Қазақстандықтар теңгемен қор жинауға көше бастады – Ұлттық банк
Қазақстандықтар теңгемен қор жинауға көше бастады – Ұлттық банк
1,526
оқылды
«Базалық мөлшерлемені көтерудегі Ұлттық банктің мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқатын қорғау, азаматтардың кірісі мен жинақ қорын құнсызданудан сақтау», – дейді Орталық банктің басшысы Ғалымжан Пірматов. Оның айтуынша, халықты тұтынушыдан – жинақтаушыға айналдыратын мезгіл жетті. Сол үшін, яғни азаматтарды жинақтаушылыққа  ынталандыру үшін теңге депозиттерінің тартымдылығын арттыру көзделді. Қазірдің өзінде бұған дейін қабылданған шешімдердің жағымды аралық нәтижелері бар. Жыл басынан бері депозиттік база долларландырудың біршама төмен деңгейін сақтай отырып қайта қалпына келді, ал кейбір облыстарда отандық резиденттер теңгемен қор жинауға көше бастады. Осының өзі халықтың жинақтауға деген қабілетінің артқанын білдіреді. Банк жүйесінде депозит бойынша өсім бар. Ғаламдық белгісіздіктің күшейгеніне қарамастан, депозиттік ұйымдардағы салымдардың көлемі жылдық мәнде 8,1%-ға, яғни 27,2 трлн теңгеге дейін өсті. Осы жылдың екінші тоқсанында базалық мөлшерлеменің артуынан нәтиже сезіле бастаған кезде-ақ жеке тұлғалардың теңгелік салымдары 6,1%-ға, заңды тұлғалардың салымы 4,4%-ға өсіп, депозит көлемі 2,7%-ға көбейді. Ұлттық валютадағы депозиттерге қаражаттың қосылуы және валюталық депозиттерден салымдардың алынуы – депозиттегі долларланудың төмендеуіне ықпал етті. Мәселен, 2022 жылдың ақпан айындағы 38,4% жоғары шегінен маусымның соңына қарай 35,3%-ға түсті. «Долларландырудың бұл деңгейі инфляциялық таргеттеуді енгізген кезден бастап ең төменгі шек болып есептеледі, егер есіңізде болса, 2016 жылы біз депозиттегі долларландырылудың 70%-ға дейінгі (69,7% – 2016 жылдың қаңтары) шегіне жеткен едік», - деп еске алады Ұлттық банк төарағасы. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, осы жылдың ақпан-наурыз айларында базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімдер ұлттық валютаны қолдап қана қоймай, қазақстандықтардың жинақ қорын қорғауға да мүмкіндік берді.