Партияның араласуымен шешілді
Партияның араласуымен шешілді
245
оқылды
Өскемен қаласының іргесінде қоныс тепкен 28-шағын аудандағы Абай атындағы №33 орта мектептің мәселесі «AMANAT» партиясының бақылауына алынды. Жарты жылдай жабық тұрған білім ордасының мәселесіне партия өкілдері араласты. Жаңа оқу жылында мектепте балаларды оқытуға байланысты ауыл тұрғындарымен өткен жиынға «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айгүл Байжанова қатысты.
 – Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптың балаларын бұрынғы мектепте, ал 5-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларды №33 мектепте оқытатын боламыз. Мектепте туындаған мәселеге байланысты күрделі жөндеу қыркүйек, қазан, қараша айларында жүргізіледі, – деді Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова.
Осы көктемде Өскемен маңындағы Шығыс ауылында орналасқан Абай атындағы №33 орта мектептің қабырғасы жарылып, құрылысы сыр берген болатын. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында салынған бұл ауылда бүгінгі күні 300-ден астам отбасы тұрады. 600 орынға арналған білім ордасы 2011 жылы толыққанды салынып бітіп, 1 қыркүйекте ел игілігіне берілген. Он жылдан кейін пайда болған жарықшақтарға тәуелсіз сарапшылар жіті тексеру жүргізген.
– Балаларымыз онлайн оқығалы білім сапасы төмендеді, сауатсыз болуға айналды. Мектепке барып оқыса дейміз. Партия өкілдері араласқаннан бері мәселе оңға басты. Бүгінгі жиында мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Ата-ана ретінде осы жұмыстар тездетіп аяқталып, балаларымыздың мектепке оралғанын қалаймыз, – деді ауыл тұрғыны Меруерт Халидолла.