Қош, бұл өзбекстандық студенттер бізде неге көбейді? Мәселенің түбіне үңілейікші. Себебі ең алдымен бізде оқуға түсу жеңіл. 50 шекті балл жинасаңыз, кез келген оқу орнына қабылдана бересіз. Әрине, ақысын төлесеңіз болғаны. Ал шетел студенттеріне бұдан да жоғары жағдай жасалған. Емтихан тапсырмайды, бар болғаны әңгімелесу арқылы оқуға түсіп тұр. Өзбекстандық студенттердің айтуынша, өз елдерінде ЖОО-ға түсуге талап жоғары. Емтихан қатаң қадағаланады. Оның үстіне, ондағы оқу ақысы да біздегі жекеменшік оқу орындарына қарағанда әлдеқайда жоғары. Сонымен қатар шетелдік студенттердің құқығы қорғалған. Кез келген жерде еркін жүріп-тұрады. Бірінші кезекте жатақханамен қамтамасыз етіледі. Сессия да анау айтқандай қиындық туғызбайды. Мұғалімдер көп жағдайда түсіністікпен қарап, жеңілдік жасайды. Демек, оларға тіл білмесе де, 150 шақырым қашықтықтағы Шымкентке келіп оқу әлдеқайда жеңіл. Яғни, орыс тобында емін-еркін білім алады. Алайда олардың басты мақсаты – оқуға түсіп алу, одан кейінгісі 1-2-курстан соң өз елдеріне ауысып алуға әрекет жасайды. Ал шетелде оқитын өзбектерге жергілікті оқу орындарына емтихансыз ауысуға рұқсат етілген мына қаулы оларға үміт отын жақты.Рас, не шықса да Шымкенттен шығады. Кезінде өңірімізде жоғары оқу орындарының шектен тыс көбейіп кеткен кездері болды. Оның бірқатары талапқа сай келмей, біртіндеп жабылып та қалды. Жуырда біреуінің есігіне құлып салынады. 30 мыңға жуық студенті бар Шымкенттегі ең үлкен оқу орнының бірі саналатын «Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің» тағдырына ақыры нүкте қойылды. Бір жыл бойы қайта-қайта тексеруден өтіп, жұмысын уақытша тоқтатқан оқу орнының лицензиясын біржола алу туралы 9 қаңтарда соттың шешімі шықты. Талапкерлерді шығармашылық емтихансыз, медициналық анықтамасыз, ҰБТ-ның түпнұсқалық куәлігінсіз және мамандандырылған пәндерді ескерусіз оқуға қабылдау фактілері анықталған. Оған сабақ кестесін бұзу фактілерін қосыңыз. Ал Шымкент қаласының Білім саласын бақылау департаментінің басшысы өткен жылғы тексеру қорытындысында жоғары оқу орындарын бітірген студенттердің дипломы бойынша 15 өтініш қабылданбағанын айтады. Яғни, 15 құжат жарамсыз деп танылған. Ал екі диплом мүлдем жалған болып шыққан. Бұдан шығатын қорытынды елімізде білім сапасынан гөрі ақшаға құнығу басым болып кеткенін көреміз. «Дәніккеннен құныққан жаман» деуші ме еді. Міне, оның соңы осындай сұмдыққа жалғасып жатыр. Ал студенттерінің болашақ тағдыры ешкімді де алаңдатпайды. Екі ортада сабылып әуреге түсіп жүрген жұрт. 30 мыңға жуық студенті бар жабылып жатқан оқу орнының басшылығы да «Барлығын өзіміз қадағалаймыз, түлектеріміз басқа оқу орнына ауысып оқи береді» деген сырғытпа жауап қайтаруда. Бұл олқылықтың алдын алуға, ақшадан гөрі абыройды ойлауға не кедергі деген ой түйеді екенсің. ЖОО басшыларының бітіруші түлекке «осы мекемеде жұмыс істеймін» деген анықтамасыз диплом берілмейтіні туралы тапсырмасы тағы бар. Ол тек министрлікке дәйек ретінде ұсынылатын көзбояушы қағаз екенін екінің бірі біледі. Бәрі құжат жүзінде «керемет». Мұндай «кереметтің» соңы не болмақ? Назгүл НАЗАРБЕК
Шымкент қаласы