрініп-шалынып, ұрсысып, әбден ығыры шығатын. Ақыры, «не нәрсенің де ақыры болады» дегеннің кері келді. Өткен жылы Таразды Талдықорғанға ауыстырып, Алматы облысы орталығының тізгінін ұстаған Ғалымжан Әбдірайымов былтыр көше саудагерлерінің тамырын бірнеше рет басып көрді де, биылғы қаңтарда шешуші қадам жасады. Бірнеше рет көшені босатуды талап етіп, басқа жерлерден сауда орындарын ұсынғаннан кейін, бір күнде қолдан құрастырылған сөрелер мен ілініп-салынып тұрған қалқаймаларды қиратып, жүк көліктерімен қоқысқа шығарып тастады. Улап-шулаған, жылап-сықтаған, қорқытып-үркіткен саудагерлерге осыдан бірнеше жыл бұрын қоршалып, ішіне шатырлы сөрелер қойылған шағын базарды ұсынып, алғашқы жарты жылда ешқандай төлем алынбайтынын, бірер күнде онда сауда жасауға қажетті жағдайдың барлығы жасалатынын айтып, әрең сабырға түсірген еді.
Сол даулы жағдай кезінде 2006 жылы күзде мемлекет қазынасынан қарастырылған миллиондарға тұрғызылған, қосалқы шаруашылықтары да ойластырылған, саудаға қажетті барлық жағдай қарастырылған жаздық ашық сауда алаңы мен қыста сауда-саттық жасауға арналған үлкен жабық павильоны, жертөлесінде заманауи қоймалары мен мұздатқыштары болған, негізгі мақсаты – Жетісу жеріндегі шаруаларға өз қолдарымен өсірген ауыл шаруашылығы өнімдерін ешбір делдалсыз өздері сатуға жағдай туғызып, сатушыларды да, тұтынушыларды да разы ету болған коммуналдық базар неге халық үшін қызмет етпейді деген сауалға жақында ғана лауазымын тапсырып кеткен облыс әкімінің орынбасары Мәнізоров та, қала басшысы Ғалымжан Әбдірайымов та ештеңе айта алмады.Осы тектес сауалдарды қала әкімінің баспасөз қызметіне жолдаған біз де жауап күтіп шаршадық. «Қысқы саудаға арналған жабық павильон неге супермаркетке айналып, жеміс-жидек, көкөніс сататындар неге жертөледегі қуықтай жерге түсіріліп, ет павильоны неге шағын ғана қалқаймаға көшірілді, ашық сауда алаңы неге тек сенбі күні ғана жұмыс істеп, былайғы күндері қаңырап бос тұрады?» деген сұрақтарымыз сол бойында жауапсыз қалды. Алматы облысы Талдықорған қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 26 маусымдағы №20-623 қаулысымен қала әкімдігі жанынан құрылған шаруашылық жүргізу құқындағы «Жерұйық» қалалық базары» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны содан бергі жылдары басынан біраз өзгерісті өткерген. Нақтырақ айтқанда, қазынаның қаржысына салынған коммуналдық базар біртіндеп негізгі мақсатынан ажырап, халыққа емес, жеке қалтаға қызмет етуге көшкен сыңайлы. Коммуналдық базар 2011 жылы қарашада «Жерұйық–Талдықорған» агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС болып қайта құрылады. Осылайша, атшаптырым аумақты алып жатқан коммуналдық базардың ашық сауда алаңы аптасына бір рет қана жұмыс істейді. Ал көше саудасымен күн көріп жүргендер қолдарындағы ұсақ-түйегін қайда барып саудаларын білмей, сандалып қалды. Қаңтардағы дау-дамайдан бері де бір ай өтті. Қалалық әкімдік уәде еткен Гаухар ана мен Абай көшелерінің қиылысындағы шағын базарда ешқандай жұмыс жүргізілмепті. Сөрелер сол қалқайған күйінде тұр. Қоймаларды айтпағанда, дәретхана да жоқ. Бізде жалпы ешбір жоба жоспарсыз, ретсіз, қалай болса солай орындалатын шаруалар жетерлік және олардың көбі аяқсыз қалады. Бұл шағын базардың орнын белгілеп, қомақты қаржыға қоршап, сөрелер қатарын орналастырған кезде, тура қасында қысы-жазы түтіндетіп тұратын, көмірмен жанатын үлкен қазандық барлығы мүлде ескерілмеген. Дені азық-түлік сататын саудагерлерге осында сауда жасауға рұқсат бермек болғанда, бұл жағдай тағы ұмыт қалды. Күні кеше өздеріне арналып жабдықталады, жасалады деген базарға барғандар тағы да құр сенделіп қайтты. Сол өткен жылдағы қалпынан еш өзгеріс жоқ. Сөрелерден басқа көз тоқтатар дүние таба алмадық. Әкімқаралар берген уәде тағы да құрғақ сөз болып шықты. Болат АБАҒАН, Алматы облысы