Цифрландырудағы «цензуралы» статистика
Цифрландырудағы «цензуралы» статистика
Коллаж: Елдар Қаба
283
оқылды
Елімізде интернет жылдамдығы халықаралық стандартқа сай емес екені онсыз да белгілі. Сөйте тұра, саладағы жауаптылар халықтың ғаламтормен қамтылу деңгейін 99 пайыз деп көрсетеді. Алайда бұл дерекке күмән көп. Себебі қазір кей ауылдардың интернетке зәру болып отырғаны бір бөлек, қалалық жерде де ғаламтор сапасы нашарлап барады. Цифрландыру тек есеп үшін жүріп жатқан үдеріске айналып кетпеді ме? МИНИСТРЛІК ЖАЛҒАН ДЕРЕКТІ МЕҢЗЕДІ МЕ? Таяуда астанада «Цифрлық Қазақстанның» болашағын талқылауға арналған Towards a connected Kazakhstan атты іс-шара өтті. Шыны керек, жиынға халық аралық сарапшылар қатысқанына қарамастан, елдегі интернетті негізсіз асыра мақтау көп болды. Ресми статистика бойынша, Қазақстанның интернетпен қамтылуы жақсы деңгейде. 2020-2021 жылдардағы пандемия тұсында сапа жақсара түскен, 3G интернет желісі 100 пайыз бар, 4G интернет желісі – 97 пайыз шамасында. Енді қараңыз, пандемия кезінде оқушылар онлайн оқып жатқанда, ауыл балалары интернеттің жоқтығы кесірінен қалай бейнет көргеніне ел куә. Бірақ мұндай асыра мақтауға құрылған дерек кімдер үшін қажет болғаны белгілі. Іс-шараның басы-қасында Бағдат Мусин басқаратын Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері жүрді. Бас қосуға шет елден сарапшылар шақырылған. Біздің ойымызша, бұл – өткен айда нәтижесіз жұмысы үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс алған Бағдат Мусиннің пиарға негізделген қадамы. Жиындағылар «жақсы көрсеткіш оның сапасы да сондай жоғары деңгейде дегенді білдірмейді» деген ақтауға ұқсас сөздерді жиі айтқан. Құдды, біржақты пікірде кеткендерінің «ізін суыту» үшін айтылғандай. Негізі, алыс ауыл-аймақтардың жайы мен халықтың сапасыз интернетті қолданып отырғаны ашық сыналуы керек еді.   ИНТЕРНЕТ САПАСЫ ЖЫЛДАМДЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ Жиынға қатысқандар ішінен тек Халықаралық электр байланыс одағы ТМД аумақтық бөлімінің директоры Наталья Мочудың пікірі ақылға қонымды.
«Интернет сапасын арттыруға Қазақстанның әлеуеті бар. Дегенмен қолда бар мәліметтерді айта кетейін. Халықтың жартысынан аз бөлігі талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған нүктеден он километрден артық қашықтықта тұрады. Сондықтан оптиканы ірі, орта және тіпті шағын елді мекендерге міндетті түрде жеткізу керек деп есептейміз», – деген ол.
Оның ойынша, сапа дегеніміз интернет жылдамдығына байланысты. Егер секундына 10 мбитке дейінгіні айтсақ, онда негізінен толық қамтамасыз етілген. Ал 10 мбит/с-дан асатын жылдамдықты айтар болсақ, аумақта жаппай жақсы деңгей байқалмайды. Яғни, халықтың 50 пайызына жетпейтін бөлігі онымен қамтылмаған. Ал мектеп пен әлеуметтік нысандарға келсек, онда жаһандық көрсеткіш бойынша, 20 мбит/с және одан жоғары болуы керек. Бұл тұрғыда Қазақстанның деңгейі төмен. Келешекте қажетті деңгейге жетеді деп үміттенеді. Сол жиыннан кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жоғарыда келтірген дерегі үшін көптің сынына қалды. Ал вице-министр Асхат Оразбек интернетпен қамту көрсеткішін жолдармен салыстырыпты.
– Астанада барлық жолда асфальт төселген. Бірақ барлығы мінсіз бе? Бұл да сол секілді. Мен жалпы еліміз бойынша интернетпен қамту көрсеткіші 99 пайыз екенін айттым. Бірақ сапаға келгенде мәселе бар екенін жасырмаймын. Тіпті ауылдық жер емес, қалалық елді мекендерде де проблема бар. Сондықтан да биыл әкімшілік айыппұл көлемін ұлғайттық. Сонымен бірге шекті мәнді арттырдық, яғни 3G үшін тағы 1 мбит/с, 4G үшін тағы 5 мбит/с қостық, – деді ол.
