Татами, турнир, жаттығу, ұпай. Олимпиада алдында дзюдошылар аталған төрттікті түгендеп жүр. Олар Токиода өткен Әлем чемпионатының арқасында уақыт белдеуін, дайындық ыңғайын бағамдап қайтты. Түрлі турнирде қарсылас аужайын біліп, тактика құрды. Төртжылдықты түйіндер додаға сақадай сай болу үшін жапон маманының кеңесіне жүгінді. 2020 жылы балуандар қандай бәсекеге қатысады? Олимпиадада қандай салмақ дәрежесінде бақ сынайды? Сауалымызға дзюдодан ұлттық құрама бапкері Айдын Смағұлов жауап берді. – 2019 жыл дзюдошылар үшін несімен есте қалды? Шәкірттеріңіз үшін қатты уайымдаған турнирді атай аласыз ба? – 2019 жылы спортшыларымыз жақсы көрсеткіш көрсетті. Азия чемпионатында 2,3-орын алдық. Әлем чемпионатында қола медаль алдық. Гранд-слэм, Гран-при турнирінде ойдағыдай өнер көрсеттік. Дегенмен әр турнир өзінше есте қалады. Чемпион болу үшін, жүлдеге ілігу үшін үлкен еңбек керек. Күні-түні жатпай-тұрмай спортшылармен жеке жұмыс жүргіземіз. Әрине, басты мақсат –нәтиже. Кез келген жарыста шәкірт үшін тақым қысып, асығының алшысынан түсуін тілейміз. – Олимпиадаға жолдама алады-ау дегендердің арасында жаңа есімді кездестіре аламыз ба? – Жалпы, дзюдода жолдама алу үшін төрт жыл бойы ұпай жинайсың. Әзірге, қоржында жеті салмақ дәрежесінің алтауынан лицензия бар. 2020 жылы өтетін турнирде барымызды салып, олимпиадада жеті салмақта күресеміз деп ойлаймын. Дзюдода жаңа есімді кіргізу қиын. Мәселен, 60 келі салмақта Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев 4 жыл бойы лицензия үшін жанталасып жүр. Оның арасында Рүстем Ибраев сияқты әлемнің күміс жүлдегері бар. Ол рейтингтік ұпай жинау үшін барын салады. Жаңа есім деп Мағжан Шамшиддинді атауға болады. Бауыржан Жауынтаев пен Дәурен Сүйкенов – қатарға жаңа қосылған жас өрен. Екеуі түрлі жарыста күресіп, ұпай жинап жүр. Бірақ бұл аз. Өйткені бір салмақтың өзінде 400-450 спортшыға дейін рейтингте тұрады. Соның ішінде олимпиадаға жолдама алу үшін үздік 18 спортшының қатарына енуіңіз керек. Үздік 18-ге кірмесең, олимпиадаға қатыса алмайсың. Сол себепті үлкен додада нәтиже көрсетіп жүрген балуандар жылдар бойы ұпайды тірнектеп жинайды. Ал жаңа есім бірден рейтинг көшіне ілесе алмайды. Дзюдоның ерекшелігі де – осы. – Сметовтен кейін осы деңгейді ұстап тұрады деп кімді атай аласыз. Биыл жыл жаңалығына айналар жас дзюдошы бар ма? – Мұндай спортшының болғанын біз де қалаймыз. Елдос Сметов – Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның үздігі. Жастар арасындағы Әлем чемпионы, Азия чемпионы. Ересектер арасында Азия мен Әлем чемпионы атанып, Азия ойындарының жеңімпазы болған. Әрі Рио Олимпиадасының күміс, соңғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанды былай қойғанда, Орталық Азияда мұндай нәтиже көрсеткен спортшы санаулы емес, біреу. Сондықтан Елдос Сметовтің жолын жалғап, тыңнан түрен салатын ұрпақ өссе, еліміздің беделді спортшысына айналары анық. – Білуімізше, дзюдошылар Олимпиадаға дейін тиісті ұпай еншілеп үлгеру қажет. 2020 жылы шәкірттеріңіз қандай турнирде бақ сынайды? – 2020 жылғы лицензиялық турнир Тель-Авивтен басталды. Аталған жарысқа рейтингте төменгі орында тұрған балуандарды апарамыз. Мүмкіндік беріп, ұпай еншілеуіне жағдай жасаймыз. Францияда өтетін Гранд-слэм турнирінде бірінші нөмірлі дзюдошыларымыз сынға түседі. Себебі бұл – жүйріктер бас қосатын таңдаулы сайыстардың бірі. Парижде өтетін жарысқа жоқ дегенде 100-ден астам мемлекет қатысады. Олимпиадалық рейтингке ілігу үшін 700-800-ден астам спортшы күреседі. Мароккодағы додаға негізгі құрамды, Дюссельдорфтағы Гран-при жарысына ұпайы аз спортшыларды жібереміз. Жолдама алуға ұпайы жетпей жатқан дзюдошылар Екатеринбургте күреседі. Түркия мен Бакуде өтетін турнирге қатысатындардың дені – жастар. Артынша Азия чемпионаты басталады. Азия чемпионаты Моңғолияда өтеді. Чемпионатқа барлық балуан барады. Осыдан кейін Masters-те спортшыларымыз бар күшін салып, ұпай жинауға ұмтылуы керек. Өйткені олимпиадаға іріктеу кезеңіне Masters турнирімен нүкте қоямыз. Катарда өтетін Masters-ке әр салмақ бойынша үздік 32 дзюдошы қатысады. Әлем чемпионатына тең келетін дода. Әлем чемпионатында жеңімпазға 2 000 ұпай берсе, Masters-те 1-орын алған спортшы 1 800 ұпай еншілейді. 25-30 мамыр аралығында дзюдо күресінің лицензиялық турнирі аяқталады. 30 мамырда олимпиадалық тізімге енген 18 қатысушының тізімі жарияланады. – Жалпы, спортта жаттығудан бөлек, мотивация маңызды рөл ойнайды. Осы ретте шәкірттеріңізді қалай жігерлендіресіз? Спортшылардың психологиялық дайындығы қалай? – Әр этап түрлі спорттық жаттығудан тұрады. 2-3 жыл қатарынан, ішкі және сыртқы жаттығу жиыны жоспарға сай өтеді. 4 жыл бойы басты сын, яғни олимпиадаға дайындалады. Арасында Азия мен Әлем чемпионаты, Гранд-слэм, Гран-при жарысы бар. Мотивацияның дені жүлделі орын алуға жетелейді. Спортшылардың психологиялық дайындығы өте жақсы. Елі мен жерін, Отанын сүйетін дзюдошыларымыз сенімді ақтағысы келеді. Әрі бар күшін салады. – Алдағы олимпиададан сіз күтер меже қандай? – Олимпиада кезінде әр бапкер ата-ана, жанкүйер жүлделі орын мен жеңіс күтеді. Кім болсын спортшының алтын алғанын қалайды. Бәріміз алтыннан үміттіміз. Алланың қалауымен жүлдеге ілігіп жатсақ, мұның өзі үлкен нәтиже деп ойлаймын. Бұйырғанын көреміз. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