«AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында 19 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Комиссия мүшелері солтүстік өңірде жерге қатысты заңсыздық көп екенін, олардың дені шенеуніктердің қолымен жасалғанын анықтады. «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесімен белсенді айналысып келеді. Осы күнге дейін бұл комиссия Қазақстанның алты өңірін аралап, 140 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Жер аманаты» комиссиясы 18,9 мың гектар жердің халыққа қайтарылуына мұрындық болды. Соның ішінде 9,5 мың гектар – Ақжар ауданында, 4,2 мың гектар – Қызылжар ауданында, 2,5 мың гектар – Жамбыл ауданында, 1,9 мың гектар – Мамлют және 800 гектар – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда қайтарылды. Комиссия мүшелері Мамлют ауданындағы Белое ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Бұл ауылда бүгінде 600 шақты адам түтін түтетіп отыр. Белое ауылдық округінде 4000 гектардай жайылымдық жер бар. Бүгінде 1576 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған, 400- дей гектар жер қайтарылмақшы. Бұған қоса жергілікті «Тюркин и СО» ЖШС мен ауылдық әкімдік арасында меморандум жасалған. Соған сәйкес ауыл тұрғындары серіктестікке тиесілі 1800 гектар жерге өз малын тегін баға алады. Осы ауылда өз кәсібін дөңгелетіп отырған «Белое-Агро» ЖШС директоры Талғат Әлжанов жердің әр гектары мақсатты пайдаланылуы тиіс деген пікірде.
«Біздің шаруашылық 2005 жылдан бастап жұмыс істейді. Бізде 5 700 гектар егістік 3 мың гектар жайылымдық және шабындық жеріміз бар. Оның көбі – үлестік жерлер. Шаруашылықтан 484 адам үлестік жер алды, олардың әрқайсысында 6,6 гектар егістік және 5,6 гектар шабындық жері бар. Үлескерлеріміздің барлығы – Белое ауылының тұрғындары. Бұл – біздің ортақ жеріміз. Шаруашылық жерінің әр гектары пайдаланылып отыр. Барлық жерде осылай болуы керек деп санаймын. Бос жатқан жер болмауы тиіс», – деп өз ойымен бөлісті жергілікті кәсіпкер.Ауыл тұрғындары жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ризашылығын білдіріп, мұнда жер дауы жоқ екенін жеткізді. «ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ҚАТЫСЫ БАР» Ал партия филиалында өткен қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың барлығы – жер дауының оңтайлы шешімін таба алмай жүргендер. Олардың денінің үлестік жерлерін ірі шаруашылықтар кезінде түрлі қаржы институттарына кепілге қойып, кейін несиесін төлей алмағандықтан, жер банк меншігіне өтіп кеткен. Олардың арасында Айыртау, Ақжар, Жамбыл, Шал ақын аудандарының тұрғындары бар. Кейбіреуінің ісі сотта қаралып жатыр. Заң бойынша мұндай арыз-шағымдарға ешқандай басқа органдар мен лауазымды тұлғалар араласа алмайды. «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек атап өткеніндей, солтүстік қазақстандықтардың басты қиындығы – жер үлестеріне қатысты мәселелер.
«Сараптама көрсеткеніндей, Солтүстік Қазақстан облысында жерге қатысты былыққа батпаған бірде-бір аудан жоқ. Үлескерлердің кейбіреуі өз жерлерін қайтару мүмкін емес деп, қолын бір-ақ сілтеп, қалаға, не басқа жақтарға көшіп кеткен. Көбі сотта жеңілгеннен кейін бізге жүгінуде. Біразы ЖШС тарапынан қысым көріп отырмыз деп есептейді. Біздің мақсатымыз – біреудің жерін тартып алып, бас қаға беру емес. Міндет – жер қатынастарында заңдылық пен әділдік орнату», – деп түсіндірді Бақытжан Базарбек.Заңгер атап өткеніндей, өңірдегі жерге қатысты заңсыздықтардың көбіне шенеуніктердің де қатысы бар. ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ ҚАЖЕТ Көп жағдайда заңға өзгеріс енгізу қажеттілігі сөз болды. Комиссия мүшелерін қабылдаған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов та заңға өзгеріс енгізу туралы нақты ұсыныстарын білдірді. Қабылдауға келген жергілікті ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары да осы тұрғыда өз ойларын білдірді. Комиссия мүшелері атап өткендей, олар заңнаманы жетілдіруге мұрындық бола алады. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 7,3 млн гектар жер бар. Жыл басынан бері пайдаланылмай жатқан 77,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 11 мың гектар жерді қайтару үшін сотқа жүгіну қажет болса, 66,5 мың гектар бойынша келісімшарт бұзылған. Қазір жалпы аумағы 16,4 мың гектар болатын 97 жер телімін қайтару үшін сотта талап-арыздар қаралып жатыр. «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері қоғамдық қабылдауға келген 40 шақты азаматтың әрқайсысын мұқият тыңдап, түсінік берді. Көтерілген мәселелердің барлығын «AMANAT» партиясының облыстық филиалы бақылауға алатын болды.