«Мектеп формасын алып беруге шамамыз жетпейді» – тұрмысы төмен отбасылардың жанайқайы

«Мектеп формасын алып беруге шамамыз жетпейді» – тұрмысы төмен отбасылардың жанайқайы
Фото: Сюжеттен скриншот

Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мектеп формасын алу мәселесін көтерді.  Түркістан облысы Сарыағаш ауданында әл-ауқаты төмен отбасыларға жыл сайын тегін берілетін киім-кешектің биыл берілмейтініне ата-аналар ашуланды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.  

«Баланы мектепке дайындауға қалтамыз көтермейді» деп шенеуніктерге келгенімен, көпбалалы аналарды жауапсыз қайтарған. Мектеп мұғалімдері көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға биыл мектеп формасы берілмейді деп айтқан. Есесіне, ата-аналар әр балаға «осы киім үлгісімен киіну керек» деп шарт қойып, оның бағасына дейін жазылған прейскурант жіберген.

Сарыағаш ауданының тұрғыны Ғазиза Қожабердиева: «Мектепке бірыңғай форма кигізесің дейді. Біз береміз осы форманы, осы форманы аласың деп жатыр. Менің ондай алатын жағдайым жоқ, қайдан алам? Төрт балам мектепке барады. Киімді ала алмаймын. Әрқайсына есептесең, 50 мыңнан кетеді. Оқу жабдығына 400 мың ақша керек, мен оны қайдан аламын?», – дейді.

Ата-ана Ділнұр Кәрімбаева: «Биыл мынандай заң шығарыпты ғой. Мектепте дене шынықтыру сабағынан бөліп-бөліп қойған. 4-сыныптан 8-сыныпқа дейін. Қызыл түс кисін, сосын 8-сыныптан жоғарыға қарай тағы басқа түс кисін дейді. Біз форма алып бере алмай жатқанда, қызыл спорттық киімді қайдан тауып береміз? Тамағын тауып бере алмай жатқан ата-аналар бар арамызда. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз», – дейді.

Әйелдер айқайға басқан соң, аудан әкімі келуге мәжбүр болды. Айтуынша, биылға дейін мектеп формасымен қамтамасыз ету еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндеті болған. Ал енді бұл кімнің мойнына жүктелгені түсініксіз.

Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев: «Жаңа ғана мектеп формасы бойынша мен білім басқармасының басшысымен сөйлестім. Бүгінде бізде мектеп формасы жетім балалар, сосын қамқоршысыз қалған балаларға қарастырылған екен. Ол беріледі деп отыр. Сосын атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға қарастырылатын формаға байланысты тиісті ұсынысты біз мемлекетке жіберіп қойдық деп хабарлады өзі», – деді.

Биыл мұқтаж отбасындағы оқушыларға дайын мектеп формасы емес, ақшалай ата-ананың есепшотына түседі.

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.