Жуырда Өзбекстан Республикасының білім беру мекемелеріне қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 4 ақпандағы № 12 қаулысына сәйкес Тәжікстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстан жоғары оқу орындарында оқитын Өзбекстан азаматтарына олардың білімін өз елдерінің жоғары оқу орындарына ауыстыру туралы өтініші қабылданады. Бұрын тестілік емтихан тапсырып, белгілі балл жинау қажет болған талаптар жойылып, енді осылайша емтихансыз өз еліне ауысуға рұқсат берілді. Өзбекстанның барлық өңірінде құрылған өңірлік жұмыс топтары 7-15 ақпан аралығында құжат қабылдап жатыр. Міне, осы қаулыдан соң еліміздегі өзбекстандық студенттер құжаттарын жаппай алып жатыр. Шымкент қаласы Өзбекстанмен көрші тұратындықтан мұнда студенттер легі көп. Бір Шымкенттің өзінде 15 000 өзбекстандық студент бар екен. Оның 7 000-нан астамы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да оқыса, 1 500-і – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алады. Оған үшінші мегаполистегі тағы 8 жоғары оқу орнын қосыңыз. Жалпы, осынау қаулыдан соң, апта басынан бері Шымкенттегі барлық оқу орнында жаппай дүрбелең. Өзбекстан тарапы 15 ақпанға дейін құжат қабылдайтын болған соң студенттер таң сәріден қара кешке дейін университет аумағын торуылдап, құжат алудың әбігеріне түскен. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың комиссия мүшелері күн сайын студенттердің шектен тыс келіп жатқанын айтады. Осынша студентті құжаттандыру шаралары 1-2 күнде біте салмайды. Оның үстіне, басым бөлігінің оқу ақысына қарыздары, сессияны жаппағандары да бар. Мұндай мәселесі жоқ студенттер құжаттарын жылдам ресімдеп жатқан. Сондай-ақ өзбекстандық студенттер әзірге транскрипт қана әкетіп жатыр, егер ол жаққа оқуға түсе алмаса, мұнда сабағын жалғастыра алады.
Қош, бұл өзбекстандық студенттер бізде неге көбейді? Мәселенің түбіне үңілейікші. Себебі ең алдымен бізде оқуға түсу жеңіл. 50 шекті балл жинасаңыз, кез келген оқу орнына қабылдана бересіз. Әрине, ақысын төлесеңіз болғаны. Ал шетел студенттеріне бұдан да жоғары жағдай жасалған. Емтихан тапсырмайды, бар болғаны әңгімелесу арқылы оқуға түсіп тұр. Өзбекстандық студенттердің айтуынша, өз елдерінде ЖОО-ға түсуге талап жоғары. Емтихан қатаң қадағаланады. Оның үстіне, ондағы оқу ақысы да біздегі жекеменшік оқу орындарына қарағанда әлдеқайда жоғары. Сонымен қатар шетелдік студенттердің құқығы қорғалған. Кез келген жерде еркін жүріп-тұрады. Бірінші кезекте жатақханамен қамтамасыз етіледі. Сессия да анау айтқандай қиындық туғызбайды. Мұғалімдер көп жағдайда түсіністікпен қарап, жеңілдік жасайды. Демек, оларға тіл білмесе де, 150 шақырым қашықтықтағы Шымкентке келіп оқу әлдеқайда жеңіл. Яғни, орыс тобында емін-еркін білім алады. Алайда олардың басты мақсаты – оқуға түсіп алу, одан кейінгісі 1-2-курстан соң өз елдеріне ауысып алуға әрекет жасайды. Ал шетелде оқитын өзбектерге жергілікті оқу орындарына емтихансыз ауысуға рұқсат етілген мына қаулы оларға үміт отын жақты.Рас, не шықса да Шымкенттен шығады. Кезінде өңірімізде жоғары оқу орындарының шектен тыс көбейіп кеткен кездері болды. Оның бірқатары талапқа сай келмей, біртіндеп жабылып та қалды. Жуырда біреуінің есігіне құлып салынады. 30 мыңға жуық студенті бар Шымкенттегі ең үлкен оқу орнының бірі саналатын «Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің» тағдырына ақыры нүкте қойылды. Бір жыл бойы қайта-қайта тексеруден өтіп, жұмысын уақытша тоқтатқан оқу орнының лицензиясын біржола алу туралы 9 қаңтарда соттың шешімі шықты. Талапкерлерді шығармашылық емтихансыз, медициналық анықтамасыз, ҰБТ-ның түпнұсқалық куәлігінсіз және мамандандырылған пәндерді ескерусіз оқуға қабылдау фактілері анықталған. Оған сабақ кестесін бұзу фактілерін қосыңыз. Ал Шымкент қаласының Білім саласын бақылау департаментінің басшысы өткен жылғы тексеру қорытындысында жоғары оқу орындарын бітірген студенттердің дипломы бойынша 15 өтініш қабылданбағанын айтады. Яғни, 15 құжат жарамсыз деп танылған. Ал екі диплом мүлдем жалған болып шыққан. Бұдан шығатын қорытынды елімізде білім сапасынан гөрі ақшаға құнығу басым болып кеткенін көреміз. «Дәніккеннен құныққан жаман» деуші ме еді. Міне, оның соңы осындай сұмдыққа жалғасып жатыр. Ал студенттерінің болашақ тағдыры ешкімді де алаңдатпайды. Екі ортада сабылып әуреге түсіп жүрген жұрт. 30 мыңға жуық студенті бар жабылып жатқан оқу орнының басшылығы да «Барлығын өзіміз қадағалаймыз, түлектеріміз басқа оқу орнына ауысып оқи береді» деген сырғытпа жауап қайтаруда. Бұл олқылықтың алдын алуға, ақшадан гөрі абыройды ойлауға не кедергі деген ой түйеді екенсің. ЖОО басшыларының бітіруші түлекке «осы мекемеде жұмыс істеймін» деген анықтамасыз диплом берілмейтіні туралы тапсырмасы тағы бар. Ол тек министрлікке дәйек ретінде ұсынылатын көзбояушы қағаз екенін екінің бірі біледі. Бәрі құжат жүзінде «керемет». Мұндай «кереметтің» соңы не болмақ?
Шымкент қаласы