Былтыр елімізде интернет сапасына қатысты байланыс операторларына 500-ден астам шағым түсіп, 135 млн теңге айыппұл өндірілген. Ал мамандар шағымның көптігіне қарамастан, байланыс операторлары жөнді жазаланбайтынын айтумен келеді. Негізі биыл интернет сапасы мен бағасына байланысты мәселе тіптен ушықты. Наурыз айында еліміздегі IT қауымдастық өкілдері бас қосты. Сонда жиналған тәуелсіз мамандардың жағдайға көңілі толмаған болатын. Оларды интернет трафигін Ресейден алатын байланыс операторларының жайы алаңдатқан. Өйткені терістіктегі көршіге санкциялар салынғаннан кейін интернеттің сапасы төмендеді. Оның үстіне, бізде интернет арқылы жұмыс істейтін ауқымды жобалар ресейлік серверлерге қосылған. Ол серверлердің бағасы құбылды. IT маман Әлібек Байсейіт бұл мәселенің күрделі екенін айтады.
 – Әуелде интернетке қатысты мәселе туатынын білдік. Еліміз трафиктің басым бөлігін көрші Ресейден алады. Мәселен, IT маман ретінде үлкен жобалар мен жұмыс істегенде ресейлік серверлерге қосыламын. Жалға алу есебінде әр ай сайын ақы төлеймін. Санкциялардан кейін маған хабарлама келді. Серверлерге қосылу құны 1,5 есеге өсті. Интернет сапасы да аздап төмендеді. Елімізде ресейлік серверлер арқылы жұмыс істейтін жобалар өте көп. Оларға да қиын соғады. Мұның бәрі айналып келіп ел экономикасына әсер етеді, – деді сарапшы.
Көктемнен бастап саладағылар биліктегілерден трафикті сатып алудың шұғыл басқа жолын іздестіруі қажет екенін хабарлаған. Ресейлік трафиктен бас тартып, өзге елдерге жүгінуге сұраған болатын. Алайда салаға жауапты ведомство өкілдері бұл мәселеге мүлде алаңдамайтын кейіп танытты.
«Барлығын қарап отырмыз. Қазақстанда интернетпен мәселе туындамауы керегін түсіндік. Еліміз тек Ресейден емес, басқа елдерден де трафик алады. Яғни, елде интернет өшпейді. Уайымдаудың қажеті жоқ», – деп сытылған еді Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.
Тағы бір мәселе – осы жағдайдан кейін шетелге кетуге ұмтылатындар артуы мүмкін. Себебі жалақысын АҚШ доллары мен алғысы келетін IT мамандар өте көп. Онысымен қоймай салаға жауапты ведомство қазір ресейлік IT мамандарға жағдай жасауға шындап кірісті. Мыңдаған ресейлік маманды қабылдап, жұмыспен қамтамасыз етті. Бұл саладағы жағдайды одан әрі күрделендіре түсетіні анық.   СЫННАН САБАҚ АЛА МА? Өткен айда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бағдат Мусиннің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, ескерту жасады. Оған дейін де ел сынына қалып жүрген министр міз бақпаған болатын. Мемлекет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жұмысына қанағаттанбайтынын айтқан еді.
«Үкімет ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баяндауға тиіс. Цифрландыру ісі баяу жүргізілуде. Менің ойымша, нашар. Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде ПремьерМинистр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министрге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңызға көңілім толмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сынға іліккен ведомство басшысы одан кейін өндіріп жұмыс істеп жатқанын байқамадық. «Зерде» холдингін жойып, ал холдинг құрамына кіретін «Инновациялық технологиялар паркі», Astana Hub және QazInnovations агенттігін бір ұйымға біріктіріп, министрліктің тікелей қол астына кіргізгенін өзіне үлкен іс санағандай. Оның айтуынша, мұндай істен 750 миллион теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделіп, көптеген басшыдан құтылып, жұмыста жауапкершілік артады. Бұдан кейін Бағдат Мусин басқалай ісімен көзге түсіп жүрген жоқ. Министрлік жұмысында ақсап жатқан тұстар жетерлік. Алдағы уақытта оларға жеке-жеке тоқталамыз.