Байланыс операторлары 200 ауылда интернет бар деп өтірік ақпарат берген
Байланыс операторлары 200 ауылда интернет бар деп өтірік ақпарат берген
Ұялы байланыс операторлары Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне 200 ауылда интернет бар екені туралы жалған ақпарат берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асрыдуың аралық нәтижесін талқылаған жиында ведомство басшысы Бағдат Мусин осындай мәлімет айтты.
«2019 жылы байланыстың сапасы 50 пайызға тексерілген болатын. Былтыр сол құраммен тағы 560 тексеру жүргізілді. Ұялы байланыс операторларына 2019 жылы 15 млн теңге айыппұл салынса, 2021 жылы айыппұл көлемі 140 млн теңге болды. Яғни, 10 есе өскен. Оның үстіне біз бақылау функцияларын күшейттік. Операторлардың қай ауылда байланыс жоқ екенін өздері айтып, мойындай бастады», - деді министр.
Айтуынша, кемшілікті мойындаушылардың кейбірі бұған дейін ведомствоға жалған мәлімет беріп үлгерген.
«2021 жылы 200 ауылда байланыс пен интернет бар деп ақпарат берген операторлар 2022 жылы интернет жоқ екенін мойындады. Өйткені олар біздің ауыл-ауылды аралап, қай жерде интернет сапасы төмен екенін анықтап жатқанымыздан қателікті өздері мойындап, жұмысты басынан бастау жеңілірек болатынын түсінді. «Қазақтелеком» ұлттық операторын тексерген кезде біздің қолымыздағы білімді ескеруді, тіпті кей тұста жұмысқа тартуларыңызды сұраймыз. Өйткені бұл квазимемлекеттік компаниялар, жеке нарық. Оған біз тікелей араласа алмаймыз», - деді Бағдат Мусин.